"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ЕЛ ИГІЛІГІНДЕ

Жұма, 02 Қыркүйек 2016 12:52

 

Ата заңымыздың 21-жылдығына орай Сарыағаш ауданы Дербісек ауылында спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңадан бой тіктеген нысан салтанатты түрде ауыл ақсақалдарының ақ батасымен ашылды.

Жаңа нысан жеке кәсіпкер Бақтығали Нарбаевтың демеушілігімен жүзеге асып отыр. Екіқабатты мекеменің құрылысына шамамен 40 млн. қаржы жұмсалған. Жаңадан бой көтерген нысанда спорттық және тренажер залдары, бапкерлердің бөлмелері, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер бар. Кешеннің ашылуына орай ауыл жастары арасында бокстан турнир ұйымдастырылды. Көптің ішінен дара шыққан Бекжігіт жасы кіші болғанмен, өз қатарластарынан шымыр болып шықты. Көптеген облыстық жарыстарда оза шапқан жас боксшыға бапкерлері үлкен үміт артады.

Бекжігіт Рысбек, оқушы: «Мен 6  жасымнан бері бокспен айналысамын. Сарыағаш ауданында өткен жарыста мен 1-ші орын алдым. Бүгін де жеңіске жеттім. Мені дайындаған бапкерлеріме алғысымды білдіремін. Мен спорт кешенінің біздің ауылда ашылғанына өте қуаныштымын».
Спорттық нысан ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа баулитын тәрбие ошағы. Жиналған қалың жұрт келешекте қазақ спортын әлемге паш етер тұлғалар дәл осы босағадан түлеп ұшатынына сенімді. Бұл орайда туып өскен ауылына болсын деп ұланғайыр жұмыс атқарған атымтай жомарт азаматтарға ел ағалары алғыстарын жеткізді.

Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлініп келеді. «Бұл бағытта Сарыағаш ауданында да жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр. Алдағы уақытта әлі бірнеше спорттық нысандар бой көтереді», - дейді аудандық спорт бөлімінің басшысы.

Мұхан Асылов, Сарыағаш аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

«Біздің ауданымызда жалпы 5 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі бар. Осы ауылымыздан үлкен әлем чемпиондары түлеп ұшты. Азия чемпионы - Нысан Дәулет және Әлем чемпионы Бекман Сойлыбаев. Жастарға тілейтінім, тек қана спорт саласында көк байрағымызды шет елдерде желбірете берсін».

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, боксшы, олимпиада чемпионы, Мұхтархан Ділдәбеков те ауыл тұрғындарын жаңа спорт кешені ашылуымен құттықтап, ізбасарларына арнайы мастер-класс өткізді.
Өз кезегінде жаңа нысанның директоры спорт кешені – ауыл балаларының бос уақыттарын тиімді өткізіп, оларды білімге, имандылыққа бастайды, - дейді. Мұндағы мақсаты - өскелең ұрпақтың болашақта елдің үмітін арқалар азамат болса деген ой.

Бақтығали Нарбаев, «Орал ата» спорт кешенінің директоры: «Кешеннің құрылысы көктемнен бастау алды. Спортшыларымызға барлық жағдай жасалған. Бокс залы, теннис алаңы, еркін күрес және футбол алаңшалары бар. 4 бапкеріміз бар.  Бұйыртса, осы босағадан елімізді әлемге танытар үлкен чемпиондар шығады деп сенемін».

232 рет қаралды

Пікір жазу