"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО ӘКІМІ: АУЫЛДА ДА ЖАЙЛЫ ӨМІР ҚАЛЫПТАСТЫРУЫМЫЗ ҚАЖЕТ...

Сәрсенбі, 17 Ақпан 2016 06:41

 

Оңтүстік Қазақстан облысының биылғы жылғы экономикалық жағдайы қандай болуы мүмкін? Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы күрес шаралары өңірде қалай іске асырылмақ, оның негізгі тетіктері қандай? ... Бұл сауалдардарға жауап ретінде қазір облыс басшылығы тарапынан нақты іс-шаралар қолға алынып, оны жүзеге асыру басталып та кетті. Аймақ әкімі Бейбіт Бәкірұлының бастамасы алдымен қарапайым халықтың, ауыл мен қала жұртының әлеуметтік хал-ахуалын жақсартуға бағытталып отыр...


  
                                                                             ӨҢІРДІ  ДАМЫТУ ЖОСПАРЫ ТАЛДАНУЫ ТИІС...

 

ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов мырза, өңірдің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің орындалу жоспарын бұрынғыдан өзгеше құруды– барлық жоспарды сараптама мен ұсыныстармен көрсетуді талап етті. Себебі, облыстың  2015 жылғы әлеуметтiк-экономикалық дамуы қорытындысы мен өткен жылғы бюджеттiң орындалу барысы туралы жиында, облыстық экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасы жұмысына көңiлi толмайтындығын айтты. Өңір басшысы, экономикалық көрсеткiштер бойынша нақты талдаулар жасалмаған, сараптамалар жүргiзiлмеген, ұсыныстар жоқ деген қорытынды жасады. Жалпы алғанда республикамыздың кей өңірлерімен салыстыра келе, өткен жылы облыстың өнеркәсiп, кәсiпкерлiк салаларында өсiмнiң болғандығы да айтылды. Алайда, экономикалық дағдарыс, ресей рубльінің құнсыздануы кері әсерін тигізді. Соның салдарынан Арыс, Түркiстан қалаларында, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби, Түлкiбас аудандарында негiзгi капиталға бағытталған инвестициялар көлемi азайып кеткен. Міне, осы кемшiлiктерге орай облыс әкiмi тиiстi шешiмдер қабылданатынын тағы да баса айтты. Облыстағы қордаланған мәселелерді кезең-кезеңмен шешуді тапсырған Бейбіт Бәкірұлы, ауыл шаруашылығын дамыту индустрияландыру саясатымен тең дәрежеде жүргiзiлуi тиiс деді. Сондай-ақ, биыл мақта егiстiгiнiң көлемiн арттыру жөнiнде тапсырма жүктедi.

– Халықтың негiзгi күнкөрiсi ауылда. Сондықтан қаламен бiрге ауылда да жайлы өмiр қалыптастыруымыз қажет. Бiз осы мәселенi алдымызға қойған басты жоспар ретiнде қарап, ешқашан назардан тыс қалдырмауымыз керек, – дедi облыс әкімі.
Бұдан бөлек, өңiр басшысы аудан, қала әкiмдерiне, тиiстi сала басшыларына бүкiл күш-жiгердi агроөнеркәсiп кешенiн дамыту, Оңтүстiктi туризмнiң орталығына айналдыру бағыттарына қарай бұру қажеттiгiн мықтап тапсырып және оны тікелей бақылауына алатынын қадап айтты. Бір сөзбен айтқанда, өңірді дамытуға бағытталған әр жоспар талдануы, дер кезінде сарапталуы және ұсыныстарға сай іске асырылып отыруы тиіс...


  
                                                                                     

                                                                             «100 НАҚТЫ ҚАДАМ»– ХАЛЫҚҚА БЕРІЛГЕН УӘДЕ!

 

 

Халық алдында «Партияның сайлауалды тұғырнамасындағы ең маңызды бағыттарының бiрi – «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт Жоспарының орындалуын, Ұлттық қордан бөлiнiп жатқан қаржының тиiмдi жұмсалуын қадағалау. Ал, тұғырнама – халыққа берiлген уәде. Сондықтан бiз билiк партиясы болғандықтан, халыққа берген уәденi, яғни елiмiзде жүргiзiлiп жатқан республикалық, өңiрлiк бағдарламалардың дұрыс әрi тиiмдi орындалуын қамтамасыз етуге тиiспiз» -деген еді облыс әкiмi, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының төрағасы Бейбiт Атамқұлов Шымкент қаласында өткен партияның өңiрлiк филиалының XXVI конференциясында. Әкімнің сөзін қорытсақ,«100 нақты қадам»- халыққа берілген уәде! Ендеше халық өздерін басқарып отырған лауазым иелерінен уәденің орындалуын талап етуге, ал, екінші тарап оны орындауға міндетті. Өңір басшысы сонымен қатар, ең алдымен Елбасының салиқалы саясатын, елiмiздiң ендiгi беталысын әрбiр азамат жете түсiнуi қажет. Ол үшiн өңiрдегi 322 бастауыш партия ұйымы жергiлiктi тұрғындармен етене жұмыс iстеуi тиiс. Қазiр арыз-шағымын арқалаған азаматтардың денi «Нұр Отаннан» сүйенiш iздейдi. Әдiлдiк iздеген жұрт қоғамдық қабылдауға жазылып жатады. Қабылдаудың осындай маңыздылығын ескерiп, ауқымын кеңейту қажет. Тағы бiр атап өтер жайт, облыс тұрғындарының басым көпшiлiгi ауылда тұратындықтан, аймақтарда партиялық жобалардың белсендiлiгiн арттыруымыз керек. Оның iшiнде «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасына басымдық беруiмiз қажет дегенді де ескерте кетті.

 

 

Ия, «100 нақты қадам» –  қарапайым халықтың өмірін жеңілдету қадамдары... Айталық, облыста 30-қадамға сәйкес, биыл қаңтар айында ҚР Iшкi iстер министрi Қ.Қасымовтың ұсынысымен, облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен, облыс әкiмiнiң өкiмiмен облыста жергiлiктi атқарушы органдарға және жергiлiктi қоғамдастыққа есеп беретiн жергілікті полиция қызметі құрылды. Ендi мұндай орган барлық аудан-қалаларда да құрылуы тиіс. Осыған орай, жергiлiктi мәслихаттарға басшы лауазымына лайық кадрлардың кандидатуралары ұсынылған. Мұндағы мақсат – халықтың тәртiп сақшыларына деген сенiмiн арттыру. Жергiлiктi полиция қызметiнiң басшылары жылына екi рет – өкiлдi органның, бiр рет халықтың алдында есеп бередi. Қазiргi таңда аталмыш органға iшкi iстер департаментiнен 2794 штаттық бiрлiк бөлінбекші. Қарапайым халық жағдайы осы іспеттес шаралар арқылы шешіле бермек... 

 

 


Облыс әкімінің өңірге басшы болып келгеніне де алты айдың жүзі болыпты. Өзін қарапайымдылығымен әрі іскерлігімен көрсетіп жатқан облыс басшысы алдымен халықтың жүрегінен орын алуды бірінші орынға қоятынын оның барлық ісі мен қадамдарынан аңғару қиын емес. «Бiздiң осындай лауазымды қызметте отырғанымыз – қарапайым халықтың арқасы. Сондықтан әрбiрiмiздiң мiндетiмiз бұқараны басқару ғана емес, керiсiнше оған қызмет ету екенiн ұмытпауға тиiспiз»- дейді Бейбіт Бәкірұлы. Оның көптеген жиындарда, мемлекеттік қызметкерлер мен шенеуніктерге:«Адам қандай лауазымға тағайындалса да, ол қызметiнде қандай жетiстiктерге жетсе де, өзiнiң адами келбетi мен қарапайымдылығын сақтап қалуы керек» дегенді жиі айтуы, халыққа жақын болу дегенді білдірсе керек...Сол себепті де облыс көлемінде бүгінде мемлекеттік қызмет сапасына аса мән берілуде. Облыс басшысы: «Мемлекеттiк қызметтiң сапасын жақсарту мақсатында облыста көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Ең алдымен облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың бiрыңғай конкурстық комиссиясын құрдық. Бұл комиссияның жұмысына тәуелсiз байқаушылар ретiнде қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатысты. Аталған комиссия облыс әкiмi аппараты мен облыстық басқармалардағы бос тұрған 28 лауазымды қызметке конкурс ұйымдастырып, үздiк деп танылған 20 азамат жұмысқа қабылданды. Екiншiден, атына лайықсыз iс-әрекетке жол берген мемлекеттiк қызметшiлерге тәртiптiк шара қолдануды бiр iзге түсiру үшiн бiрыңғай тәртiптiк комиссия да құрылды. Үшiншiден, облыс әкiмдiгiнiң аппаратында республикада алғашқы болып персоналды басқарудың бiрыңғай қызметi құрылды. Төртiншiден, мемлекеттiк қызметшiлердiң жаңа Әдеп Кодексi қабылданғаны белгiлi. Осыған орай, республика бойынша алғашқы болып Әдеп жөнiндегi уәкiл тағайындалды, – дедi. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалардың заң аясындағы қызметі айқын, ендігі мақсат тек халыққа адал қызмет ету ғана.

 

                                                                                     

                                                                               ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІК ПАЙДАЛАНЫЛСА...

 

Өңірді дамытудың бірден-бір тетігі – ол, инвестициялық мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалану. Демек, тиянақты түрде қолға алынатын шаруа да осы. Дәл осы мәселенің тамырын дөп басып отырған ОҚО әкімі десек жаңылмасымыз хақ. Себебі, аймақтың экономикалық әлеуеті мен климаттық қолайлығына қызығушылық танытушы инвесторларды тарту, оларға заң аясында қолдау жасау аса маңызды. «Мемлекет басшысы Үкiмет пен жергiлiктi басқару органдарына елдегi инвестициялық аxуалды жақсарту үшiн тың реформаларды қолға алуды жүктеген болатын. Осы мәселеге бiздiң өңiрде айрықша назар аударылып, таяуда Ұлттық компаниялармен 529 келiсiм жүргiзiлiп, 9,8 млрд. теңгенiң меморандумы түзiлдi. Бүгiнде облыстағы негiзгi инвестициялық капитал 323,3 млрд. теңгенi құрап отыр. Бұл қаржының үлкен бөлiгi шағын және орта бизнеске бағытталған. Нақтырақ айтсақ, 205,9 млрд. теңге шағын кәсiпорындарды дамытуға жұмсалады. Облыс көлемiнде шетел қаржысының қатысуымен құны 1,7 млрд. АҚШ долларын құрайтын 29 жоба iске асырылған. Сонымен қатар, шетелдiк инвесторларды аймағымызға тарту мақсатында жергiлiктi кәсiпкерлер Түркия, Қытай, Оңтүстiк Корея елдерiне жұмыс сапарымен барып қайтты. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, дами түсетiн болады» -дейді облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов. Ол жұмыстар өз нәтижесін беріп те жатыр...

 

 

Айталық, Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi мен Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнен келген инвестор Хасан Альшабанмен өткiзiлген кездесу барысында облыста қуатты күн электр стансасы салынатын болды. Шетелдiк инвестор ОҚО-ның инвестициялық мүмкiндiктерiнiң және әлеуетiнiң жоғары деңгейде екенiне тоқтала келе электр стансасының «ЭКСПО – 2017» көрмесi басталғанға дейiн iске қосылатынына сендiрдi. Айта кетерлiк жәйт, шетелдiк тарап 35 млрд. теңге көлемiнде инвестиция салуға мүдделi. Тұрақты жұмыс орнымен жергiлiктi 50 тұрғынды қамтамасыз етудi жоспарлаған көрінеді. Ал, Қазақстандық тарап жобаны жүзеге асыруға Бәйдiбек ауданынан 230 гектар жер телiмiн бөлiп отыр. Сонымен қатар, араб инвесторы ОҚО аумағында түйе шаруашылығын дамытуға да қызығушылық бiлдiрген.

 

 


Ал, жуықта ғана келіп кеткен Ирандық инвесторлар облыста ет комбинатын салмақ ниетте. Кездесуде тараптар Бәйдiбек ауданында жылдық қуаттылығы 5 мың тоннаны құрайтын iрi қараға арналған мал сою цехының құрылысын талқылады. Ет комбинаты болашақта еттi мұздатып, ауасыз қалташада шығаруды жоспарлап отыр. Жалпы құны 6 300 000 мың теңгенi құрайтын жобаны әзiрлеу мен жүзеге асыру жұмыстары 2016 жылдың қаңтар-қыркүйек айына жоспарланған. Айта кетейiк, құны 573 866 мың теңге болатын құрылғыларды инвесторлар отандық компаниядан сатып алмақшы. Нысанның құрылысы бiткен соң мұнда 196 жұмыс орны ашылады деп күтiлуде. Шығарылған өнiмдер Қазақстанның iшкi нарығында саудаланып, Иран мен Бiрiккен Араб Әмiрлiгiне экспортталатын болады. Сонымен қатар, тараптар жиын барысында ауыл шаруашылығы саласында өзара ынтымақтастыққа уағдаласты.
Осы іспеттес көптеген шетелдік инвесторлармен жасалып жатқан келісімдер облыстың инвестициялық ахуалын арттырып ғана қоймай, еліміздің экономикалық қарқынын одан көтеріп, халықтың әлеуметтік жағдайына оң серпін бере бермек... Барлығы да іскерліктен басталса керек...

 

ЖЕБЕ-АҚПАРАТ

542 рет қаралды

Пікір жазу