"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

«ONTUSTIK TOURISM CENTER» ОРТАЛЫҒЫ ҚАНАТЫН ЖАЮДА

Сәрсенбі, 24 Тамыз 2016 07:24

 

Оңтүстік Қазақстан облысы қонақтары мен тұрғындары үшін өңірдің туристік әлеуеті жөнінде мәлімет алу мүмкіндіктері ұлғаюда. Осы жылы тамыз айынан бастап Түркістан қаласында «Ontustik Tourism Center» туристік ақпараттық орталығының бөлімшесі және Шымкент қаласының әуежайында ақпараттық дүңгіршегі өз жұмыстарын бастады. Аталған іс-шара қонақтардың Түркістан және Шымкент қалаларының аумағында облыстың көрікті жерлері туралы мәліметтерді алуды әлдеқайда жеңілдете түсті. Келесі ретте әуежай арқылы келген қонақтар уақыттарын жоғалтпай ұшып келе салып қажетті туристік мәліметтерді алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, жақын арада Шымкент қаласының теміржол вокзалында тағы бір ақпараттық дүңгіршек өз жұмысын бастамақ. Айта кетейік, «Ontustik Tourism Center» бөлімшелері мен ақпараттық дүңгіршектерінің жұмысы Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында туристік саланың дамуына және ақпарат қолжетімділігінің артуына ықпалын тигізеді.

Естеріңізге салсақ, осыдан үш ай уақыт бұрын Шымкентте өткен «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы аясында «Ontustik Tourism Center» туристік ақпараттық орталығының салтанатты ашылу рәсіміне куә болған едік. 

 

 

Жаңа орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Б.Атамқұлов облыстың туристік әлеуетінің зор екендігін айтып, аталған орталықтың өңірімізде туризм саласын дамытуға тың серпін беретінін айтты.

Туристерді ақпаратпен қамтамасыз ететін мемлекеттік коммуналдық мекеме тұрғындар мен қонақтарға алты бағыт бойынша қызмет көрсететін болатыны да айтылды.

Орталықтың ең басты ерекшелігі сол, мұнда өңір тұрғындары мен қонақтарына «Бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетіле отырып, мекеме ғимаратында туроператорлар, гид-аудармашы, көші-қон қызметі мен транспорттық мекемелер және ұлттық парк өкілдері шоғырландырылған. Бұл өз кезегінде туристерге туристік қызметті кешенді түрде алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұнда тәулік бойы call-орталық жұмыс істейді. Яғни, туристер өңіріміздің қай жерінде болмасын, мәселен, қалаға қалай жету немесе келесі нысанға қалай баруға болатынын орталыққа хабарласу арқылы біле алады.

Айта кететін жайт, орталықтағы барлық ақпараттық қызмет түрлері тегін көрсетіледі.

Мекеме директоры Жасұлан Төлебековтың айтуынша, дәл осындай принциппен жұмыс істейтін орталық республикада жоқ. Мысалы, Астана қаласындағы орталық конвеншн бюро, яғни, тек іс-шараларды ұйымдастырумен айналысса, Алматыдағы мекеме тек ақпарат таратуды қамтамасыз етеді екен. Ал

Оңтүстіктегі туристік ақпараттық орталықтың артықшылығы, мұнда конвеншн бюро мен ақпараттық бюро біріктірілген.

«ЭКСПО-2017» көрмесі мен «Универсиада-2017» халықаралық іс-шаралары   қарсаңында «Ontustik tourism center» орталығының ашылуы маңызды оқиға екенін тағы бір айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда орталық жетекшілігімен бұл бағытта еріктілерді дайындау, ақпараттық қол жетімділікті, қызмет көрсету сервисін арттыру және туристік бағыттарды әзірлеп, жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізу жоспарлануда.

288 рет қаралды

Пікір жазу