"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

«ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ -2020» - ЖАС МАМАНҒА КӨМЕКШІ

Дүйсенбі, 05 Қыркүйек 2016 15:41

 

Түркістан қаласында «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы қарқынды жүргізілуде. Аймақтағы жас педагогтардың басым бөлігі осы бағдарлама шеңберінде жұмысқа орналасқан. Бір ғана Жұмабек Еділбаев мектебінің өзінде 12 ұстаз жергілікті жұмыспен қамту бөлімі арқылы тұрақты жұмысын тапқан.

Дина Сыздықованың мамандығы – бастауыш сыныптарының мұғалімі. 21 жастағы жас маман Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқыған. Қолына диплом алған соң, жұмыс іздеп, көп сабылмады. Айналасы бір айдың ішінде қалалық жұмыспен қамту бөлімі арқылы мектепке орналасты.
Жұмабек Еділбаев мектебінде Дина сынды 12 жас ұстаз жұмыспен қамту бөлімі арқылы әлеуметтік мәселесін шешті. Бағдарлама тиімді болған соң, былтырға қарағанда биыл қатысушылар көп. Жұмыс берушілердің айтуынша, жас мұғалімдердің қарым-қабілеті жоғары. Жан-жақты білім алған. Өз құқықтарын да жіті біледі. Басшылық олардың осы мектепте тұрақтап қалатынына сенеді.

Биыл Түркістан қаласы бойынша 500-ге тарта жас маман жұмыс орындарына жолдама алған. Оның 30 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл көрсеткіш жыл санап арта бермек. Өйткені, Түркістанда диплом алған жастардың қарасы қалың.

Осы «Жұмыспен қамту -2020 жол картасы» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылатын «Жастар практикасы» бағдарламасы да оң нәтиже беріп жатқанын айта кетуге болады. Айталық, өткен жылы ОҚО бойынша 653 азамат жұмысқа жіберілсе, оның 523-і сол мекемелерде тұрақты қызметке қалған.

Негізі жобаға 18 жастан 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.

217 рет қаралды

Пікір жазу