13Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО ӘКІМІ ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАДЫ

Сәрсенбі, 31 Тамыз 2016 16:51

 

Бүгін ОҚО басшысы Б.Атамқұлов Рио олимпиадасының жеңімпаздары – күміс және қола медаль иегерлері Жазира Жаппарқұл мен Отгонцэцэг Галбадрахты қабылдап, спортшыларды марапаттады. Облыс әкімі халықаралық бәсекеде еліміздің намысын қорғап, көк туымызды желбіреткен спортшы қыздарға «Нұрсат» шағын ауданынан екі және бір бөлмелі пәтерлердің кілтін табыстап, кәсіпкерлердің атынан «Toyota Land Cruiser 200» және «Toyota Land Cruiser Prado» джип автокөліктерін мінгізді. 

 

 

«Сіздер Рио олимпиадасында өнер көрсетіп жүргенде барша жерлестеріміз Өздеріңіз үшін жанкүйерлік танытып, күні-түні тілеулес болды. Сондықтан бұл сый-сияпатты бүкіл Оңтүстік жұртшылығының атынан берілген алғыс деп біліңіздер», - деді Б.Атамқұлов.

Өз кезегінде, спортшы қыздар – Жазира мен Отгонцэцэг саланы дамытудағы қолдаулары үшін облыс әкіміне алғысын білдіріп, 2020 жылы Токиода өтетін халықаралық олимпиадада ел үмітін ақтап, барын салатындықтарын жеткізді. 

 

 

Спортшылармен болған кездесуде аймақ басшысы соңғы жылдары өңірімізде ауыр атлетика мен күреске айрықша көңіл бөлініп, аталған спорт түрлерімен жастардың көптеп айналысып жатқанын жеткізді. Салауатты өмір салтын ұстануға Елбасының да жете мән беріп, көңіл бөлуінің арқасында әр ауылдан спорт кешенін ашу жұмыстарының жүріп жатқанын айтқан облыс әкімі халқымызды бұқаралық спорт түрлеріне жиірек тарту басты мақсат екенін алға тартты.

Естеріңізге салсақ, 69 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын Жазира Жаппарқұл жұлқа көтеру жаттығуын 111 келіден бастады. Отандасымыз бұл салмақты оңай еңсерді. Екінші мүмкіндігінде 115 келіге тапсырыс беріп, оны да ойдағыдай көтере білді. Үшінші мүмкіндігінде 117 келі Жазираның ырқына бағынбады. Жарыста отандасымыздың басты қарсыласы саналған қытайлық Сян Яньмэй бірінші жаттығуда 116 келіні көтеріп, Жазирадан 1 келіге озып шықты. Отандасымыз екінші жаттығуды 140 келіден бастады. Бірінші мүмкіндігінде көтере алмай, екіншісінде барып зілтемір басынан асырып, тік тұрды.

Одан кейін 144 келіні көтере білді. Нәтижесінде отандасымыз қоссайыста 259 келімен (115+144) күміс жүлдегер атанды.

Ал, 48 келіге дейінгі салмақта белдескен қазақстандық дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Қазақстан құрамасының намысын қорғайтын моңғол қызы жұбаныш белдесу арқылы ірі жетістігіне қол жеткізді. Галбадрах Отгонцэцэг қола медальға таласта кубалық Местре Альваресті айқын ұтып шықты. Ал оған дейін алғашқы белдесуінде Гвинея-Бисау елінің спортшысы Тациана Лимоны жеңсе, ширек финалда жапон спортшысы Кондо Амиге есе жіберіп алған болатын. Жұбаныш белдесуде Венгрия спортшысы Эва Черновицкиді ұтты.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

422 рет қаралды

Пікір жазу