"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

АРХИМЕД МҰХАМБЕТОВТЫҢ ОБЛЫС ХАЛҚЫНА БЕРГЕН ТҰЩЫМДЫ ЕСЕБІ

Бейсенбі, 25 Ақпан 2016 06:39

 

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов халық алдында есеп берді. Оның айтуынша, өңірде атқарылған ілкімді істер көп. Әлемді шарпыған қаржы дағдарысы Қазақ елін айналып өтпеді. Бірақ, мемлекет бұған төтеп бере алды. Мәселен, дағдарысқа қарсы бағдарламалардың арқасында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайында елеулі өзгерістер болған жоқ. Рас, тау-кен өндірісі азайды, өнеркәсіп өнімдерін өндіру деңгейі төмендеді. Мұның бәрі экономикаға елеулі әсер етері даусыз. Дегенмен, ахуал соншалықты ауыр емес. 

 

 

Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаны іске асыруға арналған Ұлт жоспарын  орындау кең көлемде жүргізіле бастады. Бұл ретте дағдарысқа қарсы шаралардың  бес бағыты көрсетілген Президенттің "Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму" Жолдауы нақты басшылыққа алынғанын жақсы білеміз. Есепті кезеңде  өңір экономикасы едәуір әлсіреді. Мәселен, тау-кен өндірісінің көлемі 30%-ке  қысқарды. Бұл шикізатқа сұраныстың кемуінен туындап отырған жағдай. Алайда, бұл қол қусырып отыратын уақыт емес. «Варваринское»  АҚ-да өндіріс көлемін тұрақтандыру үшін алдымен  теміржол желісін іске қосу болды, соның арқасында кәсіпорында біршама алыс қашықтықтардан жеткізілетін басқа компаниялардың шикізаттарын қайта өңдеу мүмкіндігі туды. Қайта өңдеу секторында өнім көлемі 9,9%-ға төмендеді, яғни, бұрынғы жылдармен салыстырғанда 227,6 млрд. теңгенің өнімі шығарылды.

 

 

Бұған көлік құрастыру және азық-түлік саласы өнімдерін өткізудегі ауыр жағдай әсер еткенін айту ләзім. Отандық көлік құрастыру жағдайын тұрақтандыру үшін 2015 жылы Ұлттық қор қаражатынан 15 млрд. теңге бөлінді. Соған қарамастан жеңіл көліктер  33,3%-ке, шағын автобустар шығару – 66,7%-ке кеміген. Азық-түлік өндірісінде де құлдырау байқалады. Бірақ, бұл да уақытша құбылыс. Құдайға шүкір, облыста азық-түліктің неше атасы өндіріледі. Гәп басқада. Шығарған өнім қоймадан аспаса, оның қажеті шамалы. Яғни, бұдан өндіруші кәсіпорын ғана зардап шегеді. Облыс әкімінің айтып отырғаны осы. Неғұрлым шағын және орта бизнес кеңістігін кеңейтсе, соғұрлым өндіріс өркендейді. Кәсіпкерлік аясы кеңейеді. Жұртқа жұмыс табылады. Салық молаяды. Өкінішке қарай, әзірге  бұл іс шатқаяқтап тұр. Сүт пен кілегей (32,4%), кондитерлік (29%) және шұжық (14,2%) өнімдері, сары май (14,8%) өндірісі кеміді. Тек, ұн (4,5%), нан (2,4%), ет және ет өнімдері өнімдері (1,7%) өндірісі ғана ұлғайтылды. Металлургия өнеркәсібінде 10%-ға өсім тіркелді, яки, 41,1 млрд. теңгенің өнімдері шығарылды. Индустрияландыру картасы аясында облыста бірқатар жобалар сәтті жүзеге асты. Солардың бірі- "ЕвразКаспианСталь" ЖШС металл илемдеу зауыты өткен жылы 276,3 мың тонна арматура шығарды. Бұл 2014 жылғымен салыстырғанда 3 есеге артық.    Алғашқы бесжылдықта облыста инвестицияның жалпы көлемі 116 млрд. теңгеге жетіп,  жаңадан 77 нысан  пайдалануға беріліпті. Осы кезге дейін  4,7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Қарап отырсаңыз, атқарылған шаруа аз емес.  Өңір экономикасын дамыту үшін қазіргі бар байланыстарды кеңейту және жаңа сыртқы экономикалық байланыс  орнату аса қажет іс. Жалпы алғанда, облыс әлемнің 70 елімен сыртқы экономикалық байланысты жүзеге асырады. Бұл өте қомақты көрсеткіш. -Өткен жылдың он бір  айында өңірдің сыртқы саудадағы тауар айналымы 1718 млн. АҚШ долларына жетті.  Соның ішінде экспорт 841,3 млн. АҚШ доллары,  импорт – 876,6. млн.теңге. Соңғы кездері Еуразиялық экономикалық одақ (52,6%) және Азия елдерімен (21,3%) неғұрлым тығыз өзара іс-қимыл дамып келеді.  Яғни, 2010 жылдан бастап шетелдермен  арадағы  айналым екі еседен асты. Қостанайдағы екі өндіріс ошағын жалғайтын теміржол тұйығын салуға, Рудныйдағы цемент зауытының инфрақұрылымын жаңғыртуға және Арқалықтағы құс фабрикасы үшін қосымша екі млрд.теңдедей қажет,-деді облыс әкімі.

Ауылшаруашылық саласында да оң өзгерістер жоқ емес. Мәселен, өткен жылы агроөнеркәсіпті қолдауға арлығы 18,4 млрд.теңге бөлініпті. Бұл 2014 жылғы төлемдерден 17,2%-ке  артық.  Оның үстіне науқандық жұмыстар кезінде  "Тобыл" ӘКК-нің  кепілдігі бойынша "Азық-түлік корпорациясы" ҰК" АҚ арқылы 6,5 млрд. теңге жеңілдетілген  несие  бөлініп, шаруаларға арзандатылған  148 мың тонна  дизель отыны жеткізілді.  Жалпы, барлық  шаралар тиісті агротехникалық іс-шараларды уақытылы және сапалы жүргізуге, бітік егін өсіріп оны ысырапсыз жинап алуға жағдай жасады.   Облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы  жан-жақты баяндама жасаған өңір басшысы жұртшылықтың көкейін тескен бірқатар сұрақтарға жауап берді. Халық көкейіндегісін ашық айтты. Әкім де ел алдында еш қысылған жоқ. Барынша әділ әрі нақты жауап қатты. Мәселен, бос жатқан жер телімдерін басқа бір заңды тұлғаларға жалға беру, елдімекендерді газдандыру, тұрғын үй құрылысы, жол сапасына қатысты өткір сұрақтарға тиісінше жауап берді. Әрине, бүгінгідей қысылтаяң кезде бәріне бірдей қаржы жете бермейді. Мәселе шаш-етектен, оны бір күнде шешу әсте мүмкін емес. Бірақ, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Әр іс кезең-кезеңімен жүзеге асады деді Архимед Мұхамбетов.   Ол екі жылдың бедерінде облыста сегіз елдімекен көгілдір отынмен қамтамасыз етілетіндігін мәлімдеді. Оған шамамен 11 млрд.теңге жұмсалмақ. Оның тоғыз миллиардын «ҚазТрансАймақ» бөледі, қалғаны облыстық бюджеттен қарастырылады. Газ құбыры алғашқы кезекте Федоров, Әулиекөл, Аманқарағай, Қашар елдімекендеріне тартылады.


Облыста тұрғын үй мәселесі де толыққанды шешілген жоқ. Бүгінде облыс бойынша пәтер кезегінде 23 мың адам тұрса, соның тек 11 мыңы облыс орталығынан үй алғысы келеді. Сондықтан, бұл мәселенің тиімді жолдарын қарастырған жөн. Архимед Мұхамбетов «Бәйтерек» ҰХБ»-мен арнайы Меморандумға қол қойды. Сол арқылы Әуежай ауданы маңайында жалпы аумағы  82,5 мың, шаршы метр болатын  тұрғын үйлер кешені салынабақ. ERG компаниясы да Лисаков, Рудный, Қашар поселкесіне бірнеше үй салып бермек. Алдағы уақытта мұндағы 300-ден астам отбасы қоныс тойын тойлауы ібден мүмкін. Ал, Жітіқара жылу компаниясы өз шығындарын жабу мақсатында облыс бюджетінен субсидияландыралатын болды. А.Мұхамбетовтың сөзінше, жітіқаралықтардың коммуналдық тарифі облыс бойынша ең жоғары, сондықтан кәсіпорын тығырыққа тірелген.


-Жітіқара бойынша  проблема аз емес. Кәсіпорын жыл сайын үлкен шығынға батады. Сондықтан биыл бір айдан кейін жергілікті қазынадан 50 млн.теңге дотация береміз,-деді Архимед Мұхамбетов. Әулиекөл ауданына қарасты Диев ауылының тұрғыны орталықпен екі арадағы тас жолдың қашан өнделетіндігін сұрады. Өйткені, көп жылдардан бері Диев ауылына апаратын тас жолдың жиырма бес шақырымы шұрық-тесік. Әбден мүжілген. Облыс басшысы бұған қатысты әуелі жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу үшін ақша қажеттігін алға тартты. Жалпы, облыс басшы алда тұрған міндеттерді де саралап көрсетті. Сөзінен түсінгеніміз, бір орында тұруға болмайды. Оған өңірдің әлеуеті толық жетеді. Иә, қордаланған мәселелер көп. Ол да бір күні шешімін табары сөзсіз. Ал, бүгін халыққа ең қажетті, маңызды шаруаны атқарған ләзім.  Облыс әкімінің кездесуінде жұртшылықтан жиырмадан астам сұрақ түсті. Көбісі келелі мәселелерді қаузады және соның бәріне толық жауап берілді. Екі сағатқа созылған есеп беру кездесінде жауап беріп үлгермеген сауалдарға әкім жазбаша түрде үн қататындығын ескертті.

 

 

Облыс әкімінің есебіне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Қазақстан Президенті әкімшілігің бас инспекторы Талғат Әдуов қатысты.


Айтпақшы, есеп беру кездесуінің үстінде облыс әкімі жаңа халықтық акцияның тұсауын кесті. Естеріңізде болса, А.Мұхамбетов облысқа әкім болып тағайындалғаннан кейін, туған жерді көркейту, гүлдендіру мақсатында жақсы бір бастама көтерген болатын. Соның сәті енді келгендей. Әкім «Көркейе бер, Қостанай» атты жалпыхалықтың акцияның басталғанын жариялады. Яғни, Тобыл-Торғай төсінде туып-өскен әр азамат өз елін, жерін түлетуге барынша ат салысуы тиіс.

 


Ақпарат http://www.kostanaytany.kz сайтынан алынды

603 рет қаралды

Пікір жазу