15Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

КЕНТАУДА ЕКІ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАН ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Жұма, 02 Қыркүйек 2016 12:42

 

Кентау қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен білім күніне орай 200 орындық мектеп пен 100 орындық балабақша ашылып, ел игілігіне тапсырылды. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту ісіне қосылып жатқан бұл үлестер мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық.

Бұл жолы Байылдыр ауылында орналасқан №9 С.Қожанов атындағы жалпы орта мектеп жаңа заманауи үлгіде салынған. Білім ордасының ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ә.Мақұлбаев пен облыстық «Жастар саясаты» басқарма басшысы Б.Жанәбіл ауыл тұрғындарын білім күнімен құттықтап, ұстаздар мен оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.

Мұнда балалардың кедергісіз білім алуына барлық жағдай қарастырылған. Мәселен, салқын, ыстық су, интерактивті тақталар, ұл-қыздарға арналған еңбекке баулу құрылғылары мен бақылау видеокамералары орнатылған. Осындай заманауи әрі қолайлы білім шаңырақтарының саны жыл санап артып келе жатқанын айта кеткен жөн.

Мереке қарсаңында тұрғындарды қуанышқа бөлеген екінші нысан 100 орындық бүлдіршіндерге арналған «Ертөстік» балабақшасы. Қаланың ішінде бос тұрған ғимаратты мектепке дейінгі білім беру мекемесіне ыңғайластырып, пайдалануға берілді. Соңғы үлгіде салынған ғимаратта балаларға арналған барлық құрал жабдықпен қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, биыл Кентау қаласында жалпы мектепке баратын оқушы саны 16138 құрап отыр. Оның ішінде 1-ші сыныпқа баратын бала саны 1919 болса, 11-ші сыныпқа баратын оқушы саны 655. Өткен жылмен салыстырғанда мектепке келуші бала саны 20 пайызға өскен.

 

Кентау қаласы әкімінің баспасөз қызметі

235 рет қаралды

Пікір жазу