11Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

КӨШ ОҢТҮСТІКТЕН СОЛТҮСТІККЕ ҚАРАЙ ...

Сәрсенбі, 10 Тамыз 2016 04:37

 

Бүгін облыстан 25 отбасы Солтүстікке қоныс аударды. Шымкент қаласынан және Төле би ауданынан жиналған тұрғындар Шоқан Уәлиханов ауданындағы Ақжар ауылына көшіп барады. Олар түгелдей жұмыспен қамтылып, өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға атсалысатын болады.

Шымкенттік Гауһар Балтабаева жуырда жайғасатын жерін көзбен көріп қайтты. Баспанам да, жұмыс орным да көңілімнен шықты дейді. Бірнеше жыл бойы математика пәнінен сабақ беріп келген мұғалім енді бұл жұмысын солтүстікте жалғастыратын болады.

Қоныс аударушылардың арасында жұмыссыздар мен басыбайлы баспанасы жоқ тұрғындардың қарасы көп. Алайда, барлығы да еңбекке қабілетті. Игі бастаманың басы-қасында жүрген халық қалаулылары солтүстікке ат басын бұрғандардың барлығының да баспанасы дайын деп сендіреді.

Айтуларынша, оларға бір реттік мемлекеттік субсидиядан бөлек егін егетін жер де беріледі. Кәсіп бастау үшін төмен пайызбен несие де ала алады.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыстан 80-нен астам отбасы солтүстік өңірге көшкен. Ұйымдастырушылар ниет білдірушілердің қатары 200-ден асып жығылады дейді. Алайда, өңірде бұл мақсатқа небәрі 100 квота бөлінген.

Жалпы Оңтүстіктен Солтүстікке көш жалғасын табады. Екі өңірдің басшылары өзара меморандумға қол қойып, келісімге келіп отыр. Былтыр 500-ге жуық отбасын өзге өңірде жұмыспен қамтыған.

Биыл «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында тағы 800 азамат Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударуға ниет білдіріп отыр екен. Қазір отбасылармен сұхбаттасып, түйіндемелерін жұмыс берушіге жіберу жұмыстары атқарылуда. Олар мамандығына сай 300-дей отбасыны қабылдап, баспанамен қамтуға дайын.

274 рет қаралды

Пікір жазу