14Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҢТҮСТІК ЖҰРТЫ РИО ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫН КҮТІП АЛДЫ

Сейсенбі, 23 Тамыз 2016 16:21

 

Бүгін Шымкент қаласындағы халықаралық әуежайдан Оңтүстік жұрьшылығы Рио Олимпиадасына қатысқан спортшыларды қарсы алды. Төрт жылда бір келетін додада ел қоржынына медальді алғашқылардың бірі болып облысымыздың мақтанышы Галбадрах Отгонцэцэг салса, ауыр атлетикадан 1 күміс медальді жерлесіміз Жазира Жаппарқұл салды. Осылайша үш миллионға жуық тұрғыны бар халықтың мерейі артып, қуанышқа бөленді. 

 

 

 

Бүгінгі салтанатты шараға қатысқан облыс əкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы Олимпиада ойындарында өңір спортшылары бар мүмкіндігін көрсете білгенін айтып, облыс әкімінің құттықтау хатын жеткізді. «Рио төрінде өткен жазғы Олимпиада ойындарына облысымыздан 21 спортшы қатысты. Бұл спорттық сайыста спортшыларымыз өз мүмкіндіктерін көрсетті. Елміздің қоржынына алғашқы қола медаль сыйлаған жерлесіміз Галбадрах Отгонцэгцэг ерлігін бүкіл әлем мойындады. Ал, Жазира қызымыздың күмісі алтынмен пара-пар.Жазираның Олимпиада төрінде жасаған үлкен ерлігі, қайраты мәңгілік деп ойлаймын. Спортшыларымыздың арқасында, жоғары деңгейдегі әлемдік спорттық додада еліміздің көк байрағы желбіреді»,-делінген құттықтау хатта. 

Дүбірлі жарыста 21 елдің әрқайсысынан бірнеше спортшының қатысқанын ескерсек, бұл оңайлықпен келген нәтиже емес. Бүгін үздік ондыққа енген спортшыны оңтүстік жұрты салтанатты жағдайда қарсы алды.

 

 

Ия, Қазақстанның Рио Олимпиадасындағы алғашқы медалін Оңтүстіктің спортшысы әпергені күні кеше ғана.  Рио-де-Жанейродағы олимпиада ойындарында дзюдодан әйелдер арасында 48 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық Галбадрах Отгонцэцэг қола медаль иеленді. Ол алғашқы айналымда Такиана Лиманы (Гвинея-Бисау) жеңгенімен, ширек финалда жапониялық Ами Кондодан ұтылып қалды.

 

 

 

Ал үшінші орынға таласта Отгонцэцэг 2012 жылғы олимпиаданың қола жүлдегері венгриялық Эва Черновскиді және кубалық Даиарис Альваресті жеңді. Галбадрах Отгонцэцэг Қазақстанға 2012 жылы Моңғолиядан келген. Ол бұған дейін Азия чемпионатына Қазақстан атынан қатысып, алтын медаль жеңіп алған.

Бұған дейін Отгонцецег Галбадрах, дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері: «Мені Шымкентке шақырып, Қазақстанның азаматтығын алуға мүмкіндік бергендері үшін алғысым шексіз. Олимпиадаға қатысып, Оңтүстік бапкерлерінің үмітін ақтаймын деп сенемін. Қазіргі таңда дайындалып жатырмыз» деген болатын.

Отгонцецег Оңтүстікке Моңғолиядан ауысқан. Өткен жылы еліміздің азаматтығын алып, бүгінде 48 келідегі №1 палуан атануда. Әлемдік сынақтарда қажетті ұпайларды жинап, Олимпиадалық рейтингте 14-сатыда тұр. 

 

 

Ал, Риода стенд атудан әлемнің ең үздік мергендері қатысқан әйелдер арасындағы трап жаттығудағы бәсекелестікте,  ОҚО-ның республикалық олимпиадалық даярлау орталығының ауыспалы құрамдағы спортшысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мария Дмитренко 66 ұпаймен 8-ші орынды еншіледі.

Еліміздің мақтанышы болған ОҚО спортшысы- Жазира Жаппарқұл Рио Олимпиадасында өткен ауыр атлеттер арасындағы сында күмістен алқа тақты.

69 келіге дейінгі салмақтағы зілтемірші қыздардың бәсекесінде ел намысын қорғаған Жазира серпе көтеруде алдымен 111, кейін 115 келіні бағындырды. Алайда, үшінші мүмкіндігінде Жазираға 117 келі бағынған жоқ. Ал Жазираның басты қарсыласы қытайлық атлет 116 келіні бағындырды.

Серпе көтеруде Жазира 140 келіні екінші мүмкіндігінде көтеріп, соңғы мүмкіндігінде 144 келіні еңсерді. Осылайша қазақ қызы Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды.

Алтын медаль Жазирадан екі келі артық көтерген қытайлық қыздың еншісінде кетсе, қоланы мысырлық атлет иеленді.

Еске сала кетейік, қазақ қыздары бүгінге дейін Олимпиада тұғырына көтерілген емес.

Жазира Жаппарқұл 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. 8 жасынан бастап ауыр атлетикамен айналыса бастаған. Жаттықтырушысы - Рашит Төлегенов. Ол жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері.

Айта кетейік, жазғы Олимпиада ойындарының бес күнінде Қазақстан қоржынына жеті медаль түсті. Еліміздің көк туын желбіретіп, Алаштың айбынын асқақтатқан екі алтынды Ниджат Рагимов (ауыр атлетика) пен Дмитрий Баландин (жүзу) алса, қос күміс Елдос Сметов (дзюдо) пен Жазира Жаппарқұлдың (ауыр атлетика) еншісінде. Ал үш қоланы Отгонцецег Галбадрах (дзюдо) пен Фархад Харки және Карина Горичева (екеуі де ауыр атлетика) иеленді.

Сонымен 2016 жылдың 5-21 аралығында XXXI жазғы Олимпиада ойындарына 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысып, 28 спорт түрінен 306 медальдар комплектіне сайысқа түсті.

Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасынан 25 спорт түрінен 105 спортшы қатысты. Оның ішінде спорттың 10 түрінен 21 ОҚО спортшылары. Бұл тартысты бәсекеде Қазақстан 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медальды жеңіп, жалпы командалық есепте 22 орынға қол жеткізді. 

286 рет қаралды

Пікір жазу