"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО-ДА «АЙБАРЫ МЫҚТЫ – АТА ЗАҢ» МЕРЕКЕЛІК ЖИЫН ӨТТІ

Дүйсенбі, 29 Тамыз 2016 16:41

 

Бүгін Шымкент қаласындағы облыстық орыс драма театрында Қазақстан Республикасының Конституция күні мерекесіне арналған «Айбары мықты – Ата Заң» салтанатты іс-шарасы өтті.

Шараға қатысқан өңір басшысы барша Оңтүстік жұртын мерекемен құттықтап, 30-ға жуық азаматты «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, облыс әкімінің Грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.

Өз құттықтау сөзінде облыс әкімі Конституция – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы екенін атап өтті. «Осыдан 21 жыл бұрын, ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдады. Жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Сол күннен бастап, Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды»,- деді Б.Атамқұлов.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Бүгін сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне  орай, үш мәдениет нысаны ел игілігіне пайдалануға берілді.

 

 

Мереке қарсаңында тұрғындарға есігін айқара ашқан 75 орындық ауылдық клубтар Жібек жолы мен Бірлік ауылдық округтерінде орналасқан болса, енді бірі Құркелес ауылдық округіндегі 150 орындық мәдениет үйі.

Ашылу салтанатына қатысқан аудан басшысы  Қ.Әбдуалиев барша жұртшылықты мерекемен құттықтап, дарынды да талантты азаматтардың саны артатынына сенім білдірді.

Пайдалануға берілген мәдениет нысандары  толықтай құрал-жабдықтармен, компьютерлермен және жиһаздармен қамтамасыз етілген. Мәдениет үйлерінің жанында кітапхана, оқу залы, жоғары жылдамдықта істейтін интернет пен телефон байланыстары бар.

Жалпы Сарыағаш ауданында осы жылы мәдениет нысандары жоқ ауылдық округтер мен елді мекендерде ауылдық клубтар мен кітапхана құрылыстары қарқынды жүргізілді. Бүгінге дейін Бірлік, Жібек жолы, Құркелес, Тегісшіл, Ақтөбе ауылдық округтерінде мәдениет нысандарының құрылысы аяқталып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 3 мәдениет үйлері аудан тұрғындарына тапсырылады деп жоспарлануда.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

278 рет қаралды

Пікір жазу