"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО-ДА «ЫРЫС АЛДЫ - ЫНТЫМАҚ» ФОРУМЫ ӨТТІ

Жұма, 24 Маусым 2016 18:08

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстанда облыс əкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы өтті. Төлеби ауданының «Алма-тау» демалыс аймағында өткен облыстық шара - «Салт-дәстүрлік іс-шаралардың деңгейін көтерудегі ардагерлердің және жастардың рөлі» тақырыбына арналды.

Тəрбиелік мағынасы мол жиынға өңіріміздегі барлық аудан, қаладан делегаттар, зиялы қауым өкілдері, депутаттар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, діни басқарма имамдары жалпы саны 400-ге жуық азамат қатысты.
Қоғамдық форумда сөз алған өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов келген көпшілікті Рамазан айымен құттықтап, бүгінгі тақырып аясында ойын ортаға салды.

«Біз жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, үлкенді сыйлауға, Отанды сүюге, адамгершілікке тәрбиелеуіміз керек. Жастарымызды кітап оқуға, заманауи білім алуға баулып, қазіргі заманғы озық технологияларды меңгеруге шақыруға тиіспіз. Жаны сау қоғамның – кемшілігі мен қылмысы аз, артықшылығы мен жақсылығы көп болады. Сол себептен, біз өзіміздің салт-дәстүрімізге, ұстанған әдет-ғұрыптарымызға дұрыс көзқараста болуымыз керек», - деді өңір басшысы.

 

 

                                                                                                                                

 

 

Сонымен қатар, өз баяндамасында Б.Атамқұлов той өткізудегі ысырапшылдыққа, кейбір салт-дәстүрлеріміздің заманға сай келмейтініне тоқталды. Технология жедел дамыған мына заманда ағылшын тілін білудің маңыздығылын атап өтіп, жастарды білікті де, тәрбиелі әмбебап маман болуға шақырды.

Өз кезегінде, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мəуленқұлов той өткізу мәдениетін жетілдіру туралы айтып, асабалардың шеберлігін арттыру жəне той өткізу жөніндегі көркемдік кеңес құру бойынша ұсынысын айтса, өңіріміздегі жастардың көшбасшысына айналған облыстық «Жастар орталығының» директоры Ерлан Айтбаев келелі ойларын ортаға салды. Жиын барысында форумға қатысушылар орта толтырған пікірлер негізінде арнайы қарар қабылдады.

Рухани тəрбиелік шараның соңы Рамазан айындағы ауызашарға ұласты.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның мүшелігінде 500-ден астам зиялы қауым өкілдері бар.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

778 рет қаралды

Пікір жазу