"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО-ДА 25 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Бейсенбі, 01 Қыркүйек 2016 16:45

 

1 қыркүйек – Білім күнінде Оңтүстік Қазақстан облысында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, 25 жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Жаңадан ашылған білім ошақтарының 2-і мектебі жоқ елді мекендерден бой көтерсе, 7 білім нысаны үш ауысымды мектептерді жою үшін салынған. 6 ғимарат ыңғайластырылған мектептердің орнын алмастырса, 9 білім ошағы апатты жағдайдағы нысандарды жою үшін, ал 1 мектептің іргетасы оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында қаланған.

Атап айтқанда, білім ошақтарының басым бөлігі Мақтарал мен Қазығұрттан бой көтерген. Аталған аудандарда 6 мектептен 12 нысан оқушылар үшін есігін айқара ашып отыр. Сайрам мен Шымкентте 3 білім ошағынан 6 мектеп пайдалануға берілсе, Сарыағашта 2, Арыста 2, Түлкібаста 1, Созақта 1 және Шардарада 1 білім мекемесі жұмысын бастады.

Жалпы жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстанда 67 білім нысанының құрылысы жүргізілсе, бүгінге дейін соның 34 мектебі мен 4 балабақшасы ел игілігіне беріліп, пайдаланылуда. Жыл соңына дейін тағы бірқатар білім ошақтары елге қызмет етуді бастайды деп күтілуде. Облыстық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметінше, жалпы 67 нысан пайдалануға тапсырылғанда өңіріміздегі 26 145 оқушы жаңа оқу ғимаратымен қамтылатын болады.

Бүгін өңір басшысы Б.Атамқұлов Шымкент қаласындағы жаңадан пайдалануға берілген №54 жалпы орта мектебінің «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасына қатысып, жаңа оқу жылында шәкірттерге сәттілік тіледі.

«Еңбектің ең үлкені – Білім! Жаһандану процесі барысында біз білім сапасына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Сонда ғана бәсекеге қабілетті ел боламыз.

Биыл 73 мыңнан аса бірінші сынып оқушылары алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, төрт мыңға жуық балаға көбейген. Мен облысымызда бірінші сыныпқа барған әрбір шәкірттің мектеп алаңына өз ағаш көшетін отырғызуды ұсынамын. Бұл жақсы дәстүрге айналса екен деймін. Әрбір оқушы өз ағашының көркейгенін көріп өссе, келешекте мейірімді, қоршаған ортаға жанашыр болады. Бұл да бала тәрбиелеудің бір амалы деп ойлаймын», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Абай ауданына қарасты «Ынтымақ» шағын ауданы халқының күн санап өсуіне байланысты бой көтерген жаңа мектеп 900 балаға шақталған.

Заман талабына сай жабдықталып, балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасайтын типтік оқу орны 3 қабатты. Мектепте 29 оқу кабинеті, химия, физика, биология лабораториялары, мультимедиялы – лингофонды, компьютер класы, кітапхана, мәжіліс және оқу залы бар.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

182 рет қаралды

Пікір жазу