"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРГЕ ҚАЛАЙ ЖЕТІП ОТЫР ? ...

Сейсенбі, 23 Ақпан 2016 21:29

 

 

                                                                                            ЖОҒАРЫ КӨРСЕТКІШ СЫРЫ – ӘЛЕУЕТ ТЕТІГІН ТАБУДА

 

Оңтүстік Қазақстан облысы бүгінде республикамыздағы бірден-бір озық, әр қадамы алда келе жатқан аймақ екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Жылына бірнеше мәрте өңірге ат басын бұратын Елбасы Н. Назарбаевтың өзі де талай бастамаларға куә болып, ОҚО-ның экономикалық-әлеуметтік, мәдени, рухани, жалпы жан-жақты даму қадамдары мен мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп келеді... Ендеше облысты алдағы уақытта да биік тұғырлардан көре аламыз ба? .. Аймақ тізгінін 6 ай бұрын қолына алған облыс әкімі – Бейбіт Атамқұлов мырза, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге брифинг берді. Осы уақытқа дейін не атқарылды, не атқарылмақ? Бұл сауалдардың жауабын әкімнің өз аузынан естідік.

 

 

Алдымен, ОҚО басшысы 2015 жылы өңіріміздің экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстары туралы баяндады. Айта кетейік, облыстағы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы Елбасының халыққа арнаған Жолдауы аясында және Ұлт жоспары - 5 институционалды реформаны іске асырудың «100 нақты қадамындағы» міндеттердің шеңберінде жүзеге асуда. 2015 жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер бар. Мәселен, жалпы өңірлік өнім бойынша өткен жылы болжамды 2% өсімді құрады (республикадағы орта есеп 1,2 %). Сонымен қатар, былтыр өнеркәсіп саласында 668 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілсе, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 64,4 млрд. теңгеге артық. Бұл көрсеткіш бойынша Оңтүстік Қазақстан елімізде алғашқы бестікке кіреді. Өңірде «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы басталғалы құны 228,5 млрд. теңгені құрайтын 164 жоба іске қосылып, 14 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Іске қосылған жобалардың 94% жоспарланған қуаттылықтың 90-100%-на жетті. Сондай-ақ ол келтірген мәліметтер бойынша, индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында құны 869 млрд теңге болатын 115 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Оның негізінде 20 мың жұмыс орны ашылады деген үміт бар. «Осылардың арасындағы құны 35,2 млрд теңге болатын 22 жобаны биыл іске қосу көзделіп отыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде 1 мың 163 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар»,-дейді Б.Атамқұлов. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада алдыңғы қатарда.

 

 

Ел экономикасын тұрақтандырып, дамытудың тағы бір жолы – инвестиция тарту болып табылады. Өткен жылы облыс экономикасына 416 млрд. теңге инвестиция тартылған. Қазір аймақта шетелдік компаниялардың өкілдерімен бірлескен 42 жобаның іргетасы қаланды. 2015 жылы жалпы құны 32,3 млн АҚШ долларын құрайтын 4 жоба іске қосылды. Әкім келтірген деректер бойынша, инвестициялардың басым бөлігін (61,2 пайызын) шағын кәсіпорындар салған (254,8 млрд теңге). «Жалпы алғанда, әсіресе дағдарыстар кезінде экономиканың тұрақтылығы шағын және орта бизнестің есебінен қамтамасыз етілетіндігін тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан да, біз қазір  осы саланы дамытуға күш салып отырмыз. Бұл ретте біз облыстың әрбір қаласы мен әрбір ауданында индустриялды аймақтар құрмақпыз»,-деді облыс басшысы. Сонымен қатар, әкім осы уақытта өңірде 11 индустриялды аймақтың құрылып, 151 жобаның анықталғандығын атап өтті. Жобаға 163 млрд теңге инвестиция тартылып, 13 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Аймақтың тамырына қан жүгіртіп отырған мұндай тиімді инвестициялық жобалар мәселесін шешуге, облыс басшылығы тарапынан алдағы уақытта да басымдық берілетінін жоспарлардан айқын байқаймыз...

Алдыңғы шепке шыққан тағы бір көрсеткіш – тұрғын үй мәселесінің жүйелі түрде шешімін тауып жатқаны. Облыс басшысы Бейбіт Атамқұлов: «Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 445 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. «Бұл сала бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы өткен жылы рекорд орнатты»,-деді.  Ол келтірген деректер бойынша, 2015 жылы аймақта 445 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Тек Шымкент қаласы бойынша ғана «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында  4 мың 271 пәтері бар 74 тұрғын үй қолдануға берілді. «Биылғы жылы 115 тұрғын үйді беру жоспарда бар. Оның 35-і Шымкент қаласы бойынша беріледі»,-деді әкім.

Әлеуметтік мәселені шешу сапында – жұмыссыздықты азайту шаралары да қолға алынған. Елбасының тікелей тапсырмасы, соның ішінде еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыру мәселесіне де басымдық берілген. Әкім өз есебінде: «Жұмыспен қамту 2020- Жол Картасы» бағдарламасы бойынша облыста 58 000 адам еңбекпен қамтылған. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5 % төмендетіліпті, бұл республика көрсеткішінен төмен (республика 16 %) Биылғы жылы 63  000 мың адамды жұмыспен қамту көзделген»- деп атап өтті. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласы мен білім беру ісіндегі жоспарлармен де бөлісті. Айталық, облыста жиі көтеріліп жүрген 3 ауысымдық мектептер мәселесі келесі жылы толық шешілмек. Аймақта телемедицинаны дамыту да жалғасын табады.

 

 

 

Облыс басшысы өңірдің әлеуетіне сай, бар мүмкіндік пайдаланылып жатқанын, облыс экономикасының құрылымында аграрлық сектор елеулі үлесті алып отырғанын және халықтың жартысынан астамы ауылдық жерде тұратынын ескере келіп, саланың тиімділігін арттыру - өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторы болып табылатынын жеткізді. Ол: «Оңтүстік Қазақстан облысы - аграрлы аймақ. Бұл салада ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар көп. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы көлемі 345 миллиард теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға артты. Республикада мақта өнімі бойынша 100 пайыздық көрсеткішті оңтүстік аймақ беріп отыр. Ал, бақша өнімі бойынша 65 пайыз, жеміс-жидек 33, жүзім 60 пайыз біздің облысқа тиесілі. Жергілікті өнім облыс аумағындағы жеміс-көкөніске деген сұранысты толықтай қамтамасыз етіп отыр және республиканың елеулі бөлігіне де өнім шығарылуда», деп атап өтті.

 


                                                                                                                                                                                

 

«Сондай-ақ, әкім егін алқаптарын әртараптандырудың арқасында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі артып, суармалы жерлердің кеңейгенін жеткізді.  «Облыс бойынша 115 гектар жерге жылыжай салынып, жалпы жылыжайлар көлемі 1025 гектарға жетті. Жалпы республикадағы жылыжайдың 80 пайызы ОҚО еншісінде. Тіпті, өңірдің епті шаруалары болса, жасанды жарық орнатқан жылыжайларда банан, киви, лимон сияқты экзотикалық жемістер өсіріп жатыр. Оларға қолдау да бар. Айталық, «Ырыс» қоры арқылы 2-5 млн көлемінде несие береміз. Ол несие 7-8 пайыздық, сондай жеңілдік бар. Ол жеңілдетілген несие 5 жыл уақытқа беріледі. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 773 мың гектарға жетіп, 19,6 мың гектар суармалы жер жаңадан айналымға қосылды»,-  деді. Б.Атамқұловтың айтуынша, аймақтағы ауыл шаруашылығы саласы бес бағыт бойынша дамиды. Мәселен, бірінші бағыт бойынша әрбір ауданның әлеуеті мен климаттық ерекшеліктері зерттеліп, 2020 жылға дейінгі нақты индикаторлар бекітілсе, екінші бағытта фермерлерге төмен пайызбен берілетін несиелердің көлемін арттыру қарастырылған. Үшінші бағыт әрбір ауылдық округте арнайы кооперативтер құрылып, онда машина-тракторлық стансаларын ашуды көздесе, төртінші бағытта суармалы жерлердің жағдайын жақсартып, жаңадан суармалы жерлерді айналымға қосу қарастырылады. Ал, бесінші бағытта ауыл шаруашылығы саласында ғылымның жетістіктерін мейлінше енгізу қамтылған. Яғни, әрбір ауданда сол жердің ерекшеліктерін ескере отырып, Кәсіпкерлік мектептерінің базасында шаруаларға ғылыми-консультациялық қызмет көрсететін орталықтар ашылмақ. Аймақтың ауыл шаруашылығы саласындағы рекордтық көрсеткіштерін осындай кезеңге бөлінген міндеттемелерден де көреміз...

 

 


Республикамыздағы түйткілді деген мәселелердің бірегейі – жол мен ауыз су, газ тарту ісі екені белгілі. Елордада есеп берген облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов бұларды да айналып өткен жоқ. Оның мәлімдеуінше, Оңтүстік Қазақстанда облыстық маңызы бар 4400 шақырым жолдың 62%-ы көңіл көншітерлік жағдайда. Өткен жылы бас-аяғы 558 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аймақтағы ірі магистарль «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолының құрылысы да аяқталуға жақын. Ұзындығы 420 шақырымның енді 220-ысына асфальт төсеу ғана қалды. Қызылорда-Шымкент бағыты бойынша құрылыс толық аяқталған, ал Жамбыл облысымен байланыстыратын жол биыл толық пайдалануға беріледі. Шымкент-Ташкент тас жолының құрылысына тоқталсақ, қазіргі уақытта Қазығұрт асуына жол төселді. Бір бағыттағы қозалыс осы жылдың соңына дейін аяқталады. Сөйтіп, халық тасжолды толығымен келер жылы пайдалана бастайды дейді өңір басшысы.

Ал, 2020 жылға дейiн Оңтүстiк Қазақстан облысының шамамен 2 жарым миллион тұрғыны газбен қамтамасыз етiледi. Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральдiк желiсiне қосылады. Қазір тек облыс халқының тең жартысы ғана көгілдір отынмен қамтылған. Сонымен қатар шалғай елді мекендерге ауызсу, электр энергиясы жеткізу межесі де 2020 жылға жоспарланған. Бейбіт Бәкірұлы: «Қазiргi уақытта электр энергиясының шығынын азайту, оның сапасын жақсарту бойынша бiрқатар шара қабылданып жатыр. 2020 жылға дейін Шардара су электростанциясы мен жылу электростанциясының қуаттылығын 25%-ға арттыру үшін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргіземіз. Түркістан мен Бәйдібек ауданында баламалы энергия көзінің құрылысы жүргізіледі» деп мәлімдеді. Сөз жоқ, әрбір қол жеткізілген жоғары көрсеткіш сыры, оның әлеует тетігін таба білуге байланысты.

 

                                                                                 

                                                                                            ТҮРКІСТАНДЫ «ОРТАҒАСЫРЛЫҚ» КЕЛБЕТТЕ КӨРЕМІЗ...

 

                                                                                                                                                                                

 

Оңтүстік Қазақстанның экономикалық ғана емес, рухани-мәдени даму әлеуеті де жоғары,  оның тетігі табылып та отыр... Облыс басшылығында осы бағытта да тың жоспарлар бар көрінеді. «2016 жыл - ЮНЕСКО көлемінде Ахмет Яссауи жылы деп жарияланды. Алдымызда үлкен шара тұр. Бас жоспарға сәйкес, біраз өзгерістер енгіземіз. Қала аймақтарын абаттандырылып, ескі ғимараттардың орнына ортағасырлық үлгідегі жаңа ғимараттар салынады. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қарауында тұрған тарихи ескерткіш. Бұл мақсатта шетелмен қатар жеке инвестициялар да тартылып жатыр»- дейді Бейбіт Атамқұлов.  Сондай-ақ, «Бізде Сауран сазынан материалдар шығаратын кәсіпорын бар. Ол жерге туристер демалатын Керуен сарайы бой көтермек. Мәдениет орталықтары да көптеп салынады» -деп атып өтті. Сөйтіп, ЮНЕСКО көлемінде жарияланған Қожа Ахмет Яссауидің жылында ат басын бұратын қонақтарды Түркістан көне шаһар кейпінде қарсы алмақшы. Оның айтуынша, былтыр Оңтүстік Қазақстан облысына 1 миллион турист келген. Олардың дені өңірдің тарихи қалалары саналатын Отырар, Түркістан, Арыстанбаб қалаларына келетін көрінеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Сарыағаш» курортын халықаралық деңгейге шығаруды тапсырғанына тоқталған ол, бұл бағытта қазіргі уақытта тиісті жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті. Б.Атамқұлов облыстың бірегей табиғаты Төле би, Түлкібас, Қазығұрт аудандарында таулы демалыс орындарын дамытуға мүмкіндік ашатынына да тоқтала кетті.  «Жаздың жылы маусымының ұзаққа созылуы, судың жайлы да, жылы болуы және ауаның тазалығы Шардара су қоймасы жағалауында туризмді дамытуға қолайлы болып отыр»,-деді әкім. Мұнымен қоса, жыл басында өңірдегі туризм саласын дамыту үшін «Ontustik tourism Center» Туристік ақпараттық орталығы» құрылды.

 

                                                                                         

                                                                                                  ШЫМКЕНТ  «STARTUP»  ҚАЛАҒА АЙНАЛСА...

 

 

Бейбіт Атамқұлов Түркістанды келешекте ортағасырлық келбетте тамашалайтынымызды, ал, Шымкентті интеллектуалды орталық, (startup) стартаптар мен инновациялар қаласы ретінде көргісі келетінін айтты. «Шымкент қаласы төрт агломерациялардың бірі болып айқындалғаны белгілі (Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе). Осында өңірдің өнеркәсіптік және ғылыми әлеуеті шоғырланып, тиісті инфрақұрылым құрылады», - деді әкім.  Ол: «Қазіргі кезде жергілікті билік Шымкентті ірі қазіргі заманғы мегаполиске айналдыру бағытында жұмыс істеуде. Шымкент бизнеске қолайлы, тұрғындар үшін жайлы таза әрі қауіпсіз қалаға айналады. Қасындағы аудандар да облыс орталығына қарап бой түзейді. Бұл арманымызды іске асыру үшін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға назар аудардық. Қауіпсіздікті күшейтуге облыс қазынасынан 1 млрд бөлінді» деп мәлімдеді.

 

 


Шымкенттің интеллектуалдық әлеуеті ғана емес, тазалық мәселесі де алдағы уақыттарда оң шешілетін сияқты. Шымкент қаласының маңында пайдалануға берілген қоқыс іріктейтін зауыттың базасында күл-қоқыстан электр қуатын өндіретін станса салынады. Бұл жаңалықты журналистерге Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов жария етті. «Қазіргі уақытта Шымкент қаласының аумағы жылдам өсуде. Шымкент қаласына 40 елді мекен қосылды және 81 шағын аудан құрылған. Сондықтан 2014 жылы іске қосылған қоқыс өңдеу зауыты барлық қоқысты өңдеп үлгере алмай жатыр. Толыққанды қоқыс өңдейтін зауыт деп оны айтуға келмейді, оны қоқыс іріктейтін зауыт десе де болады. 2015 жылы аталмыш зауыт Шымкент қаласының коммуналдық шаруашылық меншігіне қайта берілді. Ол кәсіпорынның иесі болып табылатын инвестормен келіссөздер жүргізілуде. Инвестициялық жоспар бойынша, олар бұл іріктеу зауытын толыққанды өңдеу цикліне көшіру үшін, зауытты кеңейтуді көздеуде. Қазіргі уақытта әкімдік пен зауыт Гонконг пен Сингапур тәжірибелерін зерттеді, келешекте біз барлық қоқысты электр энергиясына айналдырып отыруды жоспарлаудамыз. Қоқыс өңдеу стансасы 50 МВт электр энергиясын шығаратын болады. Сонымен қатар қосымша жылу энергиясы да өндіріледі», - деп сендірді әкім.

 

                                                                                         

                                                                                                      ДИҚАНДАР ТЫҢАЙТҚЫШСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ...

 

 

 

Оңтүстік Қазақстандық шаруалар үшін жағымды жаңалық, осы аптадан бастап мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін арзандатылған тыңайтқыштар үлестіріле бастайды. Бұл туралы да облыс басшысы Бейбіт Бәкірұлы мәлім етті. Оның айтуынша, қазір қоймаларда тыңайтқыштардың 15 мың тоннасы сақтаулы тұр. Бірақ биылдан бастап субсидияға қол жеткізу үшін егілетін тұқымға басқа талаптар қойылып отыр екен.  «Бұрын субсидияны барлығы алатын. Ал, биылдан бастап минералды тыңайтқыштарды алу үшін диқандардың себетін тұқымы өзінікі болуы керек. Демек, репродукция жасауы шарт. Бастысы, тұқым сапалы болуы қажет. Әкімнің қаулысын Ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберіп қойдық. Тыңайтқыштарға берілетін субсидия көлемі алдағы уақытта белгілі болады» - деді облыс басшысы. Ол диқандардың тыңайтқышсыз қалмайтынын айтты. Ендеше әкім көктемгі шаруа жұмысы да тоқтамайтынын меңзеді.
Сөйтіп, ОҚО-ның диқан қауымын жағымды жаңалықпен қуантқан Бейбіт Атамқұлов брифингті аяқтай келе, журналистерді оңтүстікте наурыз мейрамы қалай тойланатынын көріп қайтуға шақырды. «Наурыз мейрамын 9 күн тойлау мәселесіне қалай қарайсыз ?» деген сауалға әкім: «Халықтың көңілі көл-көсір, оңтүстік жұрты «Жыл басы-Наурызды» бір апта бұрын ерте бастап, 1 ай бойы тойлайды. «Наурыз – тұтас түркі халқының ұлттық мейрамы. Оны тойлаудың да өзіндік үш күндік мерзімі бар. Дегенмен,. біраз іс-шара атқару жоспарда бар»,-деді. Әрине, ол жоспардың ішінде облыста соңғы жылы үрдіске айналған –9 күндік наурыз тойлау шаралары да қамтылады. Халықтың наурыз тойын ерекше мерекелейтінін әкім осылайша жеткізді.

 

ЖЕБЕ-АҚПАРАТ

1216 рет қаралды

Пікір жазу