"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОРАЛ-ТАСҚАЛА ЖОЛЫН КӨКТЕМДЕ СУ ШАЮ ҚАУПІ БАР

Бейсенбі, 11 Ақпан 2016 07:30

 

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қайтадан салынып жатқан Орал-Тасқала-РФ шекарасы күре жолының құрылысымен танысып, оның бойындағы барлық су өткізетін құбырлардың алынып тасталғанына алаңдаушылығын білдірді. «Барлық трубаны алып тастаудың қандай қажеттілігі болды. Барлығын қазып, сол күйінде тастап кетіпсіңдер. Көктемде айналма жолды су шайып кетеді. Шұңқырларға су толып, негізгі жолмен де жүргізбейді, сонда не істейсіңдер?! Әуелі бір құбырды қазып бітіріп, ауыстырып, сосын келесісіне кірісуге болмады ма?» - деді әкім мердігерлерге. Мердігер ұйым («Юнисерв» ЖШС) өкілдері қосымша мердігерлерге сілтеп, одан кейін құрылыс талаптарымен ақталғысы келді.

Өңір басшысы автокөліктер көп жүретін, халықаралық маңызы бар жол құрылысын барлық талаптарға сай жүргізумен бірге 22 ақпанға дейін барлық су өткізетін құбырларды бітеп, уақытша жол салуды тапсырды. Құрылыс көктемгі су жүргеннен кейін жалғасатын болады. Мұның орындалуын бақылау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиевке жүктелді. Еске сала кетейік, Орал-Тасқала-РФ шекарасы күре жолын қайта құру «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 2015 жылы басталып, 8 км жол күрделі жөнделген болатын. Биыл 35 км жол салынады. Аса маңызды жол құрылысы 2017 жылы мәреге жетпек.

413 рет қаралды

Пікір жазу