"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ШАРДАРАЛЫҚ ДИХАНДАР ЖҮЗІМ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДА

Жексенбі, 21 Тамыз 2016 17:00

 

Күріш пен мақтадан бөлек шардаралықтар көп жылдық екпелерге көңіл бөле бастады. Мәселен, соңғы бір жылдың көлемінде Тұрысбеков ауылдық округінде 220 гектарға, Жаушықұм ауылында 55 гектарға, Қоссейіт ауылында 13 гектарға жүзім көшеттері отырғызылған. Жүзімнің «тайфи розовый» сортын еккен шаруалар өнімді үш жылдан соң алатынын айтуда. Ал ауданда 209 гектар жерге егілген жүзім алқабынан өнім жиналуда. Бүгінгі күнге гектарына 35 цн өнім алған диқандар 731,5 тонна жүзім жинаған.

Сонымен қатар, аудан тұрғыны А.Ибадуллаев 10 гектар алқапқа алманың «Павлинка» деп аталатын сортын өсіруді қолға алған.  Ал бүгінге дейін ауданда 70 гектар жерге егілген алма баудан гектарына 25 цн. өнім түсіп, жалпы 175 тонна алма терілген.
Шардаралық шаруалар  2010 жылдан бері жалпы көлемі 1097 гектар жерге егілген бау-бақшадан мол өнім жинап келеді. Бұдан түсер пайданың мол екеніне көзі жеткен диқандар бау-бақшаны дамытуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жиналған өнімдер ауданның ішкі нарығына шығарылуда.

 

 

Жоғарыда айтқан Қоссейіт ауылында соңғы уақытта жүзім өсіріп, үйінен жылыжай салушылар қатары молайып тұр. Аудан әкімі Арман Абдуллаев былтырдан бастап барлығы 13 гектар алқапқа жүзім ағашын отырғызып жатқан Қабылан Жұмабектің шаруашылығын аралап көрді. Жапырағын жайқалтып үлгерген баудың өсімі жақсы көрінеді.

Бүгінгі күннің талабы – кооперативке біріге отырып, мемлекет тарапынан берілетін көптеген жеңілдіктерді пайдалану екенін жете ұғынған Қабылан мырза бұл жұмыста кездесетін қиындықтарды да айтып өтті. Қожалық иесін мұқият тыңдаған аудан басшысы проблемалар бойынша жұмыс жүргізетінін айтты.

Аудан әкімі үйіргелік жылыжай көлемін одан әрі ұлғайтып жатқан Нәдір Қосановтың тірлігіне риза болды. Алғашында 10 сотық жерге жылыжай жасап, көк-сөк еккен Қосановтардың отбасы өнімді өзінен шығарса көл-көсір пайда болатынына көздері жеткен. Сондықтан да биыл тағы да ауласындағы жылыжай көлемін кеңейтіпті. Алдағы уақытта атамұраға алған жерінен 50 сотық жерге жылыжай жасап, ауылды көгергенмен қамтамасыз етуге тәуекел жасап отырған Нәдір Қосановтың еңбекқорлығы басқаларға үлгі болатын тірлік екенін аудан басшысы атап көрсетті.

Аудан басшысы келешекте 100 басқа арналған мал бордақылау кешенін салған Нұрлан Шаймановтың жұмысымен де танысып, кәсіпкерлігіне табыс тіледі.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

263 рет қаралды

Пікір жазу