14Желтоқсан2017

"Жебе" ақпараттық cайты

"Нұр Отан" партиясының жобалары

ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ БАҒЫТЫНАН АЙНЫҒАН ЖОҚ

Дүйсенбі, 18 Шілде 2016 18:03

 

Облыстық мәслихаттың кезекті бесінші сессиясында аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ депутаттар алдында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөнінде есеп берді. Мұнымен қоса, жиын барысында 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жоспарының, Зырян ауданында 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалу барысы қаралып, жергілікті полицияның жұмыс нәтижелері бағамдалды.

Сессияда облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өңір экономикасын дамыту бағытында осы жылдың өткен кезеңінде атқарылған істер жайында баяндама жасады. Осы ретте атап өтерлік жайт, аймақтар әкімдерінің мәслихаттар алдындағы жыл сайынғы есеп берулері атқарылған жұмысқа талдау жасау және алдағы жоспарларды анықтау үшін аса маңызды.

Аймақ басшысы ағымдағы жылдың өткен кезеңінде облыс экономикасы тұрақты даму бағытында қалғанын айрықша атап өтті. Бес ай ішінде аймақ кәсіпорындары өнім өндіруді 105 пайызға (544 миллиард теңге) ұлғайтқан. Аталмыш өсім мыс кенін 10 есе, қорғасын концентраттарын 5 есе, мырыш кенін 105 пайызға арттыру есебінен болып отыр. Бірақ машина құрылысы саласында алға басу байқалмады, «Азия Авто» кәсіпорны өнім шығаруды 97 пайызға төмендетті.

– Осы жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан 34 жобаның құны 5,5 миллиард теңгені құрайтын 7-еуі іске қосылып, 435 тұрақты жұмыс орны ашылады. Ерекше бақылауда тұрған екі ірі жоба 2018 жылы толық пайдалануға енгізіледі, – деді аймақ басшысы.

Оның бірі – жылына 25 мың тонна катодты мыс шығаратын Ақтоғай комбинаты. Ол өткен жылы іске кіріскен. Осы жылдың соңына дейін алғашқы 15 мың тонна мыс өндіріледі деп күтілуде. Екінші жоба – толық циклді автозауыт. Инвестор 55 миллион доллар қаржы салды, зауыттың 60 пайызы аяқталды. Мемлекет қаржысына (6 миллиард теңге) инфрақұрылым салынуда.

Маңыздылығы жағынан екінші орында тұрған өңірдің экономикалық саласы – ауыл шаруашылығы.

– Ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің жалпы көлемі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 114 пайызға артып отыр. Сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту жобалары қарқынды жүзеге асырылуда. Жоба бойынша 37 тауарлы-сүт фермасын және 36 сүт қабылдау пунктін салу қарастырылған-ды. Қазіргі күнде 2 ферма салынып, 12-сі қайта құрылды, жыл аяғына дейін тағы 5 ферма салынып, 14-і қайта құрылады. 28 сүт қабылдау бекеті құрылды, олардың 17-сі істеп тұр, – деді бұл ретте аймақ басшысы.

Құс етін және жұмыртқа өндіруді арттыру және оны экспортқа шығару мақсатында Үржар және Ұлан аудандарында құс фабрикаларын салу қарастырылған. Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде облысымызда шетелдік инвесторларды салаға тартуды көздейтін екінші «Агро Инвест» форумы өткізіледі.
– Мен балық шаруашылығындағы жағдай туралы бірнеше рет айтқан едім. Қазір бес ауданда кооперативтер құрылды, енді олардың несие алуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, облыстың балық өсіру әлеуеті де зор. «Ост Фиш» компаниясы Ұлан ауданында 4 тонна уылдырық, 45 тонна алабұға өндіретін кешен салып жатыр. Нысанды іске қосу жыл аяғына жоспарланған, – деді облыс әкімі.

Облыста «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру ерекше бақылауға алынған. Облыстың автожолдарын күтіп ұстауға және жөндеуге жыл сайын 5 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалады. Биыл орташа жөндеу ұзындығы 228 шақырым болатын 16 телімде жүргізілуде. Алакөл, Сібе көлдеріне апаратын, Өскемен – Самар, Өскемен – Бобровка, Бородулиха – Шемонайха бағытындағы, Серебрянка қаласына кіреберіс жолдар жөнделіп жатыр. Жұмыстар алдағы тамызда аяқталмақ.

– Қытайша жазылған «дағдарыс» сөзі екі иероглифтен тұрады: бірі «қауіп» дегенді, екіншісі «қолайлы мүмкіндік» дегенді білдіреді. Демек, біздің міндетіміз – мүмкіндіктерді пайдаланып қалу. Осы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 6,5 миллиард теңге бөлінген. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен жұмыссыздар қатарынан 4886 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ тұрғындарды әлеуметтік қолдау жайында.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасы атап көрсеткен басты бағыттардың бірі – білім беру сапасын арттыру. Осы жылы облыста 7 мектеп пайдалануға беріледі. Өңір бойынша апаттық мектептер мәселесі екі жылдан соң толық алынып тасталады. Жыл соңына дейін 3 мың орындық 35 балабақша ашылады, оның ішінде 19-ы – жекеменшік.

Жаңа оқу жылында Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 100 орындық «Ақниет» мектеп-интернаты жұмысын бастайды.

Денсаулық сақтау саласының көрсеткіштері науқастардың және әлеуметтік маңызды аурулардан болатын өлім санының тұрақты түрде төмендеуімен сипатталады. «Денсаулық» бағдарламасы бойынша жедел жәрдем және санитарлық авиация қызметі нығайып келеді, Үржар ауданында травматология бөлімі ашылды. Жүрекке ота жасайтын гематологиялық орталық жұмысы бастады. Кадрлар біліктілігін арттыруға көңіл бөлінуде.

– Биыл біз еліміз үшін елеулі мереке – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлағалы отырмыз. Бұл – халқымыздың сан ғасырлық арманы болатын. Елбасының арқасында Қазақстан әлем мойындаған, заңды рәсімделген тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болды. Қазір біздің бәрімізден Ұлт жоспарын орындауда топтасу талап етіледі. Бұл міндетті орындай алатынымызға сенемін, – деп түйіндеді есебін облыс әкімі.

Әкім есебін жиналған депутаттар бірауыздан жоғары бағалап, алда тұрған ауқымды міндеттерді орындауда аймақ басшысына күш-жігер мен табыс тіледі.

Жастарды жұмыспен және баспанамен қамтуға күш салынады
Бұдан соң облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Сембинов «Қазақстан 2020: болашаққа жол» атты мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын іске асыру жөнінде баяндама жасады.

Басқарма басшысының айтуынша, облыста 14 пен 29 жас аралығындағы 316 034 адам тұрады, бұл – өңір халқының 23 пайызы. 8 жоғары және 74 орта арнаулы оқу орнында 63 мың студент білім алуда, 91 жас «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерде оқып жүр. «Серпін» бағдарламасы аясында оңтүстік облыстардан келген 1793 студент өңіріміздегі білім ошақтарында оқып жатыр.

Баяндамашы өз сөзінде облыс мектептерін бітірген түлектердің Ресей жоғары оқу орындарына түсетінін және оқуларын аяқтаған соң, сол елде тұрақтап қалып қалатындарын айтып, аталмыш мәселеге жіті көңіл бөліп отырғандарын жеткізді. Ол жастар көбінесе металлургия, ядролық физика, инженерия, информатика сынды салаларды таңдайды екен. Қазір көршілес елдің университеттерінде 1100-дей шығысқазақстандық жас білім алуда.

– Егер ол жастар Оксфорд, Кембридж, Гарвард сынды Батыстың әлем мойындаған білім ордаларында оқып жүрсе, ештеңе демес едім. Олар халықаралық стандартқа сай сапалы білім береді. Ал Барнаулда не бар? Біздің университеттер ресейлік жоғары оқу орындарынан артық болмаса, еш кем емес. Ресейде жұмыс табу қиын. Бізде мүмкіндік көп. Мысалы, металлургия саласы бойынша Ақтоғай комбинатынан, ядролық физика бойынша Курчатовтан жұмыс табылады, – деген аймақ басшысы 1-қазанға дейін осы үрдісті тиянақты зерделеп, тиісті шешімдер әзірлеуді тапсырды.

Облыстағы экономикалық белсенді жастар – 160 мың адам, жұмыссыз жастар саны – 7 мыңдай. Осы жылдың алғашқы тоқсанында жастардың жұмыссыздық деңгейі 0,6 пайызға төмендепті. Биыл «Дипломмен – ауылға», «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары шеңберінде 2 мыңға жуық жасты жұмыспен қамту жоспарлануда.

Облыста 6056 жас баспана кезегінде тұр, бұл – жалпы кезекте тұрғандардың 25 пайызы. Осы жылы 5 көппәтерлі (543 пәтер) үйді жас отбасыларға беру көзделіп отыр. Бірақ әрине, бұл мәселені толық шешпейді. 

 

 

Депутат Нұрлан Омаров жастар саясатын іске асыру бағытында облыста атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, алдағы уақытта жастар арасындағы діни радикализмді жою жолында жүйелі шараларды қолға алу қажеттігін айтты. Ақтөбедегі болған қайғылы оқиға қайталанбас үшін жастармен жұмысты үдету, әрбір ұжым-мекемелерде, кәсіпорындарда жастар ісі жөніндегі комитеттер құру керектігін алға тартты. Депутат ұсынысы мәслихат шешіміне енгізілді.

«Көлеңкелі» кәсіппен күресті күшейткен жөн

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының Зырян ауданында орындалу барысы жөнінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Бұқатов баяндады.

Зырян ауданының жергілікті атқарушы органдарымен 84 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Былтыр және 2016 жылдың 5 айында 82 163 қызмет көрсетілген. Оның 70 мыңға жуығы мемлекеттік органдар, тоғыз мыңнан астамы халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілген. «Электронды үкімет» порталы арқылы үш жарым мыңнан аса қызмет көрсетілсе, заңға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартудың 20 жағдайы тіркелген.
Көлеңкелі экономиканың негізгі жағдайлары және көзқарастары ең алдымен бюджетке түсетін табыстарды құру және бөлу мәселелерін қозғайтыны белгілі. Соған орай, Асхат Бұқатов Зырян ауданында туризм саласы экономика үшін ең тиімді және қосымша салықтар қоры екендігін атады. Ресми мәліметтер бойынша, Бұқтырма су қоймасы жағалауында 99 туристік база қызмет жасайды. Алайда, аудандық бюджетке әлі де 30 миллион теңге салық түспей келеді. Осы ретте ауданның алдында туризм саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлерді «көлеңкелі» кәсіптен шығару бойынша үлкен міндет тұр. Бұдан өзге тіркеу және жұмысшылардың жалақысынан салықтар түсімі жөніндегі мәселе де реттеуді талап етеді. Ресми деректерге жүгінсек, осы туристік базаларда ең төменгі жалақы алатын немесе олармен еңбек шарттары жасалмаған 400-ге тарта жалданбалы жұмысшы еңбек етеді. Олар 70 мың теңге сомасынан бастап жалақыларын «конвертпен» алып келеді. Мұның бәрі алдағы уақытта ретке келтіруді қажет ететін шаруалар.

Қазіргі уақытта облыс аумағындағы криминогендік жағдай тұрақты. Ағымдағы жылдың 6 айында тіркелген қылмыстар – 1%-ға, ауыр қылмыстар – 19%-ға, аса ауыр қылмыстар – 11%-ға, кісі өлтіру – 13%, зорлау – 23%, қарақшылық – 14%, бұзақылық – 26% және тонау – 16%-ға төмендеген. Бұл жөнінде сессия барысында облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Дулат Қазақпаевтың баяндамасында айтылды.

Өткен мерзімде Өскемен, Семей, Зырян, Риддер, Шемонайха қалаларында, Глубокое, Бородулиха және Жарма аудандарында мас күйінде жасалған қылмыстардың өскені байқалған. Статистикаға сәйкес облыста мас күйінде жасалған қылмыстар саны 32%-ға артқан.

Қазіргі кезде облыста қоғамдық тәртіпті қорғауға 585 қоғамдық құрылым қатысып жатса, олардың құрамында 3190 адам бар. Олардың қатысуымен 66 қылмыс ашылып, 1112 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылықтың алдын алу үшін облыста полицияның 212 мектеп инспекторы жұмыс істейді, жедел жағдайларды есепке ала отырып олар 260 мектепке және 18 колледжге бекітілген.

Облыстық мәслихат депутаттары баяндамашыға өз кезегінде жыл сайын облыстың ішкі істер саласына лайықты қаржы қарастырылатынын, материалдық-техникалық базалары жақсартылатынын айтып, соған қарамастан жол полициясының қызметкерлері көлік жүргізушілерін жиі тоқтататынын, радарларды жасырын жерлерге қойып қоятынын, көбінде жоспарды орындау үшін «артық» кетіп жататындарын айтып, алдағы уақытта осы жағын да назарға алуды ескертті.

Нақты іске кірісетін уақыт жетті

Сессия барысында облыста діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі 2016 жылға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыруда атқарушы органдар қабылдап отырған шаралар жайы қаралды. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Манарбек Мұхамеджанов жарты жылда атқарған жұмыстарды баяндады.

Теологиялық оқу орындарына түсуге ниет білдірген оқушыларға қазақстандықтар ұстанатын дәстүрлі ханафи мазхабынан бөлек білім алудың қауіптілігі түсіндірілген. Оларға еліміздегі «Нұр Мүбәрәк» университеті мен 9 медресе жайында ақпараттар берілген. Нәтижесінде 12 адамның 11-і өздерінің ниеттерінен бас тартқан.

Бұдан бөлек Глубокое, Шемонайха, Зырян аудандарының, Өскемен, Семей қалаларының тұрғындары арасында христиандық дәстүрлі емес діни ағымдардың ерекшеліктерін түсіндіру бойынша шаралар өткен. 136 кездесу тоғыз жарым мыңға тарта адамды қамтыған. Діни уәжбен балалар екпесінен бас тартқан ата-аналармен оның жағымсыз салдарлары жайында жекелеген түсіндіру жұмыстары жасалған. Былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда бас тарту фактілері 48 пайызға азайған.

Түзеу мекемелерінде оңалту жұмыстарын жүргізуге 4 теолог, бір психолог, 4 тарихшы бекітіліп, жыл басынан бері өткен 216 шараға 9182 сотталушы қамтылған. Соңғы екі жылда 133 радикалды діндар дәстүрлі ислам нормаларына бейімделген.

Баяндамашының айтқандарын мұқият тыңдаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ атқарылған шаруалардың бәрі де науқаншылықтан, ұраншылдықтан, жиындар өткізу мен үндеулер таратудан аспай, мәселенің мәнісіне терең талдау жасалмай отырғандығын, имамдар білімінің таяздығын, ең бастысы, дәстүрлі емес бағытты (салафизмді) ұстанушылар саны азаймай отырғандығын, керісінше жастар солардың ықпалына түсіп бара жатқанын айтып, облыстық дін басқармасының жұмысын сынға алды.

– Кеше Ақтөбе қаласында орын алған жағдай барлық қалада да орын алуы мүмкін. Сондықтан салафизммен күресте Ақтөбе мәселесі бәрімізге ортақ. Жүргізілген насихат шаралары нақты, мақсатты, тиімді болуы керек. Құр ұрандап, жиындар өткізе бермей, нақты жұмыс істеңіздер. Теологтар адасқан жастармен, әрбір адаммен бетпе-бет отырып жеке жұмыс жасағаны керек. Олардың жағдайын жасап, баспана мәселесін шешу қажет. Имамдардың біліктілігін арттырып, нақты қоғаммен жұмыс істеген дұрыс, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.

234 рет қаралды

Пікір жазу