11Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ 150 ТОННА ЖҮЗІМІ ЭКСПОРТТАЛДЫ

Сенбі, 17 Қыркүйек 2016 16:41

 

Қазығұрт жүзімі шетелге экспортталуда. Бүгінге дейін бұл жемістің 150 тоннасы сонда жөнелтілді. Күзгі жиын-терімді рекордтық көрсеткішпен жүргізуде «Амангелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері көш бастап отыр. Ауданда 2266 гектар алқапқа бау-бақша өнімдері егілген десек, соның 500 гектары осы серіктестікке тиесілі. Оңтүстік облысты Елбасы айтқандай, жеміс-жидек фабрикасына айналдыруда орны орасан.

Әу бастан бақша өнімдерін өсірумен ерекшеленген Қазығұртта кәсіпкерліктің осы түрі қарқынды жүргізіліп келеді. Аудан көлеміндегі 500 гектар жерді игеріп отырған «Амангелді» ЖШС-індегі жұмыс қарқынды. Қазір науқандық жемістер жиналуда. Бүгінге дейін жүзімнің 150 тоннасы мен басқа жемістердің 100 тоннасын шетелге экспорттап үлгерді.

Төлеген Телғараев, Қазығұрт ауданының әкімі: «Осы жиналған өнімдер тек өзіміздің ауданның немесе Шымкент қаласының базарларында ғана емес, шетелге де экспортталуда. Ауданда жиналған көкөністерді сақтау мәселесі де оң шешімін тапқан. Біз осындай кәсіпкерліктің арқасында жергілікті 3800 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Демек, біз аудан көлемінде жұмыссыздық деңгейін де түбегейлі шешіп келеміз».
Жиналған өнімді сақтау үшін былтыр сыйымдылығы 2 тонналық қойма салынған болатын. Мұнда қазір 1 тонна өнім бар. Қойма ішінде температураны бірқалыпты ұстап тұратын 4 камералы тоңазытқыш бар.

Нұрлан Құралов, «Амангелді» ЖШС-нің төрағасы «Біз қазір 500 гектар жерді игеріп отырған болсақ, болашақта 1000 гектарға дейін жеткіземіз деп отырмыз. Аудан көлеміндегі бос жатқан жерлерді игеруге басқа да дихандарды шақырамын. Өйткені, қазір, бұл ісатен пайда да көп, мүмкіндік те мол. Қазір біздің тәлімбақтарымыз бар. Ол жерде біз арнайы көшеттер дайындап жатырмыз. Сабылып шетелден іздемей-ақ, бізден алуға да мүмкіндік бар».

Осылайша, қазығұрттық дихандар маңдай тердің арқасында мол өнімге қол жеткізіп отыр. Шетелдіктердің қызығушылығын арттырған бақша өнімдерінің көлемі де жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылғы өнім көлемі 3500 тоннадай болса, биыл 4 мың тоннадан асты. Қазығұрттың бақша өнімдеріне  сұраныс жоғары.  Тізімді әзірге Ресей бастап тұр.

304 рет қаралды

Пікір жазу