20Қараша2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ ТАРИХЫ...

Жұма, 10 Қараша 2017 09:40

 

 

Жуықта 27 қазанда Назарбаев латын әліпбиіне көшу туралы жарлыққа қол қойды. Ақыры апостроф яғни, үтір таңдалды!  Қазақстан латын графикасына негізделген қазақ әліппиіне ресми түрде көшті. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі қаріптерін  кириллицадан латынға ауыстыру туралы  тарихи  жарлыққа  қол қойды.

Енді Үкімет жақын арада жаңа әліпбиді бекітуі тиіс. Ол үшін алдымен  ұлттық комиссия құрылады. Сөйтіп, 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен латын графикасына толық  көшіп болу керек. Президенттің көңілінен шыққан әліпбиде  9 әріп апострофпен  берілген.  Мәселен, «ә» дыбысын жазу үшін  «а»-ның жоғары жағына үтір қойылады. «О»-да  үтір болса, «ө» деп оқылады.  «U»-дің  жанына үтір қойылса, «Ү».  Сондай-ақ, қазақ тіліндегі қысқа «й» мен ұзақ «и» латынның  «і» әріпіне, «х» мен «һ» «н» әріпіне бірікті.  Ал Щ, Ц, Я, Ю, Э  мен жуан және жіңішкелік белгісі мүлдем жоқ.  Сонымен, 42  қаріптен 32-сі қалды. Ал Білім министрлігі  жаңа әліпбиді балаларға  түсіндіріп, үйрететін ұстаздарды  дайындауы тиіс. 

 

 


Елімізде біршама уақыт бойы өзекті мәселелердің бірі болып – қазақ тілі, дәлірек айтсақ қазақ әліпбиі мәселесі тұрды. Бұл мәселенің кеңінен талқылануына Елбасының «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деп 2012 жылдың  14 желтоқсанындағы  Жолдауында атап өтуі түрткі болды. Тарихымызда әліпбиімізбен бірге ұлтымыздың құндылықтары да тұңғиыққа кетіп, мәңгүрттенуге бет алған жайттер орын алғандықтан және сол мәңгүрттіктен бүгінгі күнге дейін арыла алмай келе жатқандықтан, осы мәселе төңірегінде түрлі пікірлердің қалыптасуының өзі заңдылық. Осы тұста кеңес өкіметінің әліпбиге қатысты  жүргізген құйтырқы саясатына қысқаша тоқталып өткенім жөн деп санаймын. 

 

 


20-ғасырдың басында ұлтымыздың алдыңғы қатарлы зиялы өкілдері халқымызды жаппай сауаттандыру мақсатында өзіміздің 10 ғасырдан бері жазба құралы болып келе жатқан араб әліпбиінің негізіндегі қазақ тілінің жазуын бір жолға қою жұмысын қолға алды. Оны жүзеге асырған еліміздің атақты зиялы өкілі А.Байтұрсынұлы еді. Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 1912 жылы Орынбор қаласынан «Қазақ әліпбиін» бастырып шығаруы, оның осы әліпбиі қазақ ұлтының жаппай сауаттануының бастауы болғандығының дәлелі еді.

Отарлау саясатын жан-жақты жүргізген кеңес өкіметі 1927 жылдан бастап мектептердегі оқуды, мемлекеттік іс жүргізуді латын тіліне көшіру туралы мәселені  алға тартты. Осылайша мыңжылдық бойы Қазақ ұлтының өзінің рухани құндылықтарымен дінін, салт-дәстүрін сақтап қалуда орасан зор қызмет атқарған жазу құралымыздың негізі болып келген араб әліппиі негізіндегі қазақ әліппиімізді жою үшін барынша күш жұмсалды.  Сол заманда қазақ аліпбиі мәселесін көтерген түрлі жиналыстар ұйымдастырылды. Дегенмен «Қазақ әліпбиінің» тамырына балта шапқан шешуші жиналыста Қазақ автономиялы республикасында латын емлесін енгізуге қарсы шығып, оның қай жағынан алғанда да ұтымсыз шешім болатынын жан-жақты дәлелдеген бір-ақ адам болды. Ол сол кездердің өзінде Орта Азия мен жақын шетелдерге танымал болған лингвист ғалым, ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынов болатын. 

 

 

Ахмет Байтұрсынұлы «Бастауыш мектеп» деген мақаласында: «Россия қоластында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бәрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, үкіметке онан ұнамды іс болмас», – деп сол замандағы сұрқия саясатты сипаттап өткен болатын. 

Алайда қанша қарсылық танытсақта 1934 жылы қазақтар үшін араб әліпбиіне тиым салынып, латын әліпбиімен жазуға алмастырылды. 5 жылдан соң,  яғни 1939 жылы қазақ әліпбиі латыннан кириллицаға алмастырылды.  Осылайша, кирилл қарпімен оқыту арқылы өзге дүниетанымды қазақ хылқының санасына сіңістіруді көздеген орыстандыру саясаты кең  етек жая бастады. Нәтижесінде орысша таза сөйлейтін, өз ана тілінде сөйлеуге намыстанатын ұрпақты да тәрбиеледік. Енді міне, қайтадан кириллден латын қарпіне ауысу үрдісін жүзеге асырудамыз. Әу баста зиялы қауым пікірі екіге бөлінді. Бірі көшуді жақтап,  «Латын қәрпі ұлтымызды құлдық психологиядан құтқарады», «Латын қәрпі компьютерге қолайлы», — деседі. Екіншілері «Ана тілін бүгінгі күнге дейін меңгермегендер бар, сондықтан қазақ халқы екіге бөлініп кетеді», «латынды қабылдағанда Еуропа елдерінің идеологиялық және психологиялық қыспағына түспейтіндігімізге кім кепіл болады?» дегенді алға тартады.

Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие екендігін және латын әліпбиіне көшу ақпараттық технологияларда қазақ тіліне кең жол ашылуына мүмкіндік беретіндігін ескерген жөн. Сондай-ақ, латынға көшу қазақ тілін білмейтіндерді оны тездетіп меңгеруге итермелейді. Себебі олар енді қазақ тілін меңгермесе өздерімен қоса балалары да қоғам талабына жауап бере алмайтын тұлға болып қалатындықтарын жақсы түсінеді. Қазіргі дамыған ақпараттық қоғамда Еуропа елдерінің идеологиялық қыспағына түсеміз деп сескену қажеті жоқ деп білемін. Себебі, заманауи қоғамда ақпаратты бір жақты емес, жан-жақтан алуға жағдай жасалған. Осының өзі адамдардың кез-келген саладағы ақпаратты ой елегінен өткізіп, талдап дұрыс пікір қалыптастырып, шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Осыған орай, жаңа қазақ әліпбиін меңгеруде Отандастарыма сәттілік тілеймін!

 


Әзірлеген Гүлназ Чалғынбаева
«Көлік және коммуникация колледжі» МКҚК 2-ші санат оқытушысы, тарих магистры

460 рет қаралды

Пікір жазу