"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОТЫРАРДА ТАЗА ӨНІМ БРЕНДІ ӨНДІРІЛЕДІ

Жұма, 12 Тамыз 2016 06:16

 

Шетелдік кәсіпкерлер Отырар ауданында биоэтанол өндірісін қолға алуға қызығушылық танытуда. Негізгі шикізаты өсімдіктен алынатын биоэтанол өндірісі үшін аталған аудан таптырмайтын қолайлы аймақ болып отыр. Өйткені, бүгінгі таңда әлемде биоэтанол өндірісінің өрісі кеңіп, пайдаланушылар қатары көбейіп келеді.

Кеңестік кезеңде 20 мың гектар алқапқа жүгері егіп, одан 50 мың тонна дән өткізген топырағы құнарлы отырарлықтар бүгінгі таңда жаңа технологиялармен және ғылымды ұштастыра отырып жүгері өндірісін қайта қолға алуда. 

Аптаның басында француздық экономика ісінің докторы, профессор Жан-Поль Ж.Дельхольм мен елімізге белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты С.Сейітжанов ауданымызда болып, тартылатын инвестиция мөлшері, өндірістік база мен өнімді өткізу жайы турасында әңгіме қозғады.

Жаңа ғасыр жаңа технологияларды талап етіп, өркениет пен ғылым егіз ұғымға айналған бүгінгі күні қаншама ғылыми жаңалықтар дүниеге келіп жатыр. Қоршаған ортаны ластамау үшін әлемдік маңызға ие биоэтанол өндірісі Отырарда қолға алынса, ауданда экологиялық таза өнімнің бренді қалыптаспақ.

МӘЛІМЕТКЕ:

Биоэтанол – толығымен ылғалсыздандырылған таза этил спиртi. Ол бензин құрамындағы октан санын көтередi, өз ретiнде мұндай қоспасы бар отын қоршаған ортаға лас қалдықтарды 40-80 пайыз аз шығарады.

Жалпы автокөлiктер саны жылдан жылға көбейiп келе жатқан мегаполистер үшiн бұл таптырмайтын қоспа. Биоотынды рапс, бидай, қант құрағынан, жүгерiден алуға болады. Қазақстанда осы өсiмдiктердiң денi өсiрiледi десек, шикiзат көзi жағынан еш тапшылық болмайтыны анық. Рапс майынан биодизель өндiруге болады, ал биоэтанол бидайдан және жүгерiден алынады.


Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі

389 рет қаралды

Пікір жазу