"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҢТҮСТІКҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЗЕЙНЕТКЕРДІҢ ТОСЫНСЫЙЫ...

Дүйсенбі, 08 Тамыз 2016 18:44

 

Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын зейнеткер өзінің көршісіне тосынсый жасады. Темірден түйін түйген шебер Жақсылық Отаубекұлы көршісіне шағын трактор құрастырып берді. Бұл оның үшінші еңбегі екен. Мұндай іспен 20 жылдан бері әуестенетін өнертапқыш өз шаруашылығына қажетті жем турағыштан бастап темір иетін құралдарға дейін өзі қолдан жасап алған. Ал тракторды ескі ГАЗ-51 жүк көлігінің қосалқы бөлшектерінен құрастырған. Шағын темір тұлпар 10 шақырымға бір литр ғана жанармай шығындайды. Шағын трактор стартердың көмегімен оталады. Ол «Москвич» жеңіл көлігінікі. Алдыңғы және артқы мосты ГАЗ-51 көлігінікі. «Жигули» мен жүк машинасының доңғалағы да кәдеге жараған. Ал ең негізгі моторы – кәдімгі қойшы ауылдағы құдықтан су тартатын насос.

Жақсылық Отаубекұлы, өнертапқыш: - ЗИД 4,5 деген мотор. Мынау – қолтежегіш кешені мен ілінісу жалғастырғышының қорабы. Гидравликалық тежегіш сол 51- көлігінікі. Біраз бөлшектері трактор мен ГАЗ-51 жүк көлігінен алынған. Шебер бұл заттардың басым бөлігін темір-терсектің ішінен теріп алған. Жарамсыз болған соң лақтырып тастаған бөлшектерді жөндеп, кейбірін қажетіне қарай ықшамдап кескен. Тіпті, трактор моторының күшін арттыру үшін басқа техниканың қосалқы бөлшегін қолданыпты. Жақсылық Отаубекұлы, өнертапқыш: - ГАЗ-51 көлігінің мотор күші айналымы 2 мың, мына мотордың айналысы да сондай. Егер сол күйінде жіберсеңіз, бұл 60-70 пен жүреді. Бұл тракторға келмейді. Сол себепті мотор жанында редукторы бар. Содан 450 айналыс шығады.Ол да теріс болып қалады. Оны қайта оң қарату керек. Жақсылық Отаубекұлы өзінің алғашқы тракторын 1994 жылы шаруашылығына қажет болған соң бір айда құрастырыпты. Содан бері бір рет қана моторын жөндеген. Бөлшектері ескі болғанымен, шыдамды көп бұзыла бермейді дейді ол.

Байырғы энергетик, тіпті шағын трактор тарта алатындай етіп су таситын тіркемеден бастап ауланы қопсытатын соқаға дейін жасап алған. Жарықшамдары да техникалық талапқа сай келеді. Кіші тракторды 6 аттың күші бар. Шағын болған соң кезкелген жерден жүріп өте алады. Әсіресе жылыжай мен бау-бақшаның арасын қопсытуға таптырмас құрал. Техникаға қажетті кейбір қосалқы бөлшектердің барлығын қолдан жасайды. Шеберханасындағы құрылғыларды да өз ыңғайына қарай ықшамдап алған. Шаруашылығына қажетті жем турайтын қондырғы мен жүгерінің сабағынан дәнін ажырататын құрылғы да жасаған. Енді оны пістені сабағын ұнтақтайтын етіп қайта құрылымдамақшы.

Жақсылық Отаубекұлы, өнертапқыш: - Шарқайрақ аппаратымен ұстап тұрып кесеміз. Кішкентай нәрселерді кескенде кейбірі фигуралы болады. Сол кезде оны қолмен ұстап кесу қауіпті. Сол себепті үстелде тұратын кесу қондырғысын жасап алдым. Шебердің ендігі арманы – УАЗ көлігінен төрт доңғалағы бірдей тартатын шағын трактор құрастыру. Оның күші де көп болады дейді өнертапқыш. Байырғы энергетик зейнеткерлікке шықса да, қол қусырып қарап отырмай, ауылдың көркеюіне де атсалысуда. Орталықтағы саябаққа бүлдіршіндерге арнап түрлі аттракциондар да жасап беріпті. Осылайша қолынан іс келетін жан өз еңбегімен өзгелерге өнеге болып отыр.

 

24.kz

216 рет қаралды

Пікір жазу