15Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ШҚО –ДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР АШЫЛЫП ЖАТЫР

Сейсенбі, 23 Ақпан 2016 16:18

 

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Облыс орталығынан 500 шақырымда жатқан Ақжар ауылында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы ашылса, Ақсуат ауылында өнер мектебі мен спорт кешені жұртты қуанышқа бөледі. Ең бастысы, мұнда әлем елдерін дағдарыс алқымнан алып тұрған шақта бюджет қаражатын неқұрлым үнемді пайдалануға мән берілген. Ақсуаттағы жаңа спорт кешенінің құрылысы аяқталуын ауыл балалары асыға күтті. Мұнда спортшылардың жан-жақты жаттығулары үшін барлық жағдай қарастырылған. Қазір спорт мектебіндегі дзюдо, волейбол, қазақша күрес, бокс, футбол тоғызқұмалақ секцияларына 400-ден астам оқушы қатысады. Нысанды салуға облыстық бюджеттен 200 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Нұрсұлтан Кәрімханов, бокстан облыс чемпионы: - Мұнда іші кең, үлкен, жақсы. Боксқа қатысамыз деген інілеріміз де көп соңымыздан ерген. Болашақта Қазақстан туын әлемге желбірету – арманым! Ақжарлық 6 жастағы Марғұлан Жеңісбек үшін бүгін ерекше күн. Анасы екеуі ем алу үшін бұрын Астана, Алматы қалаларына сабылушы еді. Енді міне, ауылдан оңалту орталығы ашылып отыр. Динара Кәкімбекова, Ақжар ауылының тұрғыны: - Біздің диагнозымыз миға қан құйылып кеткен, инсульт алғанбыз. Сол жақ қолы істемейді, аяғы да. Ойлау қабілеті өте жақсы, барлығын түсінеді, айтқанның бәрін жаттап алады, ұғады. Тек жүрмей тұрғаны болмаса, барлығын жақсы қабылдаймыз. Оңалту бөлімінің арқасында аяғымыздан тік тұрып, жүріп кетеміз деген үміттеміз. Бұл – осы өңірде ашылып отырған екінші орталық. Алғашқысы Ақсуатта іске қосылған. Аудан бойынша барлығы мүмкіндігі шектеулі 28 балаға 8 түрлі әлеуметтік-медициналық қызмет түрі көрсетіледі. Лаура Сәрсенбаева, Тарбағатай аудандық оңалту орталығының директоры: - Ең бірінші балалар бір-бірімен қарым-қатынасқа түсіп, қарым-қатынас аясы кеңейіп, ата-аналардың 6 сағатқа қолдары босап, жұмысқа орналасып жатқандары да бар. Ақсуат ауылында тағы бір нысан «Өнер мектебі» салтанатты түрде ашылды. Мұнда бейнелеу, компьютерлік кескіндеме, мүсіндеу, қолөнер сияқты сыныптар жұмыс істейді. Ерекше атап өтерлігі, оңалту орталығы мен өнер мектебі «Асар» әдісімен іске қосылды. Ғимараттарды жөндеу ауыл азаматтарының күшімен жүзеге асқан, ал бюджет қаражаты тек құрал-жабдық сатып алып, мамандардың жалақысын төлеуге ғана жұмсалады. Соңғы 2 жылда Тарбағатай ауданында 12 ауылға жаңадан жол салынса, 21 көшеге асфальт төселген. Мұның барлығы мемлекет қаражатын үнемдеу мақсатында мердігерлердің көмегінсіз шаруашылық тәсілмен жүзеге асқан. Яғни мемлекеттің 535 миллион теңге қаражаты үнемделген. Биыл осындай әдіспен тағы 12 көшені асфальттау жоспарланып отыр.

443 рет қаралды

Пікір жазу