11Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

МАҢҒЫСТАУДА ЖОЛ ЖАСАЙТЫН ШИКІЗАТ ӨНДІРІЛУДЕ

Сәрсенбі, 24 Ақпан 2016 13:53

 

 

Биыл «КаспийТасЖол» ЖШС өндіріс ауқымын кеңейте түспек. Зауыт ірі және ұсақ түйірлі асфальтбетоннан, қара қиыршықты тастан басқа ұсақталған асфальтбетон мен битумды эмульсия өндіретін болады. Айта кетейік, судың құрамында болатын дисперсия есебінен битум сұйық күйге айналады. Сондай-ақ, онша жабысқақ болмауының арқасында тас материалдарын құрғатпай және қыздырмай отырып, қайта өңдей алатын қабілетке ие болады. Эмульсия жол жасайтын материалдардың құрамына судың сіңуі және булануы кезінде ыдырайды. Кең көлемде пайдалануға болатын битумды эмульсияның технологиялық қасиеттері – жұмыс барысындағы тиімділігі мен жоғарғы қауіпсіздігі. Сонымен қатар, атмосфераға шығарылатын залалды заттар да айтарлықтай төмендейді. - Біз битумды эмульсия өндіруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта үш қызметкер арнайы оқу орындарында оқытылуда. Италиядан әкелінген жабдықтар да құрастырылып қойылды. Ұсақталған асфальтбетонды шығару үшін қосымша целлюлоза қоспасы қосылған агрегат алынды. Соның арқасында бір уақытта орнықты, су өткізбейтін әрі кедір-бұдыры жоқ асфальтбетонның түрлерін шығарамыз, - деді «КаспийТасЖол» ЖШС өндіріс орнының басшысы Асқар Елешов.

Асфальтбетон шығаратын «КаспийТасЖол» ЖШС зауыты 2014 жылы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағында іске қосылды. Осыдан екі жыл бұрын «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті дамыту және қолдау Бірыңғай бағдарламасының қатысушылары болып, пайыздық өлшемнің жартысын субсидиялау арқылы 14%-дың 7%-ын төлеп отыр. «Форте банк» арқылы берілген 160 млн.теңгеге заманауи жабдықтар алынды. Асқар Елешовтың айтуынша, зауыттың «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасуы, тапсырыс берушілер үшін өнімді төмен бағада сатып алуына мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта зауытта 14 адам еңбек етеді.

- Біз жаңа технология бойынша жұмыс жасаймыз. Зертханамыз шығарылатын өнімнің сапасы мен технологиялық процестердің экологиясын тексеріп отырады. Тұтынушыларымыз – Маңғыстау облысындағы компаниялар. Дайын өнімдерімізді облыстық маңызы бар жолдарға, атап айтсақ, Форт-Шевченко, Шетпе және Жетібай автожол құрылыстарына жібердік, - деп атап өтті «КаспийТасЖол» ЖШС өндіріс орнының басшысы Асқар Елешов. Қазіргі таңда асфальтбетон шығаратын заманауи кәсіпорын сағатына 160 тонна асфальт шығарады. 2015 жылы кәсіпорын 120 мың тонна асфальт шығарған болатын.

503 рет қаралды

Пікір жазу