"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ШАРДАРАДА ЖАҢА ВОЛЕЙБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Сенбі, 27 Тамыз 2016 17:38

 

Шардарада жағажай волейболының алаңы ашылып, турнир өткізілді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға қатысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев жаңа алаңының тұсауын кесіп, жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған жағажай волейболы турниріне барлық аудандар мен Шымкент қаласынан 20-ға жуық команда  қатысты. Толарсақтан құм кешкен спортшылар ойын көрігін кешке дейін қыздырды. Тартысты бәсекеде Шымкент қаласы мен Шардара ауданының командалары ақтық сынға шығып, жеңіс үшін бәсекеге түсті. Шардаралық волейболшылар Ербол Сәкиев пен Асқар Қанділлаевтар жарыс соңына дейін жанқиярлықпен сайысқа түскенімен, шымкенттік Нұрдос Алдаш пен Владислав Кунченколар айласын асырып кетті. Нәтижесінде Шардара ауданы әкімінің жүлдесіне арналған жағажай волейболы турнирінің жеңімпазы болып Шымкент қаласының командасы танылды. 

Ал  Шардара  мен Қазығұрт ауданының командалары екінші, үшінші орындарды бөлісті. Жарыс соңында аудан әкімі Арман Абдуллаев жеңіс тұғырына көтерілген жеңімпаз командаларға қаржылай сыйлықтар мен арнайы медальдарын және турнир  кубогін табыс етті. Енді алдағы қыркүйек айында бұл жағажайда спорттың осы түрінен Оңтүстік Қазақстан облысының І -чемпионаты өткізілетін болып шешілді. Өңір тұрғындарының салауаты өмір салтын қалыптастыруы, денсаулықтарын жақсартуы үшін осындай игі шаралар жасалуда.

Елбасы Н. Назарбаевтың Халыққа жыл сайынғы Жолдауында да халық денсаулығын нығайтуға үлкен көңіл бөлініп келеді және сол тапсырмаға сай түрлі шаралар кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда.

384 рет қаралды

Пікір жазу