27Қыркүйек2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ОҚО ӘКІМІ МАҢЫЗДЫ ТАПСЫРМАЛАР ЖҮКТЕДІ

Бейсенбі, 15 Қыркүйек 2016 16:59

 

Бүгін ОҚО  басшысы Б.Атамқұловтың төрағалығымен кеңейтілген аппараттық мәжіліс өтті. Аудан, қала әкімдерімен селекторлық режимде өткен жиында 6 мәселе қаралды.

Жиында Үкіметтің 2016 жылғы 9 қыркүйектегі кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы тарапынан берілген бірқатар тапсырмалардың орындалуы  бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды.

Қазақстанда алдағы бес жылда айналымға кем дегенде 600 мың гектар суармалы жер қосылады. Су қорының талап етілетін көлемі төтенше жөндеу және жаңа су қоймаларын салу есебінен құрылады. Осы ретте аймақ басшысы егістікті ағын сумен толық қамтамасыз ету үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып су қоймаларын салудың жоспарын әзірлеуді тапсырды.

 

 

─ Егістік алқаптарды суландыру мәселесін шешуде су қоймаларын салудың маңызы айрықша. Бүгінде үлкен су қоймасы Бәйдібек пен Отырар ауданында салынып жатыр. Биыл оның құрылысы аяқталуы тиіс. Облыстық басқарма барлық аудандарда осындай мүмкіндіктерді зерттеп, жоспар әзірлеуі тиіс, ─  деді Бейбіт Бәкірұлы.

Оңтүстік Қазақстан облысының басшысы мәжілісте «Елбасы өзінің берген тапсырмасында өңірлерге инвестиция тарту бағытындағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өткен болатын. Яғни біз облысқа ішкі және сыртқы инвесторларды көптеп тартуымыз қажет. Бұл өз кезінде аймақтың экономикасының дамуына оң әсерін беріп, халықтың жұмыспен қамтылуына септігін тигізеді»,-деп атап өтті.

Сонымен қатар, жиында облыстағы индустриалды аймақтардың жайы қаралды. Онда әкім инфрақұрылым жүргізілмеген аудандардағы аймақтарға баса назар аударып, тиісті жұмыстарды жүргізуді сала басшыларына тапсырды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облысымыздағы индустриалды аймақтарда жалпы 160 жоба жүзеге асырылуда. Оның қәзіргі таңда 52-сі іске қосылған. Ал қалған 108 жоба алдағы екі жыл ішінде іске аспақ. Осылайша, екі жыл ішінде, ашылған 108 жоба шеңберінде облысымызда 8079 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 151,8 млрд. теңге инвестиция экономика айналымына тартылады деп күтілуде.

Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысына арналған селекторлық мәжілісте облыс әкімі аудандар мен қалаларда кәсіпкерлік пен кооперацияларды жаппай дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Осыған орай, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында Оңтүстік Қазақстан облысында

«Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы қолға алынып отыр.

 

«Мемлекет басшысы Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесе елді мекендерде кооперативтер желісін ұлғайтуды тапсырып отыр. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты жергілікті ауылшаруашылық өнімдерімен қамтып, қайта өңдеу кәсіпорындарының желісін ұлғайтпақ. Бұл жұмыстарды Мақтарал, Қазығұрт, Ордабасы, Төлеби, Сарыағаш аудандарында белсенді атқаруды тапсырамын», - деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, көрші облыстарда сүт өнімдеріне деген сұраныстың жоғары екенін айтқан облыс әкімі аталған өңірлермен әріптестік байланыс орнатуды жүктеді.   

Мәжілісті қорытындылаған Б.Атамқұлов алға қойған міндеттердің барлығы тұрғындарды жұмыспен қамту екендігін қадап айтты. 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

269 рет қаралды

Пікір жазу