"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

МАҢҒЫСТАУДА ОРАЛМАНДАР МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Жексенбі, 26 Маусым 2016 07:05

 

Маңғыстауда «Нұр Отан» партиясының филиалында оралмандар мәселесі талқыланды.
Қоғамдық қабылдауға Мұнайлы ауданынан келген төрт азамат 2011-2012 жылдардан бері азаматтық ала алмай жүрген оралмандар екен.

Олар шетелге барып келу және ол жақта құжат рәсімдеудің ұзақтығына байланысты Ақтаудан Өзбекстан елшілігінің консулдық бөлімін ашуды, құжаттарды сол арқылы рәсімдеуді сұрады. Оралмандардың бірі Өзбекстан еліне азаматтықтан шығуға барып, ай жарым  жүргендігін, қайта-қайта баруға қаржы жоқтығын айтты. Тағы бірі оралмандарды бейімдеу орталығынан уақытша паналайтын орын таба алмай жүргендігін айтып шағымданды. Олар қолдарындағы оралман куәлігінде жазылған азаматтық алғанға дейін жарамды деген ескертуді көрсетіп, енді неге жарамсыз болып қалғандығын сұрады.

 

                                                                                                                                                 

 

Бұл мәселеге орай Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының басшысы Г.Бастаубаева «Қазір заң өзгерді. Азаматтық алғанға дейін жарамды деген бұрынғы куәліктер қазір мерзімі өткен болып саналады», - деген жауап берді.

Қоғамдық қабылдауға қатысқан «Туған ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Е.Кемаладинұлы азаматтық ала алмай жүрген оралмандардың алыс аудандардан  хабарласып, көмек сұрайтындығын айтты. Оның шамалауынша облыста азаматтық алмаған жүздеген оралман бар.

- Осы мәселені хат арқылы біздің аймақтан Мәжіліске сайланған депутаттар Т. Хитуов пен С. Өтебаевқа жібердім. Қолданыстағы заңдарға қосымша толықтырулар енгізіп, шетелде жүргенде жазаға тартылмаған оралмандарға азаматтық беруді жеделдетуді сұрадым. Хат Мәжіліс депутаттары арқылы тиісті орындарға жетеді деген ойдамын,  - дейді ҚБ төрағасы.

Сонымен қатар, партияның қоғамдық қабылдауына денсаулығы жоқ он адам келіп, көмек сұрады. Олар - бірінші, екінші, үшінші топ мүгедектері. Бәрінің де дәрі-дәрмек алуға, білікті дәрігерге қаралып, емделуге шамалары келмейді. Дәрімен қамтуды, ем алуларына көмектесуді өтінді. Отбасыларында бірнеше балалары бар қымбатшылық қысқан мүгедек жандар көмеккке зәру екенін жеткізді.

Екінші топ мүгедегі Қ.Шапатаев өзіне, үшінші топтағы мүгедек Ж.Сейтжанов өзіне және балаларына жұмыс тауып беруді өтінді.

 

 

 

Қоғамдық қабылдауға қатысқан лауазым иелері осындай мәселелерді тыңдады. Басқа да сұрақтармен келген адам қарасы көп болды. Бірақ барлық жағдайдың бірден шешіле қоймайтыны белгілі. «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Х.Нұрғалиева мен қоғамдық қабылдау бөлімінің басшысы М.Жайлыбаев тиісті мекеме басшыларының жауаптарын тыңдап, оң шешім шығаруды қарастыруды тапсырды.

Бұл қоғамдық қабылдауда бір өтініш орындалды. Мұнайлы ауданы Атамекен ауылының тұрғыны Н. Ақбергенов бір жасар қызын Алматы каласында емдетуге квота алатын болды.

 

nurotan.kz

298 рет қаралды

Пікір жазу