14Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДА ӘР АУДАН ӨЗ ӘЛЕУЕТІНЕ ҚАРАЙ ДАМИТЫН БОЛАДЫ

Жұма, 19 Ақпан 2016 04:33

 

 

Оңтүстік Қазақстан облысындағы әрбір аудан өзіндік әлеуетіне қарай дамитын болады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов тұрғындарға берген жылдық есебінде мәлімдеді, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен. «Бұдан былай өңіріміздегі әрбір аудан өзіндік басым бағыттары бойынша дамитын болады. Облыста ауыл шаруашылығы саласының потенциалы өте үлкен. Сондықтан, бұл салаға жаңа технологияларды енгізіп, келесі бесжылдықта бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады»,-деді аймақ басшысы. Яғни, ауылшаруашылық саласын реформалаудың негізгі бес бағыты жүзеге асырылатын болады. Бірінші бағыт - суармалы жерлердің жағдайын жақсартып, жаңадан суармалы жерлерді айналымға қосу.
Екінші бағыт - фермерлерге төмен пайызбен берілетін несиелердің көлемін арттыру. Үшінші бағыт -әрбір ауылдық округте кооператив құрып, онда Машино-тракторлық станциялар (МТС) ашу.
Төртінші бағыт - ауыл шаруашылық саласына ғылымның жетістіктерін көптеп енгізу. Яғни, әрбір ауданда сол ауданның ерекшеліктерін ескере отырып Кәсіпкерлік мектептерінің базасында Фермерлерге ғылыми консультациялық қызмет көрсететін орталықтар ашу. Бесінші бағыт бойынша - әрбір ауданның потенциалы мен климаттық ерекшеліктері зерттеліп, 2020 жылға дейінгі нақты индикаторлары бекітілді. Мәселен, таулы аудандарда интенсивті бау шаруашылығы қолға алынса, осы жылы Қазығұрт ауданында 1800 гектарға жаңғақ, 300 гектар жерге алма баулары жобасы іске аспақ. Сондай-ақ, Төлеби мен Түлкібас аудандарында 1200 гектарға алма отырғызу қолға алынып, бау және оны қайта өңдеу кластері құрылатын болады. Таулы аудандардың тағы бір басым бағыты - сүт кластерін дамыту. Ал, Мақтарал ауданында мақта шаруашылығын қайтадан қолға алу жоспарланып отыр. Ол үшін мақтаның егіс алаңы ұлғайтылып, өнімділігін арттыру бойынша арнайы бағдарлама қабылданатын болады. Бүгінде республика бойынша жылыжайлардың 46 пайызы - Сарыағашта. Сондықтан, Сарығаш - көкөнiс өндiретін нағыз «фабрикаға» айналуы тиіс. Ол үшін ең алдымен, дихандарға өнімін сыртқа шығару үшін жағдай жасалу керек. Бұл жұмыстарды жүйелеу аясында Сарыағаш ауданында Транспорттық-логистикалық орталықтар құру жоспарланып отыр»,- деді өңір басшысы. Сондай-ақ, әкім Шымкент пен Түркістанда Транспорттық-логистикалық орталықтары іске қосылатынын. Сырдың бойында 80 мың гектар жаңа суармалы жерлер айналымға қосылып, Шардара, Отырар аудандары және Арыс пен Түркістанда жүгері мен көкөністің жаңа алқаптары игерілетінін жеткізді. Ал Созақ, Бәйдібек аудандарында мал шаруашылығы дамыса, Түркістан индустриалдық аймағында шұбат зауыты салынбақ. Мұнан бөлек, Түркістан, Арыс, Отырар, Созақта түйе сүтін жинау пункттері ашылатын болады. Қой етін экспорттау бойынша жұмыстар қайта қолға алынып, қой етінің алғашқы партиясы Иран Республикасына жолданатын болады.

 

 

Сонымен қатар, халықпен есептік кездесуде Бейбіт Атамқұлов «Оңтүстік» логотипін таныстырды. Бұл Қазақстанның жетекші дизайнерлерінің бірі жасап шығарған облыстың жаңа визуалдық бренді, деп хабарлайды otyrar.kz. «ON» бренді - «оңтүстік» сөзінің басқы әріптері ғана емес, қазақ тілінен аударғанда «оң» сөзі «дұрыс», «тура» деген мағынаны білдіреді. Облыс әкімі жаңа логотиптің Оңтүстік Қазақстан облысының танымалдылығын арттыруға мүмкіндік беретінін, ал логотиптің аудармасы дұрыс шешімдер қабылданып отырғанын тағы бір дәлелдейтінін атап өтті. ОҚО-ның жаңа бренді туралы 2016 жылдың қаңтар айында сөз етілді, ол кезде Бейбіт Атамқұлов ОҚО-ның логотипі қандай болатынын түсіндірді. «Біздің брендіміз оңтүстік өлкені бейнелеуі тиіс. Бұл бренд бірде бір әлемдік брендке ұқсамауы керек. Біздің аймағымызға келіп, бренд тауарларды көрген қонақтар өздерінің Оңтүстік Қазақстанда жүргенін сезінуі тиіс. Оған қоса, логотип ең басты құндылықтарға ие болуы керек», - деді ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов. Брендтің авторы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Серік Бүксіков оның жұмысымен бірнеше ай айналысқан. Нәтижесінде негізінде облыстың көрікті жерлері, Ұлы Жібек жолы жүрегінің бейнесі, қызғалдақтар мен экотуризмнің шынайы отанының бейнесі енген бренд жасалды. Логотиптер бірнеше үлгіде берілді, оларды ОҚО-да шығарылған өнімдерде, киім-кешекте, жарнамалық мақсатта пайдалануға болады.

485 рет қаралды

Пікір жазу