"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҢТҮСТІКҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР БІРЛІК КҮНІН ТОЙЛАДЫ

Жексенбі, 01 Мамыр 2016 06:44

Бүгін облыстық орыс драма театрында 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік. Ынтымақ. Достық» мерекелік шарасы өтті.

 

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен мерекелік шараға қатысқан өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов жиналғандарды және барша оңтүстікқазақстандықтарды Бірлік күнімен құттықтады.

«1 мамыр - бірлігі жарасқан ұлы Отанымыздың ең маңызды мейрамдарының бірі. Бұл мамыражай мерекені барша қазақстандықтар бейбіт заманға, достық пен бірлікке тағзым еткендей, қуана тойлайды. Тәуелсіздік жылдарында алған асуларымыз бен жеткен жетістіктерімізде барша ұлт өкілдерінің еншісі бар. Бұл ұланғайыр табыстарда облыс тұрғындарының да үлесі барлығын айта кеткен жөн. Себебі, осындағы ұлттардың өзара татулық пен келісімде өмір сүруінің арқасында бәріміз алаңсыз еңбек етудеміз»,-деді облыс әкімі өз құттықтауында. Салтанатты жиында облыс басшысы елдегі этносаралық татулық пен қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға Елбасының атынан алғыс хат пен «Бірлік» алтын медалін табыстады. 

 

 

Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық саяси өміріне белсене қатысқаны үшін 20 азамат "Облыс әкімінің алғыс хатымен" марапатталды. Түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен өткен мерекелік шара «Бәйтерек» композициясы мен «Сарыжайлау» хореграфиялық қойылымымен бастау алып, ынтымағы жарасқан түрлі этнос өкілдерінің өнерпаздары ән шырқап, өнер көрсетті. Оңтүстік Қазақстанда бүгінгі таңда 100-ден астам этнос пен 11 діни конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бірлесе еңбек етіп келеді. Ал облыстағы 20 этномәдени орталық пен аудан, қалалардағы 51 филиалда әр этностың салт-дәстүріне, әдеп-ғұрпына, мәдениетіне байланысты түрлі іс-шараларды өткізуіне барлық мүмкіндіктер жасалған. Айта кетейік, биыл облыс әкімдігінің бастамасымен өңірімізде алғаш рет Бірлік мерекесін тойлау шеңберінде «Достық сыйы» акциясы өтті. Игі шара аясында аймақтағы этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері бір-біріне сый жасап, өзара татулығын нығайта түсті.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

432 рет қаралды

Пікір жазу