"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО -ДА БҰЙЫМДАРДЫ ҚАРА АҒАШТАН ЖАСАП ОТЫР

Дүйсенбі, 08 Тамыз 2016 18:46

 

Оңтүстікқазақстандық ұста кәдімгі қара ағаштан ұлттық бұйымдар жасайды. Қолының ебі бар шебер жас кезінен домбыра мен қобыз ойып, ер де шабады.

Оның өнерге деген сүйіспеншілігі кәсіпкерлікке ұласты. Нұржан Қарсыбаевтың ата кәсіпке негізделген инновациялық жобасы мемлекеттен грант жеңіп алған. Қайтарымсыз қаржыға бірнеше ағаш жонатын қондырғы сатып алып, ауыл жастарын да еңбекпен қамтып отыр. Ағаш ұстасы қажетті құралдардың сызбасын өзі жасап шығыпты. Біріншісі екіншісіне ұқсамайды. Өзі ойып, өзі жонады. Тіпті темір қырқатын алып станокты астау оятын құрылғыға айналдырған. Баламасы жоқ қондырғылар әп-сәтте ағаш діңгегінен көздің жауын алатын ұлттық бұйымдар жасайды. Нұржан Қарсыбаев, ағаш ұстасы: -

Үш минутта бір кесе жасап шығарады. Кәдімгі қара ағаш диаметрі 30 см. Ортасынан бөліп жіберсең, екі жағынан екі кесе шығады. Нұржан жас кезінде әжелеріне ағаштан қасық ойып беріп жүріп қашауды өз бетінше үйренген екен. Кейін Шымкенттегі Әбілқан Қастеев атындағы өнер колледжін тамамдаған. Қазір шағын шеберханада қымыз құятын кеседен бастап домбыра мен қобызға дейін жасайды.Тапсырыс болса, ер де шабады. Барлығына кәдімгі қара ағашты қолданады. Ол жұмсақ әрі табиғи, - дейді шебер.

Нұржан Қарсыбаев, ағаш ұстасы: - Өнерде шек жоқ. Ол бір ағаштан тұрған нәрсе емес. Өнерлі адам ағаш та оя алады. Ол темір де жона алады. Мына станок дамыған сайын қолөнер жоғалып кете ма деп қорқамын. Ұлттық құндылығымызды жоғалтып алмау үшін шебер кейбір бұйымдарды әлі күнге дейін қолмен жасайды. Себебі бұл өнер көздің майын тауысып, саусақтың шеберлігін шыңдайды дейді ол. Ұстаның атадан қалған қолөнерді ары қарай жалғастырсам деген ойына мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қолдау болыпты.

Жандос Әзімбай, Сарыағаш аудандық кәсіпкерлер палатасының менеджері: - Шынын айтқан кезде, басында бұл кәсіпкер несиені кепілсіз бере салатынына сенбеді. Ынтасын білдіріп құжаттарына, бизнес-жобасына барлық жағынан қолдау көрсетіп, көмектестік. Қазір ақшасын, қажетті заттарын алды. Адамдарды жұмыспен қамтып жатыр. Салығын төлеп жатыр. Өсіп өркендеп келеді. Бір кездері өз бетінше ұлттық бұйым жасайтын ағаш шебірін қазір барлық жұрт таниды. Тіпті ауыл жастарын да осы өнерге баулып жүр. Автомеханик Нұрсұлтанның өзі ағаш жонудың қыр-сырын толық меңгеріп алған.

Нұрсұлтан Пірімжанов, ұстаның шәкірті: - Ағаштан мынандай зат жасап шығарамын деп ойлаған жоқпын. Қолдан келеді екен. Басында шаблонға қарап сызып алып, керекті дүние шығаратын едік. Қазір көзбен жасау үйреншікті жағдай болып қалды. Көре-көре көз де қол да үйренеді. Қазіргі таңда ұлттық бұйымдарға тапсырыс көп. Кейде үлгермей де жатады екен. Тіпті 15 күнде 800 кесеге дейін жасаған кездері болған. «Бұл біз үшін рекордтық көрсеткіш», - дейді шебер. Нұржан Қарсыбаев болашақта жаңа қондырғылар алып, ауыл жастарын ұлттық өнерге баулымақ. Сосын ағаш ұнтағынан құрылысқа қажетті зат та шығармақ ойы бар. Бастысы – шағын ұстахана қалдықсыз өнімге көшеді.

 

24.kz

203 рет қаралды

Пікір жазу