"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА МЕМЛЕКЕТТІК КӨМЕК ИГІ ІСТЕРГЕ ЖҰМСАЛУДА

Дүйсенбі, 14 Наурыз 2016 07:02

 

Еліміздегі «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы ауыл-аймақтардың жандануына зор ықпал етуде. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында өткен жылы осы бағдарлама бойынша несиелендіру жұмыстарына 97 миллон теңге бөлінген. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақта мал шаруашылығымен айналысуға ден қойғандар қатары артты. Сонымен қатар бағдарлама тиімділігін түсінген кейбір жас отбасылар, туған ауылдарына оралып, кәсіптерін дөңгелете бастады. Туған ауылына таудай мақсат қойып оралғандардың бірі – Рүстем мен Бақыт. Қаладан жөнді жұмыс таппаған жас отбасы Көкпектіге оралады. Мемлекеттік бағдарлама көмегін пайдаланып, жеке іс ашты. Жеңілдетілген несие алып, 3 миллион теңге сүтті сиыр сатып алды. Енді өнімдерін аудан тұрғындарына өткізіп жатыр. Табыстары жаман емес. Өйткені құнарлы өнім әрқашан өтімді. Рүстем Айдаров, кәсіпкер: - Пайдасы бар, әрине. Сүт, ірімшік, май бар, солардың бәрін алып сатамыз. Әзірге бір ауылдасын жұмыспен қамтып отырған Рүстем осы жазда шаруашылығын кеңейтсем дейді. Мал басын арттыруға да ден қоймақ. Келіншегі мен балалары болса, отағасының жұмысына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Бақыт Айдарова, кәсіпкер: - Біз қаладан ауылға бекерден көшіп келген жоқпыз. Өйткені ауылда өмір сүрген жеңілірек. Ешқайда асықпайсың, барлығы бірқалыпты. Сиырымызды сауып, сүтімізді өткізіп, күн көріп жатырмыз. Тіпті тұрақты тұтынушыларымыз бар. Олар сүтті өздері келіп, алып кетеді. Әзірге жас отбасы 5 сауын сиырдың сүтін өткізіп отыр. Енді жаз шыға қаймақ, ірімшік, кілегейге сұраныс артады дейді олар. Айдаровтардың бастамасына қызығып отырған ауылдастары көп. Айгүл Бұтантаева, Көкпекті аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім басшысының орынбасары: - Аудан бойынша былтыр 1045 адам жұмысқа орналасты.Осының ішінде бағдарлама арқылы 152 адам орналасты. 2016 жылға өтініштер келіп жатыр. Әркім өз ісін ашуға бағыт алған адамдар өз беттерімен келіп, бізге келіп, несие алуға өтініштерін білдіреді. Жалпы бағдарлама басталғалы бері Көкпекті ауданында 330 адам іс бастап, 350 жаңа жұмыс орны ашылды. Өлкеде әсіресе мал өсіріп, пайда көргісі келетіндер көп. Мемлекеттік көмектің арқасында жалпы 2 мыңға жуық ірі қара мал сатып алынғаны осыған дәлел дейді мамандар.

24.kz

540 рет қаралды

Пікір жазу