"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ЖАҢА КӨПІР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жұма, 02 Қыркүйек 2016 17:06

 

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Қазығұрт ауданының Тұрбат ауыл округіне қарасты Тұрбат ауылы мен Қызылдихан елді мекендерін қосатын көпір құрылысы бітіп, пайдалануға берілді. Өткелдің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Т.Телғараев, мекеме, бөлім басшылары мен қызметкерлері, ауылдық округ әкімі, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Үш мыңнан астам халқы бар елді мекендерде бұрын-соңды көпір болмаған. Жергілікті халық өткелді қолдан істеп, алайда ол көпір тез арада жарамсыз күйге түсіп отырған еді.

Айта кетейік, Тастақсай өзені арқылы өтетін өткелді салуға қаржы облыстық бюджеттен қаралыпты. Ұзындығы 66 метр, ені 8 метр болатын көпірде түрлі көліктердің жайлы өтуіне жағдай жасалған.

 

МӘЛІМЕТКЕ:

ОҚО-да Тәуелсіздік жылдары 100 көпір жөнделген. Бұл жөнінде осыдан бір ай уақыт бұрын ОҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, 1999 жылы Мемлекет басшысыныӊ тапсырмасымен Мақтарал ауданы мен Шымкент қаласын қосатын және республиканыӊ басқа да аймақтарына шығатын ұзындығы 53 шақырым болатын Қызыләскер - Киров автомобиль жолыныӊ құрылысы салынып, 2001 жылы пайдалануға берілді. Бұл жоба еліміздіӊ транзиттік мүмкіндіктерін едәуір кеӊейтті. Сонымен қатар, 2009-2013 жылдар аралығында Арыс қаласындағы облыстық маӊызы бар 36 шақырымдық автомобиль жолы қалпына келтірілген. Осы жылдар ішінде Бәйдібек ауданындағы Қошқар ата - Кеӊсай - Жамбыл облысыныӊ шекарасы жолыныӊ 15,8 шқ. мен Шардара қаласындағы Сырдария өзенініӊ екі жағалауын қосатын көпір және Отырар ауданындағы Балтакөл елді мекені мен Түркістанды қосатын көпірдіӊ құрылыстары жүргізілген. Жалпы 2000-2015 жылдары облыс жолдарына 151 млрд. теӊге бөлініп, 9 176,5 шқ. жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оныӊ ішінде, 100 көпірдіӊ жөндеу жұмыстары және 45 көпірдіӊ құрылысы жасалды.

 

Қазығұрт ауданы әкімінің баспасөз қызметі

258 рет қаралды

Пікір жазу