"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫНА СҰРАНЫС АРТУДА

Дүйсенбі, 27 Маусым 2016 17:36

 

Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мәселесіне мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр. Осыған орай облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім мамандарын әзірлеу бойынша жыл сайынғы мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру шеңберінде 2016-2019 жылдары аса жоғары сұранысқа ие болады деген мамандықтарға мониторинг жүргізді. Еңбек нарығына жүргізілген талдау нәтижесі тіпті экономикалық дағдарыс жағдайында да аймақтың кәсіпорындары мен ұйымдарында бос жұмыс орындарының сақталып отырғанын көрсетті.

2016-2019 жылдары қызмет көрсету, құрылыс, өндіріс және ремонт, ауыл шаруашылығы, геология, транспорт пен энергетика салаларында білікті жұмысшы кадрларына деген сұраныс арта түседі деп болжануда. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің үлесіне тиетін шаштараз қызметі, тұрмыстық электр құралдарын жөндеу және т.б. халыққа қызмет көрсету саласында да мамандарға зәрулік тууы әбден мүмкін. Десе де, 2016-2019 жылдары тұрмыстық техникаларды жөндейтін шебер, шаштараз, кондитер, тігінші, тас қалаушы, сылақшы, бетоншы, дәнекерлеуші, тракторист, малшы, ветеринар, ұста, жүргізуші, электрик, электромонтер, слесарь, слесарь-сантехник, техник-бағдарламашы және т.б. мамандықтарға деген сұраныс артпаса, кемімейтін сыңайлы. Осы орайда Елбасының «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыру аясында облыстық білім басқармасы ниет білдірген ынталы жастарды алғашқы жұмысшы мамандығымен қамтамасыз ету міндетін мойнына алып отыр. Қазіргі күні кәсіптік бағдар беру жұмыстары шеңберінде облыстың кәсіптік және техникалық білім беретін оқу мекемелері қала мен аудандардағы мектеп бітіруші жастармен жүйелі кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жүргізуде. Аталған кәсіптік бағдарлау жұмыстары облыстық білім басқармасы, облыстық кәсіпкерлер палатасы, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы арасындағы 2015-2017 жылдарға арналған ведомствоаралық жоспарына сәйкес жүргізіліп, төмендегідей кешенді шаралар іске асырылуда:

Мектептердің барлығы колледждер туралы, еңбек нарығындағы жағдай, экономикадағы сұранысқа зор білікті кадрлар және облыстағы кәсіпорындар туралы ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілген. Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесіне қарасты білім беру мекемелеріндегі кәсіптік бағдарлау бойынша үйлестірушілер мен мектеп психологтары үшін кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырудың қазіргі формаларын зерттеу мақсатында семинарлар өткізілді. Мектептің 9-11 сынып оқушылары үшін кәсіпалды дайындық курстары мен кәсіби диагностика, топтық кәсіби бағдарлау сабақтары, тренингтер мен қандай мамандыққа бейімі барын анықтайтын жеке кеңестер беретін «Путеводитель» бағдарламасы да жүзеге асырылуда.

Тіпті www.ctipo.kz сайтындағы «Абитуриент» қосымшасынан мектеп оқушылары онлайн режимінде кәсіби диагностикалық тестен өтіп, қандай мамандыққа икемі барын анықтай алады. Тест нәтижесі бойынша оқушы өзіне қажетті мамандық пен колледжді таңдап, содан соң колледж базасындағы кәсіпалды дайындық курсына жазыла алады. Тіпті өзінің кәсіби қызығушылығына байланысты 2 немесе 3 курсты таңдауына да болады. Курс бағдарламасы оқушыларға өзі таңдаған мамандықтың қыр-сырын білуіне, сол саламен жақын танысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар абитуриенттерге кәсіби сынақтар тапсыруына да мүмкіндік беріледі.

Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі 60 оқу мекемесінде 15 профиль бойынша 230-дан астам курстар өткізіліп, жалпы білім беретін мектептердегі 14 792 оқушыны қамтыды.

Облыстық білім басқармасы кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп аймақтың аудандары мен қалаларындағы жалпы білім беретін мектептерде 58 кәсіптік бағдар беру кабинетін ашты. Сонымен қатар, өңірдің техникалық-кәсіптік білім беру мекемелері кәсіптік жұмыстарға арналған бес жастар акциясын, алты көрме, жеті спорттық жарыс пен 8 КТК, 14 конкурс, 35 шеберлік сыныбы мен оқу мекемелері мен өндірістік кәсіпорындарға 80 экскурсия, 21 кәсіби шеберлік конкурсын, 126 ашық есік күні мен 214 кездесу өткізілді.

Сондай-ақ, колледждің әлеуметтік серіктестері ата-аналар жиналысы, кәсіптік бағдар беру кездесулері, ашық есік күндері, акциялар мен кәсіпорындарға саяхаттар секілді шараларға да тартылып отырады.

2016-2017 оқу жылында облыс бойынша 17645 оқушы кәсіптік бағдарлау жұмысымен қамтылса, оның 11 796-сы 9-сынып оқушылары, ал 5849-ы 11-сынып оқушысы.

Мектеп жастарын қазіргі заманауи техникалық мамандықтарға тарту мақсатында «Студент көктемі-2016» облыстық байқауы, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Өз мамандығымды сүйемін» атты акция ұйымдастырылды. Өткізілген шаралардың мақсаты – Мемлекет басшысының 2015 жылдың 30 қарашасындағы ««Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауын жемісті жүзеге асыруға қажетті жұмысшы және әлеуметтік маңызы бар мамандықтарды насихаттау.

Колледждердегі шараларда абитуриенттер мен мектеп оқушылары үшін білім және мәдениет, энергетика, телекоммуникация және ақпараттық технология, көлік және геология, ауыл шаруашылығы және құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, геодезия және картография, медицина секілді мамандықтарды таныстырып, тұсаукесер өткізілді.

Жастар арасында жұмысшы мамандығын насихаттау, студенттердің кәсіби дайындығын анықтау, жұмысшы мамандығының беделін арттыру аясында үстіміздегі жылдың 16-17-наурызында облыстық білім басқармасы облыс әкімшілігімен және облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Өскемендегі «Промтехмонтаж» ЖШС базасында кәсіптік-техникалық оқу орындарының арасында «Кірпіш қалау», «Электромонтаж жұмыстары», «Дәнекерлеу технологиясы», «Аспаздық кәсіп» секілді жұмысшы мамандықтары бойынша «WorldSkills Shygys-2016» аймақтық кәсіби шеберлік чемпионатын өткізді. Жеңімпаздар енді облыс намысын республикалық чемпионатта қорғайтын болады.

Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының жоспарына сәйкес, 2015-2016 оқу жылында кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріндегі студенттер арасында «Автомеханик мамандығы бойынша үздік», «Механизатор мамандығы бойынша үздік» секілді облыстық кәсіби шеберлік конкурстары да болып өтті.

Ал 2016-2017 оқу жылы кәсіптік бағдарлау жұмысына жаңа өзгерістер енгізіліп, бірнеше кезеңнен тұратын «Мамандық таңдаймын» атты кәсіптік бағдарлау күндері тұрақты өткізілетін болады.

270 рет қаралды

Пікір жазу