"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

МАҚТАРАЛДЫҢ ҚАУЫН-ҚАРБЫЗЫ ЭКСПОРТТАЛУДА

Сенбі, 16 Шілде 2016 14:55

 

Мақтаралдық диқандар алажаздай еңбегінің жемісін көре бастады. Әсіресе, ондағы қауын мен қарбыз еккен ағайын өнімдерін қыр асырып, Қазақстанның барлық өңірлерімен қатар, Ресей мен Белорусь нарығына да шығарып үлгерді. Осы күнге дейін 56 мың тонна қарбыз, 17,5 мың тонна қауын сатылымға түскен.

Диқандардың айтуынша, Реседе қауынға деген сұраныстың әсерінен өткен жылмен салыстырғанда баға тұрақты, көңіл көншітерлік. Жеке кәсіпкерлер жергілікті қауын мен қарбызды қабылдайтын нүктелерде қауынның 1 келісін 100 теңгеден, ал қарбызды 25 теңгеден сатып алуда. Қауын мен қарбыз артылған жүк көліктерінің басым көпшілігі көрші мемлекеттің Мәскеу, Санкт-Петербург, Самара қалаларына экспортталып жатқандығы, осы қалалардағы сұраныстың жоғары екендігін көрсетіп отыр. Әсіресе егілген қауынның алуан түрлі сорттарының ішінде диқандар арасында «Валет» атымен аталып кеткен түрі ерекше сұранысқа ие көрінеді.

 

 

Қазақстан нарығы мен шетелдің базар сөрелеріне шыққан ауыл шаруашылық өнімдері бұл ғана емес. Жеміс-жидек пісіп, өнімін бере бастағалы мақтаралдық шаруалар 75 тонна қырыққабат, 500 тонна пияз, 93 тонна сәбіз, 235 тонна асханалық қызылша, 182 тонна болгар бұрышы, 2 мың тонна қызанақ пен 1700 тоннадан астам қияр шығарып, саудалады.

Қосымша ақпар ретінде біле жүріңіз. Бүгінде аудандағы егістік алқапта 277 га жерде бидай, 20 га-да арпа, 3416 га-да жаңа жоңышқа, 83481 га жерде мақта, 5538 га-да түрлі көкөністер, 23615,4 га жерде бақша, 753 га жерде картоп, 10358,8 га жерде дәндік жүгері, 487 га жерде күнбағыс, 2094,5 га-да күріш, 158 га жерде сүрлемдік жүгері, 140 га жерде маш, 32 га жерде фасоль, 8 га жерде соя, 28,6 га жерде жаңа жеміс-жидек, 58,6 га жерде жаңа жүзім егіліп, жайқалуда.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

295 рет қаралды

Пікір жазу