13Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

НҰРЛАН ОРАЗАЛИН: АЩЫ ДА БОЛСА ШЫНДЫҚТЫ АЙТУ – ПАРЫЗ

Жұма, 10 Қараша 2017 11:00

 

Астанада «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру: Алаш және Азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық конференцияда Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин Алаш қозғалысының дәуіріне ерекше баға берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат»ХАА тілшісі. ҚР Жазушылар одағының төрағасы конференцияда «Ұлт зияларының игілікті істері» атты баяндама оқыды. «Осы күнді сағына күткен қазақ жұртының атынан ұлы мерекемен барлықтарыңызды құттықтауға рұқсат етіңіздер. ХХ ғасыр - өрті мен дерті, өксігі мен серті қатар өрбіген ғасыр. Бұл ғасырдың екі түрлі өркениет пен мәдениеттің өліара тұсында Ұлы Дала жұртын қандай қиындықтарға ұрындырғаны белгілі. Алашорда үкіметі, Алаш қозғалысы  деген айрықша атпен енген осы бір киелі де қасиетті ұғымдар төңірегінде халыққа есепсіз қызмет етуді үлгіледі. Алаштану дейтін тарих ғылымының пәні ретінде тарих аясынан шығып кетіп, дәуіртану, ғасыртану, ұлттану, ұрпақтану секілді кеңістіке айналды. Бұл ұлттың өзін-өзі тануға бет бұрғанының нысаны», - дейді қоғам қайраткері. Нұрлан Оразалин өз сөзінде «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, онда халық руханиятынан бастауымыз керек», деген Тұңғыш Президенттің сөзін келтіре кетті. «Рас, 1917-1920 жылға дейінгі аралықта қазақтың ұлттық рухы ауыр кезеңде болды. Қазақтарға өз мемлекетін құру үміті ояна бастаған кезде көш басына Алаш серкелері - Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және тағы басқа қайраткерлер шықты», -дейді ол. Нұрлан Оразалин Алаш қайраткерлерінің әрқайсысының еңбегіне ерекше тоқталды. «Ащы да болса, шындықты айту - парыз. Түрмеде жатып, Орталық комитетке ашық хат жазбағанда отызға жаңа толған жас жазушы, қазақ атын әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтің де сүйегі қай жерде, қай сайда қалары белгісіз еді. Атақты «Абай жолы» жазылмас еді. Президентіміз ұсынған Ұлттық мемлекет сөзінің баламасына айналған Ұлы Дала елі атты ондаған ғасырларды бауырына басқан қанатты ұғым бүгінгі таңда айналымға еркін еніп кетті. Ұлттық кодыңды сақтай біл деген сөзге баса назар аудару керек», - дейді Нұрлан Оразалин. Еске сала кетсек, бүгін Астанадағы ЭКСПО Конгре орталығында «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жылтолуына орай «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.

13439 рет қаралды
Осы категориядағы басқа материалдар: « ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ ТАРИХЫ...

Пікір жазу