"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ГАЗ ЖЕТКІЗУ ЖҮЙЕСІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

Сейсенбі, 28 Маусым 2016 03:20

 

«ҚазТрансГазАймақ» ЖШС Талас өзенінің ағысымен тірегі шайылып істен шыққан газ құбыры қалыпқа келтірілді. Екі елді мекен тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл туралы Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, 18 маусымда Талас өзенінен түсетін су көлемінің артуына байланысты Жамбыл ауданының Қызылқайнар, Жасөркен ауылдарына газ тасымалдайтын құбырдың тірегі шайылып істен шыққан болатын. Салдарынан 650 үй көгілдір отынсыз қалған.

Газ құбырын қайта өткізу үшін жағалауды нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді. 200 метрлік жағалаудағы желіні күшейту үшін 50 КамАЗға тиелген бетон қоршаулары мен топырақ әкелінді, шамамен 20 үйді су басудың алдын алды. 50 жұмысшы мен 20-дан астам арнайы техника тартылды.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Болат Мұрзатаевтың айтуынша, алаң дайындалып, кейін құбырларды монтаждау басталды. «Тұрғындарға жақын арада газ жеткізу үшін барлық шараларды қолдандық», - деді Б. Мұрзатаев.

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазір газ құбырының тірегінің шайылып кету салдарлары жойылды, Қызылқайнар және Жасөркен ауылдарының тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.

«Газ құбырындағы олқылықтарды жою бойынша жұмыстар уақытында аяқталды. Бүгін күннің екінші жартысында үйімізге газ жеткізу жүйесі қалыпқа келтірілді», - деді Қызылқайнар ауылының тұрғыны Айткүл Жаманбаева.

Облыстық ТЖД ақпаратынша, бүгін Киров су қоймасынан Талас өзеніне құйылып жатқан су көлемі секундына 85 текше метрді құрайды. «Ауыл тұрғындарына еш қауіп төніп тұрған жоқ», - деді облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы департаментінің басшысы Ерік Көшербаев.

309 рет қаралды

Пікір жазу