13Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ЖАСТАРДЫ СПОРТҚА ШАҚЫРУДЫҢ ЖОЛДАРЫ БАР ...

Бейсенбі, 07 Шілде 2016 18:00

 

Шығыс Қазақстан облысындағы барлық спорт нысандары жастарға 50 пайыздық жеңілдікпен берілетін болды. Бұл облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен жастар орталығының, «Жас Отан» жастар қанатының арасында жасалған меморандум нәтижесінде іске асырылады.

– Спорттық нысандар жастарға қолжетімді болуы үшін меморандум жасадық. Осы құжаттың арқасында облыстық жастар орталығы мен «Жас Отан» жастар қанатының, сондай-ақ, өзге де белсенді жастар ұйымдары мен қозғалыстарының мүшелері аймақтағы спорт нысандарына 50 пайыздық жеңілдікпен бара алады. Ал олардың ішінен тұрақты қатынасып, жақсы нәтижеге қол жеткізгендеріне тегін қызмет көрсетіледі, – деп атап өтті облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикенов.

Басқарма басшысының айтуынша, жеңілдік өңіріміздің барлық аудан-қалаларындағы нысандарға қатысты. Мәселен, Өскеменде ол – денешынықтыру-сауықтыру кешені, орталық суда жүзу бассейні, О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі, Б.Александров атындағы спорт сарайы, хоккей модульдері және басқалары.

Облыстық жастар орталығының директоры Арайлым Есімбекованың пікірінше, бүгінде аймақ жастарының 90 пайызы спортпен шұғылдануға ниетті. Алайда, олардың көпшілігі қаржылық жағдайы көтермегендіктен, жаттығу залдарына бара алмайды. Сондықтан бұл жеңілдік спортқа ынталы ұл-қыздардың салауатты өмірді қалыптастыруына жақсы мүмкіндік туғызады.

– Бұл бастаманың бұқаралық спортты дамытуда пайдасы өте зор. Сол секілді алдағы уақытта ауылдағы мектептердің спорт залдарына жергілікті жастардың барып, жаттығуы үшін аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімдері мен аудандық жастар орталығы арасында үшжақты меморандум жасау туралы ұсыныс бар, – дейді Арайлым Есімбекова.

198 рет қаралды

Пікір жазу