17Қараша2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО ӘКІМІ ӘЙЕЛ ҚАУЫМЫНА ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Сенбі, 05 Наурыз 2016 07:32

 

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай облыс әкімі Б.Атамқұлов ардақты аналар мен аяулы аруларды құттықтады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі. «Мерекелік жиынға қоғамның дамуы мен Тәуелсіз еліміздің демографиялық өсіміне үлес қосып жүрген көп балалы аналар, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер, бизнес бастап, кәсіптен нәсіп тапқан кәсіпкерлер мен қаламы қарымды журналист ханымдар жиналды. Сұлу да табысты қыз-келіншектерді төл мерекесімен құттықтаған облыс әкімі оларға арнайы сый-сияпат жасады», делінген хабарламада. «Алып та, ақын да - Анадан туады». Бұл біздің дана халқымыздың сөзі. Бәріміз Анадан тудық. Ана - өмірдің бастауы, мейірімнің бұлағы. Әр күнімізде біз әйелдің қоғамдағы орны мен рөлін жете түсініп, үлкен құрмет көрсетіп отырамыз. Сіздер, еліміздің көркеюіне белсене атсалысып, барлық салада абыройлы жұмыстарыңызбен көпшіліктің құрметіне бөленген жандарсыздар»,- деді Б.Атамқұлов өз құттықтау сөзінде. Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысындағы халықтың саны 2,8 адам болса 1,4 млн-ы әйел азаматтар. Олардың экономикалық тұрғыдан белсенділері 73,3 пайыз. Бүгінгі таңда олар өңіріміздің дамуы үшін қоғамымыздың түрлі салаларында еңбек етіп келеді. Мәселен, мемлекеттік қызмет саласындағы қыз-келіншектердің үлесі 36,8 пайыз болса, білім саласындағы педагогтардың 73,2 пайызы, денсаулық сақтау саласындағы білікті дәрігерлер мен мамандардың 86 пайызы нәзік жандылардан тұрады.

Оңтүстік Қазақстанда өткен жылы 80 мыңнан астам сәби туып, 150 мыңнан астам әйел көп балалы ана ретінде тіркелген. Осы күнге дейін жалпы облыста олардың 30 753-і Елбасы Жарлығымен «Алтын алқа» иесі атанып, 41 621-і «Күміс алқа» белгісімен марапатталған.

622 рет қаралды

Пікір жазу