"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО ӘКІМІ БАСҚАРМА БАСШЫЛАРЫНА СЕНІМ АРТТЫ

Сенбі, 27 Ақпан 2016 17:06

 

Осы аптада ОҚО әкімдігінде кадрлық тағайындаулар болды. 7 басқарма басшысы қызметтік өкілеттіліктеріне кірісті. Бұл кадрлық ауыс-түйістер уақыт еншісіндегі шара еді. Олай дейтініміз, өңір басшысы Б. Атамқұлов мырза кадр саясаты мәселесіне өте ыждағаттылықпен қарап, іскери көзқарас танытты. Талай рет Елбасының сынына ұшыраған «жаңа қызметке барғанда  жаңа команда жасақтау» әдетіне басқан жоқ. Бұл бір жағы Бейбіт мырзаның біршама дипломатиялық сатылардан өткен кәсіби маман екенін байқатса, бір жағынан қызметтік басқару ережесіне  аса ұқыптылықпен қарайтынын көрсетсе керек...  Сонымен облыс басшысы барлық тапсырма мен талапты алдыңғы кезектегі басқарма басшыларының алдына қойды.  

 

 

Естеріңізге салсақ, жыл басында  (15.01 2016 ж) өңір басшысы Б.Атамқұловтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 46-сессиясы өтті. Күн тәртібінде – ОҚО-ның 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы, «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» ОҚО мәслихатының шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ОҚО-ның басқару схемасы және «ОҚО бойынша тексеру комиссиясы» ММ жайлы ережені бекіту жайлы 4 мәселе қаралған болатын.  Сол  сессия барысында : «ОҚО-ны басқару схемасына бойынша облыстық әкімдікке қарасты 19 басқармадан кейбір міндеттер алынып, жаңадан қосылған 4 басқармаға жүктелетін болды. Яғни, облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасынан жастар саясаты бөлініп шығып, жеке дара басқарма ретінде жұмысын жалғастыратыны айқындалған еді. Бұрынғы басқармадағы тілдерді дамыту істері облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасына қосылды. Сонымен бірге, бұдан былай облыстық жер қатынастары және жердің падаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы ОҚО жер қатынастары басқармасы және ОҚО жер инспекциясы басқармасы ретінде жұмысты жалғастырмақ. Ал облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасының міндеттері өзгертіліп, ОҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы және ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы болып жеке жұмыс жасамақ»  деп мәлімделді. Облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы осы аптадағы басқарма басшыларының қайта тағайындалу себебін сол кезде қадап айтқан еді. Өңір басшысы мәлімдемесінде: «Жаңа басқару схемасы әкімдік жұмысын жетілдіруге көмектеседі. Өйткені, бірнеше міндетті мойнына алған басқармалар кейбір жұмыстар бойынша физикалық жағынан үлгере алмауы мүмкін. Мәселен, энергетика мен жол мәселесі үздіксіз жұмыс істеуді қажет ететін күрделі сала. Яғни, өңірдегі барлық ауылдарға баратын үлкен жолдар инвестиция тарту арқылы оны дамытуымыз қажет. Ал жастар саясатына келсек, облысымыз жастар саны жөнінен республикада көш бастайды. Олардың тәрбиесі, оқуы сынды мәселелер күн тәртібінен түспей бұл салада нақты жұмыстар жасалу керек. Дін саласының да жеке-дара жұмыс істеуі халқымыз үшін маңызды.  Азаматтардың сеніміне қатысты нәзік мәселеде кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек,  - деді.

 

 

Жалпы, кадрлық ауыс-түйістерге келгенде жыл басынан бері облыс басшысының орынбасары болып Ұласбек Сәдібекұлы тағайындалғаннан кейін ешқандай өзгеріс орын алған жоқ болатын. Сәдібекұлы да өңірге таңсық адам емес, керісінше есімі оңтүстікке етене белгілі біртуар азамат. Жылдар бойы облысқа маңдай терін төгіп, елдің қыр-сырын, айтар маңызды мәселесін бір кісідей біле алатын жан деуге болады.

 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов осы қызметке тағайындалғалы бері өңірде көптеген мәселелер оң шешімін тауып жатқанын атап өткен жөн. Бұл ең алдымен өңір басшысының кадр таңдауда, жауапты қызметке лайықты адамдарды тағайындауда дұрыс шешімдер қабылдауының жемісі деуге тұрарлық. Б.Атамқұлов мемлекеттік қызметте ең алдымен білімді, біліктілігі жоғары жастарға сенім артуымен ерекшеленді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асырылған «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша әлемдік деңгейдегі университеттерде тәлім алып, дамыған, өркениетті елдердің тәжірибесіне қаныққан қос азаматты – Нұрлан Кеңесов пен Әсет Байсыновты облыс әкімі аппараты басшысының орынбасарлары етіп тағайындауы осының айғағы болса керек. Әсет Байсынов сондай-ақ әдеп мәселелері жөніндегі уәкіл болып та тағайындалды.                                                                                                                                                            

Жауапты қызметке тағайындалған адамға терең білім және жастық жігермен қатар тәжірибе де ауадай қажет. Көп жылдар бойы белгілі бір салада еңбек етіп, жетістікке жеткен, сенімді ақтаған азаматтарды қолдап, қызмет сатысында жоғарылату арқылы да оң нәтижеге қол жеткізуге болады. Мұндай білікті мамандардың тәжірибесі саладағы түйіткілді мәселелерді шешу кезінде оң ықпал етері талассыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайсыбір жылдары орталықта отырған білікті де білімді кадрларды аймақтарға жіберіп, соның арқасында шалғайдағы аудан, қалаларды дамыту керектігі туралы айтқан болатын. Талай жылдан бері облыс әкімінің орынбасары болып шыңдалған Ерлан Айтахановтың Отырардың әкімі болып тағайындалуы аудан халқын қуанышқа бөледі. Себебі білікті басшы бұл аймақтың көркеюіне үлес қоспақ. Айта берсек, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

 

 

Сонымен, Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы лауазымына ҚУАНДЫҚ САЛЫҚБЕКҰЛЫ ҚҰЛАЖАНОВ тағайындалды. Қ.С.Құлажанов 1969 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы математика пәнінің мұғалімі, заңгер. Еңбек жолын Төлеби ауданы Абай ауылы орта мектебінің қарапайым мұғалімі болып бастаған. Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратында жауапты қызметтер атқарған,  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, тәртіптік кеңесі хатшылығының меңгерушісі болған. 2015 жылғы қазаннан бастап облыстық  білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарып келеді.

 

 

Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы лауазымына БОЛАТ СЕРІКҰЛЫ ЖАНӘБІЛ тағайындалды. Б.С. Жанәбіл 1982 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы қаржыгер, заңгер, мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры. Еңбек жолын қ арапайым қызметтерден бастаған Б.Жанәбіл Шымкент қаласы мәдениет, ішкі саясат, жастармен жұмыс бөлімдерінде еңбек еткен. Облыстық ішкі саясат басқармасында да жастар мәселесімен айналысқан. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жастар саясаты департаментінде өңірлік жастар саясатын үйлестіру басқармасының бас сарапшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары болған. 2015 жылғы қаңтардан бастап облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары  лауазымында жастар мәселесімен айналысып келеді. Аталмыш басқарма атқарған бірқатар іс-шаралар жұрттың көңілінен шыққаны белгілі. Айталық, білім, медицина ошақтарының «Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында мекеме маңындағы аллеялар мен бау-бақшаларды көбейту мақсатында ағаш көшеттерін егу жұмыстары. Және жыл соңына дейін 200 мыңнан аса көшет орнату жоспарлары. Сондай–ақ, Оңтүстік Қазақстанда жоғары оқу орнын бітірген жастардың 90 пайызға дейін жұмыспен қамтылуына ықпал етуі  де басқарма жүргізіп отырған саясаттың нәтижесі деп бағалауға болады.

 

 

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына  АЛМАСБЕК КЕҢЕСБЕКҰЛЫ МАМЫТБЕКОВ тағайындалды. А.К.Мамытбеков 1969 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы география және биология пәндерінің оқытушысы, экономика және бизнес бакалавры. Еңбек жолын 1987 жылы Шымкент облысы Түлкібас ауданының құс фабрикасында  бастаған. Шымкент қаласы әкімдігінің дербес бөлімдерінде еңбек еткен. Оңтүстік Қазақстан облыс  әкімшілігінің  қоғамдық келісім және ақпарат,  мәдениет және жастар ісі  басқармаларында жоғары лауазымды қызметтер атқарған. Түлкібас ауданы  әкімінің орынбасары, облыстық  ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы, облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы, «Нұр-Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары лауазымдарында еңбек еткен.

2015 жылғы қазаннан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы болып еңбек етіп келеді.
Басқарма жұмыстарының ішінде әсіресе, еліміздің тұтастығын, жұртшылықтың бірлігін нығайту, өңірдегі ұлт диаспорасын ұйыту, ұлтаралық, дінаралық келісім жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру ісі өзінің  оң нәтижесін беріп отыр деуге болады. Бұл шараларды жүзеге асыруда жергілікті атқарушы өкілетті, құқықтық органдар мен азаматтық қоғамның қарым-қатынасының тиімділігін арттырып, тетіктерін ойласу сияқты маңызды жақтары да бар.  Мысалы, облыс көлемінде «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы өткізетін жиындар басқарма миссиясының бір дәлелі. Облыс басшылығы тарапынан жүргізілетін барлық ішкі саясат жұмыстарына ісіне тиянақты, іскерлігі  мен  көрегендімен де ел алдында құрметке иеленіп жүрген Алмасбек Кеңесбекұлы алдағы уақытта да ісін шашау шығармай атқаратынына сенім мол.

 

 


Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының басшысы лауазымына  БАТЫРБЕК  ҚАРАТАЙҰЛЫ  ЖАЛМҰРЗАЕВ  тағайындалды. Б.Қ. Жалмұрзаев 1955 жылы туылған, білімі жоғары. Еңбек жолын 1973 жылы Ақтөбе ет комбинатында бастап, сол облыста партия,  комсомол органдарында еңбек еткен.  1990 жылдан бастап  Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының партия, кеңес және жергілікті атқарушы органдарында жауапты қызметтер атқарған. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі,  облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы,  облыстық дін істері жөніндегі департаментінің директоры лауазымдарын атқарған. Қазіргі уақытта Сайрам аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы болып қызмет етіп келеді. 

 

 


Оңтүстік Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымына МАРҒҰЛАН ЗҰЛҚАРНАЙҰЛЫ МАРАИМ тағайындалды. М.З.Мараим 1973 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы заңгер, экономист, экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданының Аманкелді колхозында бастаған. Шымкент қаласында бірқатар кәсіпкерлік құрылымдарда қызмет еткен.  «Ауыл-шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалының директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының әкімі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің басқарма басшысы, комитет төрағасының орынбасары, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жанғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» дамыту қорының басқарушы директоры, Су ресурстары комитеті «Қазсушар» РМК бас директорының орынбасары – бас инженер болып еңбек еткен. 2015 жылғы желтоқсаннан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы болып еңбек етіп келеді. 

 

 

Оңтүстік Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы  лауазымына  СОЗАҚБАЙ  ИСАҰЛЫ ӘБДІҚҰЛОВ  тағайындалды. С.И.Әбдіқұлов 1954 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы ғалым-агроном. Еңбек жолын Шымкент облысы Ленгір ауданы «Победа» колхозының аға агрономы болып бастаған. Ұзақ жылдары бойы Созақ ауданында партия және жергілікті атқарушы органдарда жауапты қызметтер атқарған. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім бастығы болған.  Он бір жылға жуық Созақ ауданының әкімі, облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 2015 жылдың наурызынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етіп келеді. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың жер қатынастары саласында ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған, кезінде аудан басқарған Созақбай Әбдіқұловты облыстық басқарманың басшысы етіп тағайындауы, ұтымды да  орынды шешім деуге негіз бар. Себебі басқарма басшысы тәжірибемен қатар, білімін осы салаға пайдаланып, сатылап көтерілген кадр санатында.

 

 

Оңтүстік Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымына НҰРЛАН  МАРХАБАТҰЛЫ БАЙҒҰТ  тағайындалды. Н.М.Байғұт 1974 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы инженер-экономист. Еңбек жолын Шымкентқалалық салық комитетінде бастаған, облыстық коммуналды меншікті және активтерді басқару департаментінде жауапты қызметтер атқарған, облыс әкімінің бас инспекторы, Түлкібас, Төлеби аудандары әкімдерінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасының басшысы болған. 2010 жылдың қаңтар айынан бастап ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы болып еңбек етіп келеді. Нұрлан Байғұтұлы халық ортасында жүріп еңбек еткен, беделге ие болған лауазым иесі.

 

Қорыта айтсақ, ОҚО  әкімі Бейбіт Бәкірұлы, білікті кадрларды дұрыс  таңдау арқылы өңірдің дамуына даңғыл жол ашып отырғанын ерекше атап өтуге болады. Тағы бір дәйек,  Персоналды басқарудың бірыңғай жүйесі республикада алғашқылардың қатарында Оңтүстік Қазақстан облысында құрылып отырғаны да осы істегі  ілгерілеушілік барын білдіреді. Мұның бәрі халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, өңірдің экономикасын дамытып, әлеуметтік мәселелердің де оң шешілуіне мүмкіндік береді деген сенім бар.

 

ЖЕБЕ-АҚПАРАТ

1870 рет қаралды

Пікір жазу