17Қараша2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

МАҚСАТТЫ ПАЙДАЛАНЫЛМАЙ ЖАТҚАН ЖЕРЛЕР ЖАЙЫ ТАҒЫ АЙТЫЛДЫ

Дүйсенбі, 05 Қыркүйек 2016 15:39

 

ОҚО-ның Ордабасы ауданында нысаналы мақсатты пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жөнінде жұмысшы топ құрылып, алғашқы мәжілісін өткізді.

Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Дүйсембаевтың мәлімдеуінше, ауданда пайдаланылмаған жер көлемі 7236 гектарды құраған.

Аудан әкімі А.Мамытбеков бұл деректі статистика басқармасы мен кірістер басқармасының көрсеткіштерімен салыстыруды ұсынды. Сонымен қатар, бүгінге дейін ескерту жолданған, соған қарамастан жерді пайдаланбаған азаматтардың тізімін нақтылап, жерді мәжбүрлеп қайтару үшін құжаттарды сотқа жолдауды тапсырды.

Жиында Бөген ауылдық округінің әкімі Б.Шәмет өз аумағындағы қараусыз жатқан 295 гектар жердің егесін табу қиынға соғып жатқанын алға тартып, мекенжайын анықтай алмағандықтан ескерту де жолданбай отырғанын жеткізді.

Өз кезегінде, Алмасбек Кеңесбекұлы ауыл әкімдеріне халыққа қызмет көрсету орталығының көмегіне жүгініп, түгендеу жұмысын жүргізуді жүктеді.

Мұнан соң, отырыс барысында аудандық прокуратураның прокуроры С.Сапарымбетов 2015 жылы жолданған ескерту хаттарының нәтижесін шығаратын мерзімнің жеткенін тілге тиек етті.

Жиын соңында жұмысшы топ мүшелерімен аптасына бір рет жиын өткізіп, атқарылған шараларды саралап отыру келісілді.

Естеріңізге салсақ, өткен жылы мақсатты қолданылмай жатқан жердің бір миллион бір жүз мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылса, осы жылдың бірінші жарты жылында 700 мың гектар жер Үкіметке қайтарылған. Жер ресурстарын басқару агенттігінің мәліметі бойынша, жалпы алғанда еліміз бойынша ауыл шаруашылығы қажеттілігіне арналған 93 млн. гектар жер бар. Оның 90 пайызы - жалға берілген жерлер.

 

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

267 рет қаралды

Пікір жазу