12Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

АЛАШ «АМАНАТЫН» АРҚАЛАҒАН АЗАМАТ

Сәрсенбі, 18 Қаңтар 2017 13:30

 

Берік Уәли дегенде "Аманат" клубы, "Аманат" дегенде Алашорда бірден тіліміздің ұшына оралады. Осыдан тура 9 жыл бұрын, 2008 жылдың күзінде Берік Уәли мен Ерлан Қариннің бастамасымен Астанада "Аманат" интеллектуалды пікірсайыс клубы құрылды. Сол клубтың тұсаукесер мәжілісі "Алаш құндылықтары және Қазақстанның елдік мүддесі" деген тақырыпқа арналды. Шынын айту керек, "Нұр Отанның жанынан ашылған клуб ә-дегеннен-ақ қоғамдық еркін ойдың көрігін қыздырған беделді, танымал, зерделі пікірсайыс алаңына айналды. Соның дәлелі шығар, аузы дуалы шешендер мен ұлт қайраткерлері Алматыдан Астанаға ағыла бастады. Ал, клуб аз ғана уақытта ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі ең маңызды, ең түйткілді мәселелерді батыл көтеріп, соны қоғамның ой талқысына шығарып отырды. Әрине, мұның бәрі - "Аманаттың" жетекшісі, пікірсайыстың тізгіншісі, журналистиканың жүйрігі - БЕРІК УӘЛИ-дің ерен еңбегінің жемісі. Бүгін Бекеңнің туған күні екен. Қазақта "Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың" деген сөз бар. Бекең отызында орда да бұзды, қырқында қамал да алды. Бекеңнің "Аманаты" биыл 9 жасқа толады. Ал еліміз Алашорда үкіметінің 100 жылдығын атап өтеді. Ендеше, осы үш атаулы дата кездейсоқтықтан қатар келіп отырған жоқ. Арасында бір байланыс бары анық.

 

«Алаш құндылықтары және жаңа Қазақстанның елдік мүддесі»

 

 

 

Сәрсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақ үйінде «Нұр Отан» ХДП-ның жанынан ашылған «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының тұсаукесері болды. Мұндай клубты ашудағы мақсат – еліміздегі ең өзекті деген мәселелерді қоғам және мемлекет қайраткерлерімен бірлесіп дөңгелек үстел басында ашық талқылау, пікірсайысқа биліктің атынан келген өкілге елдің аманатын жеткізу. Ең бастысы, қазақтілді аудиторияны қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерге араластыру арқылы саяси белсенділігін арттыру, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға итермелеу және ұлттық сананы оятуға күш салу. Шынын айтсақ, «Аманат» сияқты клубтар қазақ тілінде жоқтың қасы. Орыстілді ортада «Айтпарк», «Политон» сияқты клубтар бар, олардың форматтары да бөлек. Ал, «Аманаттың» форматы мынадай: әуелі жүргізуші мәжіліске таңдап алынған тақырыпты терең зерттеген адамға сөз береді. Одан кейін тақырып ашық талқыланады. Соңынан пікірсайыстың қорытындысы осы жиынға қатысқан билік өкіліне табыс етіледі. Әрі сол мәселенің қаншалықты шешілгені не шешілмегені клубтың бақылауында болады.

 

                                                                                                                                 

 


«Аманаттың» алғашқы мәжілісі «Алаш құндылықтары және жаңа Қазақстанның елдік мүддесі» деген тақырыпқа арналды. Пікірсайысқа қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал ете алатын дуалы ауыздар, атап айтқанда алаштанушы ғалым, ЕҰУ-нің «Алаш» мәдениеті және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, «Нұр Отан» ХДП-ның хатшысы Ерлан Қарин, Ұлттық ғылым академиясының академигі Жабайхан Әбділдин, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, «Отырар» кітапханасының директоры, жазушы Тұрсын Жұртбай, ақын, қоғам қайраткері Серік Тұрғынбекұлы, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов, ЕҰУ-нің оқытушысы Зиябек Қабылдинов, сенатор Ғарифолла Есім, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков және тағы басқалар қатысты. Мәжілісті «Хабар» телеарнасындағы «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Берік Уәли жүргізді.

 

Берік Уәли: Биыл Алаш қозғалысының 90 жылдығы аталып өтіп жатса да ел ішінде «Неге өз деңгейінде өтпеді»», «Алаш қайраткерлеріне ескерткіш орнату мәселесі неге шешілмей жатыр?» деген мәселелер жиі көтеріліп жүр. Яғни, қазақ қоғамында бұл мәселеге деген көңіл толмаушылық бар екені айқын сезіледі. Ендеше, осыған «Неге бұлай?» деп жауап іздемек ойымыз бар. Алғашқы сөзді алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлына берейік.

 

Дихан Қамзабекұлы: Қазір Алаш тарихы кеудесінде – жаны, бойында қаны бар кез-келген отандасымызды ойландырады, толғандырады. Неге? Біріншіден, олар бүгінгі болмысымызды, қасиет-қадірімізді сол кезбен салыстырады. Екіншіден, сапалы жаңаруда ұлттың «алпыс екі тамырына» әсер беретін Алаш жолын қалайды. Біз әлеуметтанушы емеспіз, бірақ қарапайым байыпқа салсақ, байқайтынымыз: ұлт тарихын жақсы білетін 10 адамның 9-ы Алаш десе «ішкен асын жерге қояды». Бұған, әрине, қуанамыз. Үзілмеген үміт үшін, жалғасқан рухани-тағылымдық сабақтастық үшін!

Дәл бүгін Алаш бізге неге жақын және неге алыс? Мемлекетті маңызды істерге, шешімді қағидаттарға жұмылдыратын – саясат болса, біз содан Алаш тағылымын байқай алмай жүрміз. «Алаш тағылымы» деген не? Ол – иман мен тазалық, ой мен істе бірлік.

Елшіл барша ғалым айтып-жазып жатқандай, біздің бар салада отарсыздандыру үдерісі жүру керек еді. Алаш – осы жолдағы біздің әрі әліппемізге, әрі нұсқаулығымызға жарар темірқазық-тын. Қоғамның ең жанды, ең мәнді буыны мен тетігі – білім. Күнде сөз болып жүрген тазалық та, отарсыздандыру да, идеология да осы білімнен басталып, біліммен аяқталады. Өкінішке қарай, аталған салаға Алаш рухы, тәжірибесі, мұрасы жетпей тұр... Бүгінгі есін жиып, етегін жапқан азаматтардың бәрі кеңес кезеңінде туып, сол шақтың шындығымен суарылғандықтан, бірер мысал айтайық. 1920 жылы большевиктер өкіметі толық орнағанда, мынандай сұмдық жағдай байқалған: азық-түлікке, әлеуметтік мәселелерге байланысты ірілі-ұсақты жауапты орындардың бәрінде халықты бұрын сүліктей сорған адамдар отыра берген. Біз Қазақстанды айтып отырмыз! Жеке қауіпсіздігі үшін олардың басым көпшілігі коммунистік партия қатарына өтіп те алған. Осы жағдай 1921 жылы Қазақстанды алапат ашаршылыққа алып келген (бір қызығы аштық десе, біз 1932 жылғы қырғынды ғана айтамыз). Сонда әлгі қой терісін жамылғандар титықтаған қазақты сұраушысы, жоқтаушысы жоқтай қолдан қыруға себепші болған. Сенбесеңіздер, өжет, елшіл қайраткер Смағұл Садуақасұлының «Қостанай-Торғай» атты еңбегін оқып көріңіздер.

Осы тұста тағы да «қызық» жағдай қалыптасқан. Ұлт ахуалын көріп, шырылдаған Алаш қайраткерлері «аштарға жәрдем» (помгол) комиссияларына кіріп, қиналған өңірлерге сәл бақуаттау өңірдің малын апарып көмектесіп жүргенде, олардың үстінен «ішіп қойды, жеп қойды» деген арыздар түсірілген. Мысалы, 1926 жылы жазушы Ж.Аймауытұлы осы жағдаймен «істі» болған. Ол ашық сотта мықты дәлелдің арқасында ғана әупірімдеп аман қалған.

Көрдіңіздер ме қара суды қалай теріс ағызуға болатынын? 1921 жылы Смағұл Семейдегі отаршылдардың сарқыншағын тыйям дегенде, Орынборға бірден шақырылып, әуре-сарсаңға түскені тағы да бар... Біз мұны неге айтып отырмыз? Қазақтың ғасырлар бойы аңсап, күресіп қол жеткізген азаттық нәпақасын біреулердің жырым-жырым етуді көздегенін сезген соң айтып отырмыз. Қазақстанда Алаш жолы орнаса, біз әрбір шараны жүзеге асырмас бұрын «осыны Әлихан, Мұстафа, Ахметтер қалай жасар еді?» деп ойланар едік. Олар да құдайы көршілерімен санасқан, алайда толық теңсіздікке жетпеген ұлтының мүддесін жоғары қойған.

Енді аз-кем тарихқа үңілейік. Тарихи оқиғаларға параллель жүргізсек, 1917 жылдың оқиғаларын 1991 жылдың оқиғаларымен салыстыруға болады. Деректерді сөйлетейік:

1917 жыл, 22 сәуір – Закавказье Федеративтік республикасы жарияланды. 1917 жыл, 13 маусым – Украина халық республикасы жарияланды. 1917 жыл, 27 қараша – Қоқанда Түркістан автономиясы (мұхтарият) жарияланды.

1917 жыл, 29 қараша – Башқұрт автономиялық республикасы жарияланды.

1917 жыл, 18 желтоқсан – Белоруссия тәуелсіздігін жариялады.

1917 жыл, желтоқсан – Финляндия, Литва, Латвия тәуелсіздігін жариялады.

1918 жыл, ақпан – Эстония тәуелсіздігін жариялады.

1917 жыл, 13 желтоқсан – Орынборда Алаш Орда үкіметі жарияланды. Қазақ зиялылары осы күні Сырдария облысының съезінен (1918 жыл, 6-9 қаңтар) кейін Түркістан қазақтарымен қосылған біртұтас Алаш автономиясын жариялаймыз деп шешеді.

Жоғарыдағы хронологияны 1991 жылға түсіріңіз. Жүз пайыз болмаса да, реті мен үрдісі аумайды. Бағы да, соры да күрделі Башқұртстан амалсыз жер ортасында қалып кетті. Финнің айы сол кезде-ақ оңынан туған. Ұзағынан! Балтық бойы сол шақта да, фашизмнің алды-артында да тәкаппар күйінде қалған. Өздеріне пайдалы елдік тәкаппарлық! Эстонияның 1918-дің ақпанына қарай жылжуының объективті себебі бар. Қазақ сол жолы да, кейін де тәуелсіздігін соңыра жариялаған. Тәуекелсіздігі дей алмаймыз, ойланғаны һәм байыптағандығы. Абзалы, жарияланғаны! Мәселе оның мазмұнында ғой.

Дұрыс-ақ! Біз мұнымен не айтпақ болдық? Жаңа тәуелсіздігіміздің 16 жылында тақыр жерге шықпағанымызды қайта-қайта сезінуіміз қажет. Тарих деген, өткеннің сабағы деген – жай бір нәрсе емес, ол – тәжірибеміз бен білігіміз. Біреу ұмытып жатса, есіне салайық! Біреу әдейі бұрмаласа немесе қасақана білгісі келмесе «мырза, қай елде тұрып жатырсыз?!» дейік. Соңғы 10-15 жылдың ішінде Алаш мұрасы біршама жарияланды, халыққа жетті. Бірақ мұраны тану, бүгінгі өмірде қолдану, олардың тағылымын алу жағынан үнемі біржақтылыққа ұрынып келеміз. Мысалы, Алаш зиялыларына «жансыз портрет ретінде қарау» көзқарасы берік орныққан. Олардың мұрасын «кезеңдік дүние» есебінде бағалаудан арыла алмай жүрміз. Егер біз «Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Смағұл Садуақасұлы, Сұлтанбек Қожанұлы мұрасы ХХ ғасырдың басындағы шындықтың ғана ауқымын танытады, бүгінге жарамайды» десек, онда біз ол арыстарымызды, тіпті тарихтың өзін қажетсінбеген болып шығамыз. Ал егер олардың шығармаларындағы сол күннің мұнарасынан қарағанда да, бүгіннің биігінен шолғанда да ұлт тіршілігін ілгерілететін негіздерді байқасақ, мәселеге түпкілікті, әлеуетті күшпен оралуымыз қажет. Мұстафа Шоқай өз естеліктерінде Ақмешіттегі бір қайраткер туралы: “Ол исламға, мұсылман дініне имандай сенетін. Бүгінгі күнгі жасаған күнәларым ертең алдымнан шығады деп есептейтін” дейді. Мұстафа Шоқай осы арқылы бір жағынан, сол кезеңдегі адамдардың тазалығын айтса, екіншіден, ұрпаққа аманат жүктеп, жалпы адамдардың сөзі мен ісінің бір жерден шығуын міндеттеп отыр. Ал соны құлағына іліп жатқан қай шенеунік бар? Әлихан Бөкейхан: «Бәріміз бұл сұм дүнияға қонақ. Артыңда орынбасарың табылсын!» деп жазады.

Жалпы, Әлихан мен Мұстафалардың аңсаған тәуелсіздігі - біреудің есебінен, тарихи тұлғаларды мансұқтап жеткен немесе ағымдағы бір коньюктураға қызмет ететін тәуелсіздік емес, ол - ұлттың нақ өзіне қызмет ететін тәуелсіздік. Қазіргі кезде, өкінішке қарай, қайраткерлеріміз күнделікті өмірде, қызмет барысында Алаш зиялыларын ауызға алмайтын болды. Мысалы, Парламент депутаттарының сөзін сабақтаған кезде “Әлихан Бөкейхан былай деп айтқан еді, Мұстафа Шоқай бүй деген, Ахмет Байтұрсынұлының мынандай тұжырымдамасы бар, Халел Досмұхамедұлы бұл жөнінде төмендегідей ой айтқан...” дегенін естіген жоқпыз. Сонда бүгін өзін «қайраткер» санап жүргендер тарих мойындаған қайраткерді ауызға алмаса кім болғаны? Бұдан бір-ақ қорытынды шығады: мұндай сабаздар өз бетімен кітап оқымайды немесе ұлт тарихын мүлде білмейді. Осыдан соң халыққа, өзімізге қаратылып айтқан ауыр сұрақ алдымыздан шығады: саяси қайраткерлер арасындағы тарихи сабақтастық қайда қалды? Тарихтың түзігінен, қателігінен сабақ алу деген ұғым бар емес пе?

Алаш зиялыларының портретін іліп, кітаптарын сөреге тізіп қойып, сонымен шаруаны шектегеннен не ұтттық? Кітап ашылған жоқ. Портрет портрет күйінде тұр. Бұрынғы өткен бабаларымыздың суретшілер ойша кескіндеген көркем бейнесін тұсымызға іліп қойып жүрміз ғой. Алаш тұлғаларының портреттері де сол дерегі аз тұлғалардың бейнесіне ұқсап барады. Ал шындығында бұлар – отаршылдықпен, әділетсіздікпен бетпе-бет келіп күрескен, азат рух пен тазалық туралы ұшан-теңіз үлгі-өнеге, мұра қалдырған теңдессіз қабілет иелері, тіпті тәуелсіз мемлекет құру идеяларының авторлары емес пе! Олардың шығармаларындағы барлық дерлік ой-тұжырымдар бүгінгі күнмен берік сабақтасып жатыр. Мысалы, Смағұл Сәдуақасұлы жиырма жасында үлкен саясаттың биігіне көтерілді. Жастар одағын басқарды. Жиырма бес жасында оқу-ағарту комиссары (министр) болды. Оның сол кезде жазған еңбектерінде бүгінгі күннің талғамы мен талабына сай келетін көп нәрсе бар. Қазіргі білім реформасына, дін мәселесіне қатысты негізгі тұжырымдардың барлығы да сол тұста айтылған. Смағұл дінге байланысты былай дейді: “Орыстың поптары ертеңнен қара кешке дейін шоқынудан басқаны білмеді. Қазақтың молдалары бір жағынан дінді үйретсе, екінші жағынан балаларға хат танытуды үйретті (Соңғы жұмыс үшін орыстарда учитель дегендер болушы еді)”. Көрдіңіз бе, дінге деген көзқарастың қай бағытта өрістегенін? Жалпы, қазақтың арғы танымындағы “Аңқау елге - арамза молда” дегендегі молда — “учитель” ұғымындағы мұғалім деген сөз. Ел аңқау болса, оған көп тәлім-тәрбиесі жоқ, ниеті бұзық мұғалім сабақ үйретеді, сөйтіп қате бағытқа салады деген мағынада айтылып отыр. Осы Смағұл - ұлттың ары мен иммунитеті еді. Кремль функционері Ф.Голощекин Қазақстан басшылығына келіп, «кіші октябрь» экспериментін бастағанда көп қазақ атқамінерлері «Сіздік дұрыс!» деп құрдай жорғалап, табанын жалаған. Сонда бір С.Садуақасұлы тұтас қазақ арының кейпінде оған қарсы тұра алды. Оның елшіл жүрегі – арыстанның жүрегі еді демей-ақ қояйық, Кенесары жүрегінің бір бөлшегі еді. Айтпақшы, осы Смағұл 1922 жылы И.Сталиннің қабылдау бөлмесінде тұрып, бұл басшының қабылдауынан шыққан орынборлықтарды (қазағы да бар) көріп, кіру ниетінен бас тартқан. Досына жазған хатында Кене ханның рухтас ізбасары: «Жүрегінде титтей таза еті болса, қазақ ішкі кикілжіңі туралы бөтенге тіс жармауы керек» дейді. Әне, ұлтқа адалдықтың бір белгісі. Тағы бірде өздерінің түк бітіргеніне қарамай халықты орынсыз сынайтындарға қаратып: «Бұлар сол «жаман қазақтан» байқаусызда туып қалғандар ғой» деп жазады.

80-жылдардың соңына таман кеңес қоғамында «қайта құрудың» әсерімен әртүрлі бастамалар көтерілді. Тарихты қайта қарап, көп жамандықтан арылуымыз керек деген ыңғайдағы ой-пікірлер үстем тұрды. Кеңес дәуірінде екі саланың (мәдениет, сыртқы істер) министрі болған Мүсілім Базарбаев осы мәселені жиі айтатын. “Кеңес тұсында жазған көп кітаптарымдағы ойларды мен қазір сызып тастауға бармын. Қайтадан жазуым керек” дейтін. Өмірінің соңғы кезінде ол төрт-бес кітабын қайта жазды. Мүсекең арылу, айығу дейтін ұғымдарға қатты көңіл бөлді. Бұл шақта грузин киношебері Тенгиз Абуладзенің «Покояние» атты фильмі жұрт аузында жүретін. Ал бізде алғаш «Ф.Голощекин - Қазақстанды дамытқан қайраткер» деп мақала, 1986 жылғы Желтоқсандағы жастар ұстанымын «А.Байтұрсынов құйыршықтарының әсері» деп кітапша жазған үлкен лауазымды тарихшылар ләм-мим деместен «тәуелсіздік құрылысшыларына» айналып кете барды. Сонда дағдарған халық іштей тынып, Мәшһүр Жүсіпше: «Түзуліктің заманы оянды ма? Бұзылғандар әдетін қоя алды ма?..» деп жүрді.

Біз, бәріміз де, тәуелсіз жаңа қоғамға бір ыңғайда, бір ниетпен өттік деп айту қиын. Көптеген қайраткерлеріміз комсомолда, партияда қызмет істеді. Олардың біразы қазіргі тәуелсіз қоғамды құруға психологиялық жағынан да, моральдық жағынан да даяр емес еді. Бірақ бәрі де «бір кісідей» кірісіп кетті. Әрине, оларға мұндай жаңа қоғам құру үшін арнайы даярланып, басқа бір жерде жетіліп кел деп айту да қиын. Уақыт оны күтпейді. Әр азамат іштей соған даяр болып, жан-жүрегімен жаңа қоғамға қызмет етсе, қателіктерін мойындап, арыла білсе, тәуелсіздіктің негізгі қағидаттары, жақсы мен жаманды айыратын ұстанымы тезірек орнығар еді. Бірақ бүгінгі күннің іс-әрекетіне, мінез-құлқына қарап, кейде тәуелсіздіктің кірпішін түзу қалап жатырмыз ба, жоқ па – ойланып қаламыз. Обыр коррупция билік былай тұрсын, ақ парақтай болуға тиіс жас балалардың да жүрегін жаулап алған сыңайлы. Тәуелсіз әлеуметтанушылар жүргізген зерттеулерге сенсек, 14-16 жастағы мектеп оқушыларының 65 пайызы «бәрін ақшамен шешуге болады» деген көзқараста жүрген көрінеді. «Әділет» деген атқа ие сала әділетсіз болса, басқа салалардың атын да, затын да тексеріп жату артық шығар. Діннің айналасында да кіршіксіз тазалық болмай тұр. Мемлекеттің дінге қатысты анық, мүдделі ұстанымы болуы тиіс. Жастар арасындағы отаншылдық, белгілі бір саяси ұйымдарға кіру кеңес тұсының науқаншылдығындай қалыпқа түскені де ойлантады. Сонда қастерлі нәрселердің мансұқталғаны қалай? Алаш зиялылары мұндайға жол бермес еді. Бұл ретте амалсыз тарихтағы жас алашшылдар құрған «Жас азамат» ұйымының ісін еске аламыз. Бұл – патша тұсында жасырын қызмет жасаған «Бірлік» ұйымының жалғасы болатын. «Жас азамат» адал ағаларындай «ұлт ісі жолында өлсек – бір шұқырда, тірі болсақ бір төбеде табылармыз» дейді. Үлкен Алаш та, жас Алаш та ақжүректік деген ұғымды қатты қастерледі. Яғни, Отанға, ұлтқа шексіз берілді. Халықтың есебінен күн көру, білімсіз-ақ бедел һәм ақша табу дегенді білген жоқ. Қандай лауазым иеленсе де ағартушылық қызметін (миссия) қатар алып жүрді. Мысалы, сол кезде өзімен бірге кітапханасын көшіріп жүрген зиялылар туралы аңыздар айтылған. Ә.Бөкейхан сол шамада кітапханасының бір бөлігін «Бірлік» ұйымының жастарына сыйлаған. Ал қазір кейбір шенеуніктердің ұлттық мүддені қорғамақ түгіл, балаларын қазақ мектебіне де бермейтіндігі туралы баспасөз жиі жазады. Лауазымға қолы жеткен қазіргі қазақ азаматы бала-шағасына «бұйыртқан» материалдық игіліктерін көрсетуге әуес. Халық бәрін көріп отыр. Бұл да Алаш тұлғаларының өмірлік ұстанымына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын нәрсе.

Әрине, бүгінгі мемлекеттік қызметкерлердің арасында оқығаны мен тоқығаны, білімі мен білігі, адамшылығы мен жауапкершілігі байқалып тұратын азаматтар да бар. Бірақ, ұятымызға қарай, солардың қатары аз ба деп қаламыз. Бұрын (кеңес тұсында) баспасөзді оқып, мәдени-әдеби өмірді байыптай алатын шенеуніктер кездесетін. Қазір «керек кезде мақаланы тапсырыспен жазғызамыз» деген түсініктегі сабаздарға – «бәрі бидай» немесе бәрі ақша! Тазалығың да, салт-санаң да, ғылымың да, тарихың да – көк тиын. Әрине, өкінішті әрі қорқынышты! Қалай дегенде ел мен иманға күзетші зиялының саны «шешуші салмақтан» (критическая масса) төмен болмауы тиіс. Ұзын-сонар тарихымызды таразыға салып жіберсек, «шешуші салмақты» арттыратын – Алаш жолы болып шығады. Ендігі біздің бүкіл үмітіміз бен іс-әрекетіміз, әсіресе БАҚ-тың күші сол азшылықты көбейтуге, Алаш жолын насихаттауға бағытталғаны жөн.

 

Жабайхан Әбділдин: Қазақтың рухани тарихында Алаштың орыны ерекше. Алаш көсемдері: «Қазақ өз алдына автономия алса, жеке мемлекет болса ғана қазақ халқының барлық мүддесі шешіледі» деген жаңа идеяны алғаш рет айтты. Айтып ғана қоймай, бағдарлама жасап, соны іске асырды. Партия құрды, уақыты келгенде аз болса да мемлекетті қолына алды. Ұстап тұра алмады, әрине ол басқа мәселе. Осының өзі Алаштың тарихымыздағы керемет рөлін көрсетеді. Ең бастысы, ұлттық мәселені ұлттық мемлекет құрғанда шешуге болатынын бірінші болып айтқан да, жүзеге асырған да осы Алаш қайраткерлері еді.

 

Бекболат Тілеухан: Алаштың басы Дулатта жатыр. Сол Дулат бабамыз айтады:

«Аққан бұлақ сай-салаң,

Шытырман тоғай айналаң,

Көл қорыған қызғыштай

Сен десе салам байбалам

Жайлауыңды көргенде

Жадыраймын жайланам,

Мендей сені қызғанар

Бауырыңда өскен қай балаң!

Өксігіңді ойласам,

Ұйқы берем, қайғы алам!» деп шашын жұлып жылайды. Ал осы Дулаттан, Ахмет, Әлихандардан келе жатқан дәстүрді біз сақтай алдық па? Міне, олардың ісі бізге үлгі болуы тиіс. Дихан айтқандай, кітабы мен суретін қойып қойдық. Ал өмірден өткен Ахмет, Әлихан, Міржақыптардың суреті бізге ештеңе болмайды. Олардан қалған іс мұра болуы керек. Олардың күрескерлігі мұра болуы керек. Сол күрескерлікті мұра қылып, осы жолда өзімізді жанымайтын болсақ, елдігімізден оп-оңай айрылып қаламыз. Баяғыда соғысқа кеткен біреу: «Шегініп келеміз, немістер қуып келеді, бір-екі айда ауылда болып қалармыз» депті. Сол сияқты біз рухани жағынан шегініп келеміз. Ал осы тұста интеллигенция қайрат көрсетпесе, қапы қаламыз.

 

Берік Уәли: Айтыңыздаршы, Алаштың 90 жылдығы биыл өз деңгейінде аталып жатыр ма?

 

 

Тұрсын Жұртбай: Осы уақытқа дейін Алаштың тарихы қаншама зерттелді. Мәмбет Қойгелдиевтің 4 кітабы шықты. Алайда, «Алаш, Алаш» дегенмен осы «Алаштың идеясы деген не?», «Оларды қандай биік идея біріктірді?» деген мәселеге біздің тарихшыларымыз да, әлеуметтанушыларымыз да әлі толық тұжырымдама жасап берген жоқ. Өзім «Ұраным-Алаш» деген кітап жазып бітірдім. Сондағы білгенім, Алаштың идеясы 5 түрлі нәрсеге тоқталады. Біріншісі – жер. «Жерсіз Отан жоқ. Қашан қазақтың өзі өркениетке ілігіп, техниканың тілін меңгергенше, жерді жекеменшікке беруге болмайды». Бұл - Әлихан Бөкейхановтың сөзі. Біз бұл идеяны 2001-ге дейін ұстандық. Одан кейін қазақтың жері қазақтан басқаның бәріне меншіктеніп кетті. Сенбесеңіздер статистиканы қараңыздар: Қазақстандағы құнарлы жерлердің 70 пайызы өзге ұлттардың меншігінде. Оны қандай құжатпен жасағандарын бір Құдай білсін... Екінші идеясы – жердің асты-үстіндегі бір түйір тас осы Алаш мемлекетінің игілігіне жұмсалуы керек. Содан соң барып сыртқа шығаруға болады. Бұл идея да жүзеге асып жатқан жоқ. Бір ғана мысал. А. Машкевичтің қара металлургия саласындағы меншігі – 74 пайыз, «Қазатомөнеркәсіптің» 50 пайызы Жапонияға кетеді. Бұл – астыртын жүріп жатқан шаруалар. Яғни, жердің асты-үстіндегі байлық өз қолымызға тимей жатыр. Үшінші идеясы - Әлихан айтқандай, бір уыс жүн қазақ халқының үстіне тоқыма болып тоқылуы керек. Ал біз не өндіріп жатырмыз? Қазақстанда жасалған деген өнім бар ма? Мысалы, сүттің 90 пайызын Қырғызстан, Сингапур, Ресей елдерінен әкелеміз. Яғни, өзімізде өндірілген өнімнің игілігін көрмей отырмыз. Төртінші идеясы – тіл, дін үстемдігі. Бір ғана мысал. Біздің жаңа заңдарымыз мешітті рұқсат алу арқылы салу керек дейді. Менің ойымша, қазақ халқы мұсылмандықтан аяусыз тартып алатындай дәрежеге жеткен жоқ. Мәселен, 1891 жылы жүргізілген қазақ даласын иемдену мен игеру шоқындыру саясатының бір параграфы болатын. Қазір халықтар ассамблеясы құрылды. Осы ассамблеяда отарлау саясатының басты белгілері жинақталған. Заң оларға жер алуға, ұжымдасуға мүмкіндік беруде. Ал анау Алматы облысындағы ұйғырлардың ауылында қазақтар жүре алмай қалды. Ассамблеядағылар бір кезде «бөлініп кетеміз, автономия құрамыз» деп шығуы мүмкін ғой. Бесінші идея – дәстүрге негізделген заң мен тәуелсіз ғылым арқылы жапондар сияқты ұлттық, демократиялық мемлекет құру. Тәуелсіз ғылым деген не? Мысалы, біздің университеттердегі бағдарламаның бәрі Ресейдікі. 19-шы ғасыр әдебиеті екі жыл оқытылады. Әлі күнге Толстой, Пушкиндердің «алтын ғасырын» оқытып жүрміз. Ал біздің ұлыларымыз 30-40-шы жылдарда, оны екі-ақ ай оқытамыз. Сонда екі айда басқасын былай қойғанда М. Әуезовтің «Абай жолын» оқып шығу мүмкін емес. Ал дәстүрге негізделген заң деген не? Біздің заңдар қазақша қабылданады. Ал басқа елдердің заңдарын салыстырып көрелік. Түк айырмашылығы жоқ. Тек «Қазақстан» деген сөзді ғана алып тастасаң жетіп жатыр. Яғни, қазақтың өз мүддесін қорғайтын заң жоқ бізде. Қазақ қазақ жерінің иесі деген де заң жоқ. Міне, бір жыл болды, Алаштың бес идеясын айтумен келемін. Теледидар күнде қақсайды, газеттер қайталап беріп жатыр. Бірақ, нәтиже қандай? Біздегі партиялар қазақтың шаңырағына қондырылған партия сияқты. Өз мемлекетінің, тарихтағы партиялардың орынын білуі керек қой. Ойбай-ау, өш болса да, Алаштың 90 жылдығын қорытындылауға болады ғой. «Нұр Отан» тым болмаса бір мәслихат ұйымдастыруға неге құлық танытпады? Алаш қайраткерлері құрған, сол идеяда тұрған елде неге сол партияның ісін жалғастырушы деп қарамаймыз? Біздегі бес партияның үні неге шықпайды? Ерлан, осыны ескеріп, күшке ие болуларың керек. Өйткені, Бөкейханов десе – Назарбаевтың, Алаш десе – «Нұр Отанның» беделіне көлеңке түсетін сияқты сезінеміз.

 

                                                                                          


 

Ерлан Қарин: «Алаш мәселесін көтерейікші» деп клубтың алғашқы отырысына осы тақырыпты ұсынған мен едім. Неліктен бұл тақырыпты көтерейік дедім? Ондағы ойым – Алаш мәселесі ұлттың интеллектуалына, өмірдің және азаматтық пікірсайыстың күн тәртібіндегі тұрақты бір тақырыбына айналса дедім. Өз басым Алаштың 90 жылдығының қалай тойланғанына емес, Алаш тақырыбы биыл қалай көтерілгеніне, оның ұлттық, интеллектуалдық өмірдің факторына айналғандығына көңілім толмады. Себебі, әкімшілікте жүргенде қолымызда бар билік, барлық тетіктер бола тұра 4 ай бойы қаулы қабылдата алмай жүрдік. Кейіннен, М. Құл-Мұхаммед ағамыз министрлікке келіп, сол кісінің көмегімен қабылданып кетті. Сол қаулының ішінде Астанада Алаш қайраткерлеріне ескерткіш орнату мәселесі бар еді. Былай қарағанда, мәселе ескерткіште де емес. Біздің тарапымыздан қабылданған шаралардың толыққанды, мәнді болуында.

Алаш мәселесі дегенде ең бір өзектісі – қазақ элитасында, билеуші топтың ішінде әлі де болса жалтақ мінезділік бар. Кеңес үкіметінің құлағанына 17 жыл, компартияның келмеске кеткеніне, Сталиндік дәуірдің өткеніне қаншама жыл өтсе де, біздің қоғамда әлі де қорқақтық, жалтақтық бар. Мысал айтайын. Ескерткіш қоятын болып, қаржы мәселесін де министрлікпен келісіп қойдық. Қаулы шықты. Бірақ билік басында отырған лауазымды тұлғалардың бірі бізге қарсы болып: «Ойбай, бұған қоғам әлі дайын емес» деп соқты. Мен: «Сіз нені айтып тұрсыз? Қалай қоғам дайын емес? Анау Балтық бойындағы елдерде «эс-эс-тіктердің» дивизиясында қызмет еткен легионерлерге, Украинада «бендеровшыларға» ескерткіш қойып жатыр. Ал Қазақстанда Алаш қайраткерлеріне неге ескерткіш орнатуға болмайды?» дедім. Әлгі шенеунік айтады: «Қоғам әлі дайын емес, ол кезең қарама-қайшылыққа толы кезең болды» деп. Міне, Алаш құндылықтарын осы тұрғыдан келіп талқылау керек деп ойлаймын.

 

Төлен Әбдік: Өзін-өзі билеген ел ғана дами алады. Ал тәуелсіздік – ең бірінші құндылық. Олай болса, осы тәуелсіздіктің артында – Алаш тұр. Өйткені, Алаш қайраткерлері осы азаттықтың жолында күресіп, құрбан болды. Одан артық биіктік жоқ. Біздің қоғамдық ойымыз ала-құла. Тарихқа да тәуелсіздік тұрғысынан қарай алмай жатырмыз. Бізге большевиктер де жақсы, алаштықтар да жақсы, Махамбет те жақсы, оны өлтіргендер де жақсы. Сөйтіп, жақсы мен жаманның ара-жігін айыра алмай жатырмыз. Қарап отырсақ, жәй халық былай тұрсын, елге танымал тұлғалардың өзі осы тәуелсіздігімізді мойындамайды. Сөйтіп, Кенесарыны «қарақшы», Мұстафаны «сатқын» деп жүргендер де көп.

«Комсомолдың 90 жылдығын тойлаймыз, Алаштың 90 жылдығы елеусіз қалды» дейміз. Бұл неден? Мұның бәрі тәуелсіздік алған кезден бері сананың отарсыздануы деген процестің жүрмеуінен. Ондай процесс Балтық жағалауындағы елдердің барлығында болды. Бізде сол баяғы ескі кеңестік сана, кеңестік дағды. Тәуелсіздік жылдарындағы біздің бір қателігіміз – сананың отарсыздануы деген бағдарламаның болмауы. «Қоғам дайын емес» деген адамның өзі дайын емес. Бұған билік басындағылар дайын емес. Осыны ашып айту керек. Қоғамдық пікір сол үшін керек. Қазір интеллигенцияға артылар жүк ауыр. БАҚ арқылы күнде-күнде осыларды қайталап айта беруіміз керек.

 

Ерлан Қарин: Өткенде «Айқын» газетінде «Жас Отанның» Астанадағы басшылары космолдың 90 жылдығын атап өткені туралы мақала шықты. Ол кезде әлі әкімшіліктемін. «Жас отанның» басшыларына хабарласып: «Сендерге шатасып не болды?» деп сұрадым. Мұны айтып отырғаным, арада 90 жыл өтсе де Алаш пен комсомолдың 90 жылдығы қатар келуі – тағдырдың тәлкегі ғой. Бір заманда алаштықтар мен большевиктер күресті, ал 90 жыл өтсе де елес сияқты күрес әлі жүріп жатыр. Ол кезде адамдар мылтықтың күшімен шешім қабылдап, айтарын айтып жүрді ғой. Ал бүгін ештеңе де жоқ. 90 жылдан соң олар тағы аренаға шығып, қоғамдық сананы екіге бөліп тұр. Онда да біреуі – жоқ комсомолдың 90 жылдығына мәз болып жүр, енді біреуі – шақырып жүрген Алаштың соңынан ере алмай әлі күнге шатасып жүр. Әрине, мұның себебі бар. Комсомолдың 90 жылдығын атау себебі, кеше партияда, комсомолда болғандардың көбі қазір элитаның құрамында. Олармен тіл табысу оңай. Бірақ, шын мәнісінде тәуелсіздік алғанымызға 17 жыл өтсе де, ұлттық таңдау әлі жасалған жоқ.

Алаш тақырыбын көтеру қажеттілігі неге керек? Ол қазақтың тұтастығы мәселесін көтеруге керек. Мысалы, Оралда, Жымпитыда, Қаратөбеде сиез өткізгенде соның басында 10-20 адам болған шығар. Жалпы Алаш қозғалысының басында 100-200-дей ғана адам болған шығар. Яғни, шағын ғана топ бүкіл қоғамды соңынан ерте білді. Сол кездің өзінде-ақ бүгінгі күннің идеологиясын қалыптастырып берді. Қазақтың тұтастығы Алаш мәселесінде айтылған. Бірақ біз бұл тақырыпты дұрыс көтермей жүрміз. Берік Әбдіғалиев айтып жүргендей, Қазақстанда орыс мәселесінен гөрі қазақ мәселесі өткір тұр. Бұған қатысты бірнеше тақырыптар бар: тіл, ауыл, жер. Соның бірі – Алаш тақырыбы. Мысалы, «Мұстафа Шоқай» фильмі жарыққа шықты. Ұнасын, ұнамасын, менің іштей наразы болғаным, бізде идеологияның жоқтығы. Ресейде адмирал Колчак туралы фильм шықты. Жуырда Мәскеуге барғанда бір таң қалғаным, фильмнің шыққанына бір-ақ ай болса да кітап дүкендерінде Колчак туралы 10 кітап, ақ армияның көсемдері туралы 20 кітап тұрғанын көрдім. Яғни, ресей қоғамы Колчак фильмі арқылы тағы бір пікірталас жасап жіберді. Орыстарға қандай мемлекеттілік керек? Ресейлік пе, орыстық па, орыс мемлекеті ме? Ал «Мұстафа Шоқай» фильмі Алашқа байланысты түсірілген жоқ қой. Яғни, Алаш тақырыбын көтеру арқылы ұлттық мемлекет құру мәселесін көтере алмадық. Бұл бізге бір себеп, бір сылтау болар еді. Яғни, бұл тақырыпты қазақ қоғамының ішіндегі көптеген даулы мәселелерді шығаруға түрткі болатын қосымша фактор ретінде де пайдалана алмадық.

 

Хангелді Әбжанов: Алаш қозғалысының басында зиялы қауым тұрды. Ал тәуелсіз Қазақстанды құрған да, тағдырын шешкен де – номенклатура. Ол номенклатура халықты оятамын деген жоқ, алдымен мемлекетті құрды. Одан кейін халықты оятуы керек еді, бірақ ол қолынан келмеді. Алаш тұсында: халық+билік болды, ал біздің тұсымызда: халық-билік болып тұрмыз. Бірінен бірі алыстап кетті. Билік өз сөзін айтады, өзінің күйін күйттейді. Халық өзінің өлмесін жасайды. Алаш зиялылары халық үшін қызмет етті. Олардың үкіметінің де атауына үңілейік: қазақ комитеті, халық кеңесі. Ал біздікі сенат, халықтар ассамблеясы деген сияқты бірдеңелер. Халықтан аулақ кеткенін атының өзі айтып тұр. Алаш зиялылары интеллектуалдық қарыммен жұмыс істеді, ал бүгінгі биліктегілер әкімшілік ресурспен жұмыс істеп жатыр. Менің пікірімше, қиын заманда халық өзінің тағдырын мықты көсемнің қолына тапсыруы керек. Ол заман өтті. Бізде барлығын бірақ адам шешеді. Қазақ «Аманатқа қиянат – қылмыстың ең үлкені» деген. Осы аманатты шын мағынасында атқара алмай жүрміз. Яғни, қылмыстың зорына барып жатқан да біз. Алаштың ел тұтастығы идеясын шындап жүзеге асыратын уақыт келді.

 

Серік Тұрғынбекұлы: Ол айтылмай жатқан жоқ. Бірақ... қазір біз Алаш деген сөзден шошитындай жағдайға жеттік. Алаш десек жау сияқты көретіндейміз. Өйтіп қорқа беретін болсақ, «Нұр Отан» демей, «Нұр Алаш» дейік. Сонда мүмкін Алаштың алдында «Нұр» тұрған соң көзқарас өзгерер. Бірақ «нұротандықтарға» Алаштың идеясы керек. Әйтпесе, осы кезге дейін жер, тіл деп зарлап-зарлап болдық. Ол айқайымызды ешкім естіген жоқ. Айқайлап бақтық. Менің ойымша, Алаш ардақтыларын құрметтейміз десек, олардың ұлт, тіл туралы айтқан қанатты сөздерін көшелерге жазып, іліп қоюмыз керек. Ол халыққа ерекше әсер етеді.

 

Ерлан Қарин: Бір таң қалатыным, қазақтарда бір пікірге тоқтау деген жоқ. Мысал келтірейін. Біз Ресей мен Грузияның арасындағы жанжалдан кейін қазақстандықтардың осы оқиғаға деген пікірін білмек болып мониторинг жасадық. Сондағы бір факті. Қазақстанда тұратын айталық, орыстардың, шешендердің, ұйғырлардың басым көпшілігі ішкі-сыртқы мәселе бойынша бір ұстанымда тұрады. «Грузия мен Ресей арасындағы жанжалға қалай қарайсыз?» деген сауалға орыстардың 90 пайызы осылай, шешендердің 90 пайызы осылай, ұйғырлардың 90 пайызы осылай ойлайды. Ал қазақтардың пікірін сұрасақ, 20 пайызы қолдайды, 20 пайызы қолдамайды, 20 пайызы бұл мәселені білмейді, 20 пайызы тағы басқа. Яғни, бір пікір жоқ, бытыраңқы. Құдай бетін ары қылсын, ертеңгі күні Қазақстанда сондай жағдай бола қалса, билеуші топ кімді тірек етеді? Бұл жерде бір ядро болуы керек. Қарап отырсақ, ондай ядро бізде жоқ. Мысалға, Украинада да, Грузияда да, Балтық бойындағы елдерде де белгілі бір дағдарыс жағдайында қоғамның 20-30 пайызы тұрақты түрде қолдайтын бір тобы бар. Ол көп жағдайда ұлттық, мемлекеттілік позициясын ұстанатын мемлекетті құраушы топ.

 

Зиябек Қабылдинов: 13 желтоқсан – Алаш үкіметінің құрылған күні. Ендеше, осы айтулы күнді «Алаш күні» деп атауымыз керек. Қазір мектеп оқушыларының 80 пайызы егемендік пен республика күнін айыра алмайды. Олай болса, неге 13 желтоқсанды Алаш күні деп атап, Алаш қайраткерлерін өзімізше құрметтемейміз?

 

Ерлан Қарин: Алаш идеясының негізгі ұғымдары бізде қалыптасты ма? 17 жыл бойы біз әрбір қадамымызды осы мақсатқа қарай өлшеп жасадық па? Бүгінгі күні Алаш мәселесін көтеру арқылы біз қоғамдағы әр адамның жеке басының маңыздылығын көрсете аламыз. Ол үшін зиялы қауымның арасында әрқашан пікір алмасу, ой бөлісу болып тұруы керек. Ендеше «Аманаттың» келесі мәжілісінде «Қазақстандық ұлт» деген тақырыпты талқылайтын боламыз.

 

Төлен ТІЛЕУБАЙ, «Жас қазақ» газеті. 2008 жыл. Астана.

 

2618 рет қаралды

Пікір жазу