14Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

CАРЫАҒАШТА ЖАҢА НАН ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Жұма, 03 Маусым 2016 18:17

 

Бүгін Сарыағаш ауданында айына 50 мың дана бөлке мен батон нандарын шығаратын жаңа зауыт ашылды. Мұнда сапалы әрі таңдаулы нан өнімдерінің 30 түрі пісіріледі.

Жаңа нысанның  ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы халықты жоғары сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз ету басты мақсат екенін атап өтті. Сонымен қатар,ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында пайдалануға беріліп отырған нан зауытының жұмысына сәттілік тіледі.
Ауданның орталығында орналасқан «ЯССЫ-НАН» ЖШС жобасының жалпы құны 300 млн. теңге. Серіктестік директоры Насиба Атаеваның айтуынша, аудандағы азық-түлік дүкендерінде аталған нан зауытының өнімдері сатылуда. Зауыттағы «ВОСХОД» нан пісіретін пеш құрылғысы көрші Ресейден алынған. Ал серіктестік жерінің жалпы көлемі 0,20 га. Бүгінде онда 30 адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта кәсіпкер кондитер өнімдерін шығаратын цех ашуды көздеп отыр.

Айта кетейік, бұл жоба ауданда нан бағасын тұрақтандыру мақсатында облыс әкімінің бастамасымен қолға алынып, пайдалануға беріліп отыр.

 

                                                                                                    Сарыағаштың әлеуеті артып келеді

 

 

 

Сондай-ақ бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Сарыағаш ауданында өтіп жатқан бірінші көшпелі жиыны аясында облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды, облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев және аудан, қала әкімдері бастаған жұмыс топ  ауданның Қызылжар ауылдық округінде орналасқан «Роза» шаруа қожалығында болды. Жобалық құны 30 млн. теңге болатын қожалық өз жұмысын  осы жылы бастаған. Жалпы көлемі 2 гектар аумақты алып жатқан шаруа қожалықтың 1 гектары жылыжай. Ондағы 0,94 гектарға қызанақ, 0,06 гектарға қияр өсірілуде. Шаруа  қожалықтың төрағасы Жақсылық Дүйсебаевтың сөзінше, осы күннің өзінде жылыжай өніміне Ресейден сұраныс көбейе бастаған.

Тамшылатып суару әдісі арқылы өсіріліп жатқан көкөністердің әр түбінен 4-5 келі өнім алынуда. Бір маусымда 60 тонна өнім беруге қауқарлы жылыжай қатты отынмен жылытылады. Мұнда жергілікті 10 азамат жұмыспен қамтылған.

Жұмыс сапары барысында облыс активі Сарыағаш қаласындағы абаттандыру жайымен танысты. Биыл Сарыағаштағы 10 мың шаршы метрге 50 мың дана көпжылдық раушан гүлдері отырғызылып, тамшылатып суғару әдісі қолданылуда. Ол үшін аудандық бюджеттен 48,6 млн. теңге, демеушілер есебінен 2,4 млн. теңге жұмсалған. Аталған қаржыға жарықтандыру бағаналары мен жеңіл конструкциялық қабырғалар да орнатылған.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

465 рет қаралды

Пікір жазу