"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ҚОРДАЙ ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫ: ПРЕСС-ТУР

Дүйсенбі, 05 Қыркүйек 2016 16:33

Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған пресс-тур бойынша журналистер Қордай ауданында болды. БАҚ өкілдері аудандағы бірқатар нысандарды аралады.

 

 

Қордай ауданындағы "Қақпатас-Қордай" ЖШС  сауын сиырлар өсірумен бірнеше жылдан бері айналысады.  Қазір мұнда 229 бас аналық сиыр бар. Олар күніне орта есеппен 17-18 литр сүт береді.

Ферма толықтай шведтік технологиямен жабдықталған. Автоматты жүйе қай сиырдың қанша сүт бергенін анықтап, олардың денсаулығын да бақылайды. Егер құрал сиырдың денсаулығынан аз ғана өзгеріс байқаса, бірден мал дәрігерлерінің бақылауына алынады. Сондай-ақ, жүйе құрамына мал тұрған жердің ауасын салқындататын желдеткіш пен уқалайтын құрылғы кіреді.

- Бізде сиырларға барлық жағдай жасалған. Тіпті автоматты қи шығару жүйесі де орнатылған. Бұл құрылғы сиырдың аяғына тисе бірден тоқтап, одан соң өз жұмысын жалғастырады. Бұл жабдықтардың барлығы Швециядан алынды. Сол елден келген мамандар құрылғыларды өздері орнатып, істің басы-қасында жүрді. Жобаның жалпы құны - 600 млн. теңгені құрады. Ферманы құрғанымыз үшін  "Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту" бағдарламасы бойынша 30 пайыз субсидия алдық,-дейді меңгеруші Константин Окасов. 

Сиырлар күніне 2 рет: таңғы және кешкі 6-да сауылады. Автоматты құралдар бір уақытта 24 сиырды саууға мүмкіндік береді. 
Сондай-ақ, мұнда сиырлар байланбай, емін-еркін жүреді, оларға  тәулік бойы көк шөп, құнарлы азықтар мен жемнің бірнеше түрлері беріледі.
- Серіктестіктің сүтін алматылық "Фуд Мастер" компаниясы күн сайын өздері алып кетеді. Қожалық аталған компаниямен 3 жылдан бері жұмыс істейді, сүтті қабылдау бағасы да көңілге қонымды, 87 теңге, -дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н. Молдабеков.

Шаруа қожалығының ендігі мақсаты - ферманың сүт өндірісін арттыру. Бұл үшін олар биыл Германиядан күніне 30 литр сүт беретін швед тұқымды 200 бас сиыр алып келуді жоспарлауда. Бүгінде серіктестік басшысы осы мәселе бойынша  келіссөздер жүргізуде.

 

 

Қордай ауданындағы "Грин Вил" ЖШС өткен жылдан бастап жылыжай кәсібін қолға алды.

Бүгінде 2 гектар жерге қызанақтың голландиялық және жапониялық түрлері өсірілуде.

        
Ұзындығы 6-7 метрге дейін жететін өнімнің түрі және дәмі айрықша келеді. Қызанақ гүлдеген кезде тозаңдандыру үшін бал аралары жіберіледі. Әр көшеттің түбіне тамшылатып суару жүйесі орнатылған.
         - Жылыжайға көшеттер былтырғы жылдың қараша айында тәжірибе ретінде отырғызылды. Мемлекет тарапынан 30 пайыз субсидия бөлінді,-дейді ЖШС меңгерушісі Исмаил Харки. 
         Мұнда егін жылына 2 рет жиналады. Қызанақтың ерекше түрлері гектарына 300-400 тоннаға дейін өнім береді.
         Серіктестік өнімдері мейрамханалар мен дәмханаларға өткізіледі. Қыс маусымында олардың бағалары келісіне 600-800 теңге шамасында болады. 
         Кәсіпорын бүгінде 2 гектар жерге құлпынай өсіруді жоспарлауда. Қазіргі таңда құлпынай жылыжайының құрылысы жүргізілуде.

 

 

Қордай ауданындағы "Флагман" сауда үйі өткен жылдың желтоқсан айында ашылған.

Тұтынушылар орталықтан азық-түлік өнімдерінен бастап киім-кешек, ыдыс-аяқ, мектеп оқушыларына арналған кеңсе заттары сияқты көптеген тауар түрлерін таба алады.

         Мұнда ұн, май, күріш секілді сұранысқа ие тауарларды төмен бағамен алуға болады. Ал ет жергілікті кәсіпкерлерден жеткізіледі. 
         - Нысан өз қаражамытымызға ашылды. Жеткізушілермен тікелей жұмыс жасайтындықтан тауарлар арзан. Баға бақылауда,-дейді орталық меңгерушісі Бағдагүл Дегенбаева.
         Сауда үйінің бір ерекшелігі, нан және кондитерлік өнімдер осы жерде пісіріліп, сатып алушыларға жаңа күйінде ұсынылады. Бүгінде нанның 15 түрі осында өндірілуде.

         - Біз күніне 30-40 дана торт және 50-60 келі тәтті тоқаштар пісіреміз. Тауарларымыз сұранысқа ие. Бөлімде 8 адам еңбек етеді,-дейді кондитерлік бөлімнің меңгерушісі Зәуре Әбдірайымова. 
        Орталық алдағы уақытта әлеуметтік нан өндірісін ұлғайтпақ, ол үшін арнайы пешке тапсырыс берілген.

         Сауда үйінде барлығы 35-40 адам жұмыс жасайды, олардың орташа айлық жалақысы  70 мың теңгені құрайды.

 

 

Қордай ауданындағы "Жиһаз 2" ЖШС өз жұмысын 2013 жылы бастаған.

Серіктестік құм блоктары, плиталар, брусчаткалар, еуро қабырғалар, бетоннан жасалған бұйымдар шығарумен айналысады.
 
         Өндіріс орыны отандық шикізатты қолданады. Мұнда цемент Мойынқұмның Мыңарал, Хантау зауыттарынан, құм Шу ауданынан жеткізілсе, бояулар Алматы қаласынан алынады.
         Серіктестік  "Даму" қоры арқылы 8 млн. теңге несие алған. Қор оның 7 пайызын субсидиялаған.
         - Мемлекет тарапынан қолдауды сезініп отырмыз. Алған несиемізді жарты жылдан соң толықтай өтейміз. Алға қойған мақсаттар мен жоспарлар көп,-дейді ЖШС директоры Марат Отарбаев.
         Өндіріс орнында брусчатканың 25, құм блогының 7-8 түрі шығарылады.  Олардың бағасы  салмағы мен түріне қарай 100 теңге мен  250 теңге аралығын құрайды.
         Мұнда 25 адам еңбек етеді. Ал тапсырыс көбейгенде жұмысшылар саны 40 адамға дейін артады. Олардың айлық жалақысы атқаратын қызметіне қарай 70 мыңнан 140 мыңға дейін барады. Жұмысшыларға бір мезгіл ыстық тамақ беріледі және оларға таза киімдер алатын арнайы бөлме бөлінген. 
         

          Бүгінде серіктестік тауарлары Шу және басқа аудандарға  жеткізілуде.

         - Тауарлардың өтуі көңілден шығады. Жақында ғана 3 мың текше метр брусчатка Шу қаласына жөнелтілді. Тапсырыс бойынша басқа да ұйымдармен келісім жүргізілуде,-дейді Марат Отарбаев.

 

 

Қордай ауданындағы "Киім тігу" ЖК 2012 жылдан бастап жұмыс істейді.

Шағын цех мектеп және әскери формаларды, көрпе және жастық сияқты бұйымдарды тігумен айналысады.

         Жеке кәсіпкерлігін ашу Сәттігүл Смағұлованың бала кезден бергі арманы болған. Міне, бүгінде тынымсыз еңбегі мен іскерлік қабілетінің  арқасында сол арманы жүзеге асып, шағын цехты басқарып отыр. 
        

- Тігіншілікпен бірнеше жылдар бойы өзім айналысып келген едім. 2012 жылы "Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы" бағдарламасы аясында қаражат алып, жеке кәсібімді ашайын деп шештім. Биыл несиемді толықтай өтеймін деп отырмын. Мемлекет тарапынан қолдау жасалынып келеді,-дейді цех басшысы.

         Мұнда тапсырыспен шекара және жол полиция қызметкерлерінің, мектеп оқушыларының формалары дайындалады. Шекара қызметкерлері киімінің толықтай жиынтығының бағасы 25 мың теңге тұрады, 1 тігінші күніне 1 жиынтық дайындай алады. Ал мектеп оқушыларының формасы бастауыш сыныптарға 6-8 мың теңгеден, ал үлкен сыныптарға 10 мың теңгеден тігіледі.
       

Өндіріс орынында 6 тігінші және 1 пішуші еңбек етеді. Олар орта есеппен 30-40 мың теңге айлық жалақы алады. 

         "Біздің тауарлардың сапасы жақсы деп айта аламын. Тұтынушылар күн сайын артып келеді. Жұмыс көлемі маусымына 1 млн. теңгеге дейін жетеді,-дейді Сәттігүл Смағұлова.
         Қазір тігін цехына балабақша және басқа да ұйымдар, жергілікті тұрғындар тарапынан тапсырыстар келіп түсуде. Осыған байланысты кәсіпорын директоры алдағы уақытта  тігін цехын үлкейтуді жоспарлап отыр.

270 рет қаралды

Пікір жазу