11Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО-ДА МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА ҚОЛ АРБАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ

Сәрсенбі, 31 Тамыз 2016 08:04

 

Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға өздігінен жүретін қол арбалар табысталды. Электронды арба күн сәулесінен қуат алады. Ықшамдалған көліктегі аккумулятордың күші 30 шақырымға жетеді. Күн бұлттанып, қондырғының күші қайтса, оны кәдімгі тоқ көзіне жалғап, қуаттауға болады. Қол арбаны Халықаралық қазақ-түрік университетінің мұғалімдері мен шәкірттері құрастырып шығарған. «Алдымен мүмкіндігі шектеулі жандардың қауіпсіздігін ойладық. Қосалқы бөлшектердің де сапалысын таңдадық», - дейді олар. Арбаның алдына зат салып қоюға болатын қорапқа дейін орнатылған. Қайырымдылық шарасы аясында 20 адамға арбалар тегін берілді. Қонарбек Жүнісов, Кентау қаласының тұрғыны: - Құдай қаласа, енді мына көлікпен енді қаланы аралап жүретін болдық. Қуанышымызда шек жоқ. Көпшілікке, халыққа осындай жағдай жасай берсін. Рақмет үлкен, бала-шағаларының рахатын көрсін! Ферхад Чайыр, өнертапқыш: - Мен өте қуаныштымын. Бұдан басқа қуаныш болмайды. Жүре алмайтын адам жүреді. Бұдан кейін тағы да көп адамдарға беріледі. Шымкент, Төрткүл, Түркістан, Кентау қаласының тұрғындарына бердік. Біздер кейін тағы 100 дана жасаймыз.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған: «Қазақстан жолы -2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек  назар аудару туралы кеңінен айтылған болатын. Естеріңізде болса, осыған сәйкес,  «Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына - 25 игі іс» өткізу шарасының аясында «Әлеуметтік қолдау» айлығы шеңберінде Оңтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Биыл өңіріміздегі мүмкіндіктері шектеулі(мүгедек) жандар қол арбамен қамтылды.

Атап айтсақ, жыл басынан бері тіркеуде тұрған 1422 мүмкіндігі шектеулі(мүгедек) азаматтарға 1465 қол арба сатып алынып, оның 1107-і таратылған болатын. Сөйтіп, облыс бойынша 1064 мүмкіндігі шектеулі азамат қол арбамен қамтылып, оның 43-не жеке оңалту жоспарына сәйкес бөлме ішілік және серуендік екі қол арбадан берілген.

 Жылдан жылға мүмкіншілігі шектеулі жандарға  деген қоғамның көзқарасы өзгеріп, оларды қоғамның бір мүшесі ретінде қарауға бет бұрып келеді. Үкіметіміздің мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз кеңістік шаралары аясында атқарған шаралары да аз емес.  

Айта кетейік,  ОҚО-да 112 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат есепте тұрады. Оның 53 мыңнан астамы І және ІІ топтағы мүгедектер болса, 42 мыңға жуық азамат III топтағы мүгедектер болып табылады. Ал аймағымызда бала кезден мүгедектер саны 17 286 адамды құрайды. Оның ішінде, 7 744 мұқтаж мүгедек міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілуде.

276 рет қаралды

Пікір жазу