"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЖЕР КҮТІМІНЕ ЖАҢАША КӨЗҚАРАС ҚАЖЕТ

Бейсенбі, 08 Қыркүйек 2016 15:54

 

ОҚО Отырар ауданында топырақтың құнарлылығын арттыру, өнiмдiлiктi еселеу және тұзданған топырақты мүмкiндiгiнше сауықтыру арқылы қайта айналымға қосу жұмыстары қолға алынып келедi.

Биыл сәуiр айында Ақтөбе ауыл округiне қарасты «Азия Агро Групп» ЖШС-нiң базасында Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия институтының ғалымдары мен ауыл шаруашылығы мамандары және шаруа қожалықтары төрағаларының қатысуымен далалық семинар-кеңес өткен болатын. Сол семинарда ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастырмай қандай дақыл болса да, мол өнiм алынбайтыны туралы айтылған едi, деп жазады okg.kz.  Аудан әкiмi Ерлан Айтаханов ғылыми-зерттеу институтының «Тұзданған топырақтың құнарлылығын арттыру, инновациялық технологиясын өндiрiске енгiзу және фермерлерге технология негiздерiн үйрету» атты жобасымен танысып, салмақтай келе аудан шаруаларын ғылыми институтпен бiрлесе жұмыс iстеуге шақырған.

Таяуда ауданымыздың егiн саласындағы өзектi мәселелерiн шешу, жердiң құнарлылығын арттыру, топырақтың тұздылығын төмендету мақсатында екiншi рет облыстық далалық семинар өттi. Оған аудан әкiмi Е.Айтаханов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Тұрбеков, Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының директоры А.Сапаров және институт ғалымдары А.Отаров, Г.Аташева, М.Пошанов қатысты.

Сондай-ақ, семинарға Жапониядағы Киото университетiнiң профессоры Фунакава Шинья және университеттiң бiр топ магистранты келiп, келелi пiкiрлерi мен ғылыми тұжырымдамаларын ортаға салды.

Семинар соңында қатысушылар аттылы кiсi көрiнбейтiн жүгерi алқаптарын аралап, собықтарын саралап көрдi. Көрген адамның көзi тоятын жүгерi алқабының осылай жайқалуы ғылымның жетiстiгi екендiгi айдан анық. Ғылым мен шаруалардың тәжiрибесiн ұштастыра бiлген кезде ғана өнiмнiң мол болатынына осындағылардың бәрiнiң көзi жеттi.

Басқосуда ғалымдар мен шаруалар «ауданымыздағы егiстiк жерлердi тұзданудан қалай құтқарамыз?» деген басты сауалға да жауап iздедi. Кеңестiк кезеңде 20 мың гектар алқапқа жүгерi егiп, одан 50 мың тонна дән өткiзген топырағы құнарлы аудан рекордтық көрсеткiштерге де қол жеткiзген болатын.

Алайда, өтпелi кезеңде жүгерi қабылдау орындарының (цех, зауыт) iстен шығуы, гидротехникалық құрылымдардың (дрендердiң) тозығы жетiп жарамсыздануы, жерасты суының көтерiлiп, жердiң тұздануы ауыл шаруашылығы саласының дамуына керi әсерiн тигiздi.

Шәуiлдiр суландыру алқабындағы 12 мың гектар суармалы жердiң жер асты суы деңгейiн төмендетiп, тұзды суды сыртқа шығаруды қамтамасыз ететiн, ұзындығы 368 шақырымды құрайтын коллекторлы дренаж жүйесi 1976 жылы пайдалануға берiлген. Бұл жүйе Арыс өзенiнен бастау алатын Д.Алтынбеков каналының бойында 10 мың гектар суармалы жердегi тұзданған суларды жинақтап, ұзындығы 55 шақырымды құрайтын Шәуiлдiр бас коллекторы арқылы

«Тамдыөзек» сайына, одан әрi Сырдария өзенiне құятын етiп жобаланған. Екiншi сала Көкмардан каналының бойындағы 2 мың гектар суармалы жердiң жерасты суын төмендететiн дрендер жүйесi ұзындығы 5 шақырымды құрайтын Көкмардан коллекторы арқылы Арыс өзенiне тасталатын етiп жасалған.

Алайда, соңғы 30-40 жыл көлемiнде жөндеу жұмыстары жүргiзiлмей, жүйе толықтай iстен шыққан. Осының салдарынан егiстiктiң өнiмдiлiгiне керi әсерiн тигiзiп, алқаптағы 5000 гектар суармалы жер тұзданудың салдарынан айналымнан шығып, егiс егуге жарамсыз күйге түскен.

Осыған орай облыс әкiмi Бейбіт Атамқұловтың назарына iлiккен бұл мәселе қолдау тауып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгiне хат жолданды. Қазiргi уақытта Исламдық және Еуропалық даму банктерiнен қаржыландыру бағытында тиiстi жұмыстар жүргiзiлуде. Сонымен қатар, биыл 12 каналды ағымдағы және 1 каналды күрделi жөндеуге облыстық бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлiнiп, жұмыстар атқарылуда.

Семинар қорытындысында шаруалардың анық көз жеткiзгенi ол - ауыл шаруашылығы саласында ғылыми жетiстiктер өте қажет. Ғылыми жаңалықтар зертханаларда қалып қоймай, iс жүзiнде жүзеге асып жатса, мұнан ғалымдардың да, шаруалардың да ұтары мол болмақ.

222 рет қаралды

Пікір жазу