15Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ МӘСЕЛЕСІ ОБЛЫС БАСШЫСЫНЫҢ НАЗАРЫНДА

Жұма, 26 Ақпан 2016 07:39

 

Бір кездері өңірдегі қызылша өндірумен айналысқан 60-тан астам жұмысшыға Социалистік Еңбек ері атағын берген Жамбыл облысы  бағалы техникалық дақыл егуді қайта жаңғыртпақшы. Еске салсақ, өткен ғасырдың 30-шы жылдары Жамбыл облысында қызылша егу үшін 42 мың гектар алаң бөлінген, орташа өнімділік гектардан 300 центнерге дейін жеткен. Алайда КСРО құлағаннан кейін қызылша шаруашылығында көптеген дәстүрлер күшін жойды. Бүгінде облыста осы дәстүрді қайта жаңғыртып, бұрынғы өнімділікке қол жеткізіп,  қызылша шаруашылығын қалпына келтіру  қолға алынуда. 2015 жылы жамбылдық аграршылар 5,3 мың гектар қызылша екті, 2016 жылы оны 12 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Таяуда өткен өңір басшысы К. Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен әкімдік алқасының отырысында қызылша шаруашылығының проблемалары талқыланды.

«Бұл дақылдан түсетін пайда көп, - деп атап өтті облыс әкімі. - қызылша қызанақ, қияр сияқты тез бұзылмайды. Шаруашылықты дамыту халықты жұмыспен қамту - маңызды міндетін де шешеді. Қызылшаны көп ексек, сонша жұмыс күші болады. Тәтті дақылды жинауға тіпті мемлекеттік мекеме қызметкерлерін жұмылдырған кезең естеріңде болар». К. Көкірекбаев аудан әкімдеріне өңірде қант қызылшасының алаңын одан әрі кеңейтуді қолға алуын, Тараз, Мерке қант зауыттарын өзіміздің шикізатпен қамтамасыз етуді таптсырды. Биыл қызылша егу шаруашылығы үшін бюджеттен 420 млн теңге бөлінді, оның 220 млн. теңгесі тұқым сатып алуға, ал 200 млн. теңге  техника сатып алуға жұмсалады. Облыс әкімінің орынбасары А. Нұралиевтің айтуынша, биыл тәтті тұқым өсіру үрдісін  еккеннен жинағанға дейін арнайы комиссия бақылайтын болады. «Жұмыс жүргізілуде. Арнайы техника сатып алып жатырмыз. Қант зауыттарының сатып алу бағасы субсидиялануда», - деп атап өтті ол.

615 рет қаралды

Пікір жазу