"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ТҮРКІСТАННЫҢ ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ...

Жұма, 08 Шілде 2016 12:22

 

Түркістан қаласына қарасты Оранғай ауылында «Яссы құс» шаруа қожалығы соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған құс шаруашылығын дамытуды қолға ала бастады.

Негізінен, тауық еті мен жұмыртқа өндіруді көздеген кәсіпкер алғашқы қадамының сәтті басталып отырғанын айтып отыр. Өйткені, өндірілген жұмыртқа мен тауық еті бүгінгі таңда жергілікті нарықта жоғары сұранысқа ие болып үлгерген.

«Яссы құс» шаруа қожалығының ашылғанына небары алты ай. Мұнда 50 мыңға жуық тауық бағылады. «Ломан лс классик» тауығы мен «бройлер» балапандарын өсіруді қолға алған кәсіпорын заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Аталмыш шаруа қожалығының технологы Х.Минкабиловтың айтуынша 6 айға жуық уақыт бұрын тәуліктік балапандар сатып алынып, қазір олардан балғын жұмыртқа алынып отыр. Яғни, ақпан айында өз жұмысын бастаған шаруашылықтан бүгінде тәулігіне 5 мыңға жуық жұмыртқа алынуда. Алдағы 50-60 күнде мұндағы жұмыртқаға бағытталған 21 мың тауықтан осынша көлемде жұмыртқа алу межеленіп отыр.

Айта кетерлігі, тауықтардың күтімі айрықша. Жем-су ретінде күніне 4 рет отандық өнімдерден әзірленген құрамажемдер беріледі. Құстар жабық режимде ұсталады. Ал балапан кезінен бастап бас-аяғы 40 күн ішінде 3 келіге дейін ет беретін «бройлер» тауығының өнімі алдағы уақытта өңірге өзге елден экспортталатын тауық еттерінің орнын алмастырмақ.

 

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі

320 рет қаралды

Пікір жазу