"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

«ЛАДАНЫҢ» БАРЛЫҚ ҮЛГІСІ ӨСКЕМЕНДЕ

Сейсенбі, 28 Маусым 2016 17:41

 

«АЗИЯ АВТО» ұсынатын көліктер қатары Lada Granta, Lada Kalina және Lada 4x4 5d маркалы көліктермен толықты. Бұған дейін аталмыш үлгідегі көліктер «Бипек Авто» компаниялар тобы арқылы сатылып келгенімен, Өскеменде құрастырылмайтын. Биыл отандық өндіруші Lada желісінің барлық үлгілерін құрастыруды жолға қоймақ.

Жаңа модельдерді БАҚ өкілдеріне кәсіпорынның президенті Ерік Сағымбаев таныстырды. Өндіріс желісін толықтыру жұмыстарына ресейлік «Автоваз» компаниясының қызметкерлері де атсалысқан. Аталмыш кәсіпорында сапа жөніндегі вице-президент ретінде қызмет етіп жүрген жапондық білікті маман Сигэру Накамура да Өскемендегі зауыттың жоғары стандарттарға сай жұмыс істейтінін атап, мұндай өндіріс орнында Renault-Nissan топтамасының көліктерін де қорықпай шығара беруге болады деген баға беріпті. 

 

 


-Біз Өскеменде Lada желісінің барлық маркаларын құрастырмақпыз. Бұл кешенді жоспарды екі кезеңде жүзеге асырамыз. Бірінші кезеңде Lada Grantа, әмбебап Kalina және жол талғамайтын бес есікті «Нивалардың» өндірісін іске қостық. Екінші кезеңде Renault-Nissan топтамасына көңіл бөлмекпіз, - дейді Ерік Сағымбаев.
Бұған дейін «Азия Авто» аталмыш желінің тек Lada 4х4 және Urban модельдерін ғана шығарып келген. Жол талғамайтын бұл «Нивалардың» бірі ауылды аймаққа арналса, бірі қалалы жерлерге лайықталған болатын. Енді оларға Lada маркасының үш моделі қосылып отыр. Алдағы тамыз айында олардың қатарын Priora толықтырады. Ал қыркүйекке қарай Vesta және XRAY кроссоверін, әмбебап Largus көлігін өндіру жолға қойылады.

Ерік Сағымбаевтың айтуынша, бүгін өндірісі іске қосылған үш модель де Қазақстан нарығында сұранысқа ие көліктердің ондығына енеді. Соңғы бес жылдың өзінде қазақстандықтар 200 мың дана Lada көлігін зауыттан сатып алған екен. Халықтың сатып алу қабілеті де ресейлік брендтің ел нарығындағы көшбасшы орыннан сырғымауына септігін тигізуде.

Зауыт басшылығы бағасы қолжетімді Lada желісінің көліктерін көптеп өндіру арқылы соңғы уақытта құлдырап кеткен өндіріс көлемін қалпына келтірмек. Ол үшін Granta, Kalina және бес есікті «Нива» көліктерін жеңілдетілген несиемен сатпақ. Е.Сағымбаев мұндай несиенің жылдық мөлшерлемесі банктердің үстемесін қосқан күннің өзінде жеті пайыздан аспайтынын айтады. Ал бағасы Ресеймен қарайлас болмақ. Өскемендік «Ладаларға» берілетін кепілдік мерзімі Ресейдегіден бір жылға артық. Осы артықшылықты «Азия Авто» Әзірбайжан, Қырғыз, Тәжікстан, Монғолия елдерінің нарығында пайдаланбақшы.

Зауыт ұжымының алдына келер жылы өндіріс қарқынын үш есеге арттыру міндеті қойылып отыр. Осы қарқынмен жұмыс жалғаса берсе, компания 2018 жылға қарай жылына 50 дана көлік шығаратын болады. Осының арқасында жұмысшылардың саны 1200-ге дейін жетеді деп күтілуде.

Ал жаңадан құрастырыла бастаған Lada Granta моделінен жылына үш мың дана, Lada Kalina моделінен бес мың дана және Lada 4x4 5d моделінен 1,5-2 мың дана шығару жоспарланған.

Өскемендік көлік өндіруші компанияның осындай белсенділігінің арқасында елімізде сатылатын әрбір төртінші көлік «Қазақстанда жасалған» деген белгімен сатылуда.

140 рет қаралды

Пікір жазу