13Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

БІРІККЕН АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІНЕ ЕТ ЭКСПОРТТАЛУДА

Сәрсенбі, 07 Қыркүйек 2016 06:05

 

Созақ ауданында бүгiнгi таңда мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының бәрi еттi қой түрлерiн өсiрумен қарқынды түрде айналысуда. Ал сала мамандары көзін тапса, қаракөл шаруашылығынан келер табыстың көл-көсiр болатынын айтады.

Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырған теріскейліктердің қаракөл мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыстары өз нәтижесін бере бастады.

Бүгінде Созақ ауданында екі бірдей шаруашылық - «Құмкент» және «Қара құр» өндірістік кооперативі қаракөл қойын өсірумен айналысады.
Тамыз айында «Қара құр» өндірістік кооперативі 1238 бас қаракөл тоқтысын Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығарып, тиімді бағада сатты.

Шетелдіктердің қой алудағы талаптарынан толықтай шыққан кооператив жетекшісі жыл соңына дейін тағы да бірқатар қаракөл қойын шетелге сатуды жоспарлап отырғанын айтады.

Естеріңізде болса, Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің өңірлері арасынан бірінші болып Біріккен Араб Әмірлігіне ет экспорттауды бастады. Осы жылдың маусым айында Шымкент халықаралық әуежайынан 1 мың бас ұсақ мал Фуджейра (БАӘ) қаласына жеткізілген болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған жұмыстардың экспорттаушысы «Қайып ата» компаниясы еді.

Айта кетерлігі, Біріккен Араб Әмірлігіне етті экспорттау бойынша келіссөздер 5 айдан астам уақыт ішінде жүргізілді.

Келісімшарт аясында осы жылдың тамыз айына дейін жергілікті кәсіпкерлер БАӘ-не 60 мың бас ұсақ мал жеткізетін болады.

Сонымен қатар, осы бағыттағы келіссөздер Сауд Арабиясы, Иран және Ирак мемлекеттерімен жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1,5 мың тонна етті экспортқа жөнелту жоспарланған.

Ет экспортын дамыту облыстың мал шаруашылығы саласына жаңа серпіліс беріп, ауылдың кәсібі мен нәсібін көбейтетіні анық. Бұл бағыттағы жүйелі мәселелерді шешу мақсатында ұсақ және ірі қара мал өсіру бойынша арнайы кооперация құрылатын болады.
Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

262 рет қаралды

Пікір жазу