"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО-ДА ШЫҰ-ҒА МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕРМЕН КЕЛІСІМДЕР ЖАСАЛДЫ

Сәрсенбі, 08 Маусым 2016 13:28

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің шекара қызметі басшыларының төртінші мәжілісі болып өтті. Жиынға қатысқан өңір басшысы отырыс жұмысына сәттілік тіледі.

«Өзінің 15 жылдық тарихында Шанхай ынтымақтастық ұйымы халықаралық әскери ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайтуда жоғары нәтижелерге жетті. Бүгінгі таңда адамзат алдында терроризммен, сепаратизммен, экстремизммен және наркотрафикпен күресу мәселелері тұр. Бұл ретте қатысушы мемлекеттерді біріктіретін ШЫҰ-ның маңызы артып келеді», - деді аймақ басшысы.

 

 

ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры генерал-майор Дархан Ділмановтың төрағалығымен өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымымен Шекара қызметі басшыларының мәжілісте ұйымға мүше алты мемлекеттің – Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің өкілдері аталған ұйымға мүше-мемлекеттердің шекарасындағы жағдай туралы өзара ақпараттарымен алмасты.

Сондай-ақ, мәжілісте лаңкестік жағдайлардың ұйымға мүше елдердің мемлекеттік шекаралық аймақтарына енген жағдайында олардың жолын кесуге бағытталған іс-шаралардың барысы талқыланды.

Мәжіліс барысында басшылар заңсыз іс-әрекетті ескерту және оның жолын кесуге бағытталған «Бірлік - 2016» шекаралық операциясының барысында атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады.

Жиынның екінші бөлігінде қазақстандық шекарашылар ел шебін күзету бағытында тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, қолданыстағы жаңа инновациялық техникалық құралдармен танысты.

Отырыс қорытындысы аясында ШЫҰ мүше-мемлекеттердің мемлекеттік шекараларын күзетуде бірлескен жұмыс атқару жөнінде бірқатар құжаттарға қол қойылды. Ал ұйымның келесі отырысы Қытай мемлекетінде өтетін болды.
Айта кетейік, ШЫҰ құрамына 6 мемлекет кіреді. Еуразия аймағының 60 пайызын алып жатқан ұйымға 3 млрд. 40 млн. адам, яғни, әлем халқының жартысы кіреді.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

409 рет қаралды

Пікір жазу