16Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ҰЛТТЫҚ ОЙЫН ҰЛЫҚТАЛДЫ

Жұма, 12 Тамыз 2016 04:51

 

«Ойынмен бой түзейді жас ұрпақ». Облыстық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы осы тақырыпта сайыс өткізді. Ондағы мақсат балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, ұлттық ойындарды насихаттау болып табылады. Жарыс балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында «Самал» сауықтыру лагерінде өтті.

Ұлттық ойынды ұлықтау, дәстүрді дәріптеу... Көнерген түрлерін  күнделікті тұрмысқа енгізу арқылы епті, дені сау, зейінді ұрпақ тәрбиелеу – қай кезде болмасын, басты міндет. Сайыс 7 кезеңнен тұрды. Қатысушылар «Арынды арқан», «Асау мәстек», «Қасқыр мен қойшы», «Кім епті», «Арқан тартыс»,

«Балуандар», «Ханталапай» ойындары бойынша бақ сынады.
Асылбек Ихсанов, облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры

Бұл жарыстардың ерекшелігі – балаларымызға ұлттық ойындарды, салт-дәстүрлерімізді таныстыру, үйрету, насихаттау. Балғындарымыздың құлшынысы да жаман емес. Білек сыбана кірісіп, жарыс қызықты өтуде.

Жарысқа Төлеби аудандық балалар үйінен «Шаттық» командасы, Сайрамнан «Мұрагер», Көмешбұлақ ауылынан «Тұлпар», Арыс қаласынан «Атамұра» командалары қатысып, ұлттық ойындарды ұлықтауда барын салды. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» - додасында барлық ойында оза шапқан «Мұрагер» командасы бас жүлдені иемденді. Жеңімпаздар Арыс қаласындағы Төлеген Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылында тәрбиеленеді.

Бұл шара арқылы балалар қуанышқа кенеліп қана қоймай, ұлттық дәстүр мен ойынды бойларына сіңірді. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосты.  Ал, мұндай шаралар болашақ ұрпақтың рухын асқақтатып,  тән саулығын нығайтуға – негізгі себеп.

329 рет қаралды

Пікір жазу