"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО-НЫҢ АУСТРИЯМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ БЕКИДІ

Дүйсенбі, 08 Тамыз 2016 18:54

Оңтүстікқазақстандық делегацияның Аустрияға іс-сапары аясында Каринтия федералды аймағы Үкіметінің басшысы Питер Кайзер ОҚО әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдыны қабылдады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі ОҚО баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар негізінен баламалы энергия көздері және туризм салаларын дамыту мәселелерін талқылады, сондай-ақ, құрылыс және ауыл шаруашылығы тақырыптары да күн тәртібінен тыс қалған жоқ.

Бұл ретте, Каринтия Үкіметінің ауқымды жоспарын айта кеткен жөн. Мәселен, аймақ басшылары 2035 жылға дейін дәстүрлі энергия көздерінен бас тартып, толық «жасыл» энергия көздеріне өтуді көздеуде.

 

ОҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, басқосу соңында тараптар өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді. 

ОҚО әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды Питер Кайзер мырзаға екіжақты ынтымақтастықты дамыту бойынша меморандум түзуге ниетті екенін жеткізсе, Каринтия басшысы, өз кезегінде, аталған құжаттың тиісті заңнамалық процедураларын жақын арада өткізіп, бекітуге жіберуге сөз берді. Сондай-ақ, П.Кайзер мырза ОҚО әкімі Б.Атамқұловты Фельден қаласында 29 қыркүйекте өтетін Халықаралық экономикалық форумның құрметті қонағы болуға шақырды.

Естеріңізге сала кетсек, ОҚО делегациясының Аустрияға іс-сапары осы жылдың 1 тамызында басталды. Осы уақыт аралығында, делегация Каринтия және Штирия федеральды аймақтарының өнеркәсіп, туризм және әлеуметтік нысандарын аралады. Сонымен қатар, облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндіктерін дамыту мақсатында аталған өңірлердің әлеуетті инвесторлары және саяси белсенділерімен кездесті.

Бұдан бөлек, Аустрияда «Оңтүстік» көркем сурет көрмесі өткізілді. Сондай-ақ, «Villacherkirchtag» фестивалі шеңберінде ОҚО өнер майталмандары аустриялық көрермен назарына қазақтың мәдени құндылықтарын паш етуде.

204 рет қаралды

Пікір жазу